Тұмар қыздың төрі
Халықтың жады – көмбе. Осы көмбеден «сары майдан қыл суырғандай» сыр суыртпақтата алсақ, ол – рухани азық. Маңғыстауда көмбе көкірек, құйма құлақ қазына-қарттардан бүгінге жеткен көп әңгіменің бірі Томирис ханшайымға қатысты.
Тарихта Томирис ханшайым қазақ арасында, әсіресе маңғыстаулықтар үшін кәдімгі – Тұмар қыз. Кәріқұлақтардың Каспий теңізінің шығыс бетін мекендеген массагеттердің айтулы патшайымын «Тұмар» деп еркелете атауына, іштартуына және арада қанша ғасыр өтсе де патшайымға деген құрметтің, махаббаттың өзгермейтіндігіне қайран қаласың. Томирис тақырыбы талай шығарманың өзегі болды – драма жанрында сахнаның сәніне айналса, поэзияда ірілі-ұсақты өлеңдер болып өрілді, әдемі әңгіменің желісі, келісті шығарманың өрісі, мазмұнды мақаланың мағызы болды. Олай болуы заңды да, себебі бір елді табысты басқарған, затым әйел екен деп төменшіктеп-жасқанбай, пасық пиғылдағы басқыншымен тайсалмай тең сөйлесіп, елі мен жері үшін қандай қиын істерге де белін бекем буып, жауын батырларша жер жастандырған арудың ерлігі қалай мақтануға да лайықты, қандай құрметке де осал емес, керісінше қалам мен қағаз бетіндегі дәріптеулерден соң, соны шараларға сұранып тұр. Томирис туралы өлеңінде Сабыр Адай: Біздің Тұмар – Мойындағы намыс-ты, Ұлы жорық таныс-ты. Ата жауға біздің елде орын жоқ, Кир патша, олда келіп қан ішті. Біздің Тұмар – Көк Түріктің тұмары, Биігінде тұр әлі. Біздің Тұмар – бар ерліктің анасы, Хақтан намыс, елден жеңіс сұрады. ...Біздің ару Маңғыстаудың түлегі, Ұлықтайды балапанын қыр елі. Томирисім – Менің асыл Тұмарым, Саған тосын, маған мәлім сыр еді, дейді. Белгілі жазушы Әнес Сарай Томирис тақырыбында берідегі көп әңгімені былай қойып, «тарих атасы» – Томирис туралы деректің «түп нұсқа» қолжазбасының авторы атанған гректің ғұламасы Геродот жазбаларын оқуға кеңес береді. Дерек біреу – өмірден өткен күйеуінің орнына ел билігін қолына алған әйел патшаға парсы патшасы Кирдің сөз салуы. Кирдің негізгі ойы, түпкі мақсаты өзі, өзіне деген шексіз махаббат сезімі емес, көзінің құрты, көкейінің арманы болған массагеттердің байтақ жері, байлық-дәулеті екендігін сұңғыла парасатпен аңғара алған патшайым оған келісім бермейді. Расында, көңілінің түкпіріндегі ойы басқа болған және оны патшайымның сезіп қалып, сөзін аяқасты етуі Кирдің ашуына тиіп, жауласуға көшеді. Екі араға хабар тасыр жүйткіген елші-жаушылар арқылы мұның да мән-жайы шешіліп, жоспары айқындалады. Яғни қайсар қыз өзеннің арғы бетінде не бергі бетінде соғысудың Кирге тиімдісін таңдауды ұсынады. Кеңесшілерінің алуан пікірлеріне құлақ қойып, әрі-бері ойланған Кир бергі бетке өтуді қолай көріп, өзінің соғыс жоспарын, алдау-арбаудың амал-әдіс, айла-шарғыларын ойластыра бастайды. Және дәл сол жолы дегені келіп, ойлағаны болып Томиристің ұлы бастаған дұшпандарын жер жастандырып, алғашқы жеңістің дәмін татады. Көңілі желдей есіп, ертеңге деген алып-ұшқан сеніммен қан майданға құлшына кіріседі. Бұл жоспар, яғни Спаргапистің алданып қолға түсіп, қапияда қаза табуы Кирді қанаттандырса, керісінше Томиристі қатайта түседі. Біріншіден, елі мен жеріне қызыққан дұшпанның ашкөздігі, екіншіден өзін әйел басшы деп басынуы, үшіншіден соғыста ер-азаматқа тән ерлікпен емес, алдау-арбаумен массагеттік әскердің үштен бір бөлігін өлтіруі және сол арзан да арсыз жеңіске менменсіп, дандайсуы, намыстың шоғы өзегіне түсіп, аузынан жалын ата «аһ» ұра аласұрып, өкініштің уы бойына тараған ұлы Спаргапистің мәжбүрлікпен өлім құшуы Томиристің шынайы ашуын тудырды, қанқұмар Кирден кек алып, өз қанына өзін қандыруға ар-намысының биігінен серт берді. Солай болды да. Кеше ғана желіктірген жеңіс буы Кир үшін өткінші болып шықты. Қиян-кескі майдан даласында екі жақтан да ажал құшқан әскердің есебі жоқ, соғыстың әр әдісіне салып – біресе садақтан керіле тартқан жебелер желдей ессе, бірде найзалар сарт-сұрт соқтығысып, соңында қолма-қол ұстасып, қанжарларын оңды-солды сілтей өршеленген жауынгерлер бір-біріне беріспей соңғы күш сарқылып, соңғы дем қалғанша тіреседі. Қан судай аққан шайқаста Кир қаза тауып, әскері ойсырай жеңіліп, тізе бүгеді. Ұмар-жұмар құлап, үйіндіге айналған көп өліктің ішінен Кирдің денесін таптырып, басын кесіп алдына әкелдірген Томирис уәдесінде тұрады – қан толы меске Кирдің басын салып, «қанқұмар Кир! Өз қаныңды тойып іш!» дейді. Бұл жеңіске мастану немесе ақымақ әйелдің астамшылығы емес, бұл – ерлік, көкейін дүние құрты тесіп, тойымсыздықпен талай жазықсыз жандардың қырылуына себепші болған патшаны жазалау, әрі қан майданда емес, улы шарап беру әдісімен қолға түскен ұлдың кегі, әрі қисапсыз дүние мен байлықты, шексіз билік пен мансапты аңсағандарға сабақ және соңғы сәтке дейін сабырға шақырғанымен, оған тоқтай білмеген тоғышарға берген серт-уәдесін орындау, әйел де болса айтқан сөзінде тұру! Бұл – үй арасындағы дау-дамайдан туындаған жай ғана әйелдік долылық пен көкбеттік емес, ел мен жер тағдыры талқыға түскен сәттегі нағыз патшайымға жарасатын мінез, батырға тән мәрттік, патшайым түгілі кез келген патшаның бойынан табыла бермейтін табандылық, қайсарлық. Сақ тайпасының жаужүрек жауынгер тарауы массагеттердің, олардың батыр патшайымы Томиристің ерлігі туралы деректі қазақтың көнекөздері ойдан шығарып, елеспен есілте айтпағаны анық. Халықтың жадына бұл тарих кімнен, қалай келсе де – тарихтың өлмейтіндігінің, ерліктің ескірмейтіндігінің, шежіренің шертусіз және ақтың арашаланбай қалмайтындығының дәлелі. Ә.Сарай жазбаларында айтылғандай, Геродоттың б.д.д 530 жылы болған қанды қырғынды, әсіресе әйел патшаның ерлігін бір ғасыр кейін қаламына іліктіруінің себебі де тарихи өміршеңдіктің, арада қанша уақыт өтсе де түптің түбінде ақиқаттың жеңіп шығатындығының көрінісі болса керек. Қос патшаның қырғынына куә болып арада жатқан Аракстың Әмударияның Узбой тармағы, сол кезеңдегі массагеттердің мекені бүгінгі Маңғыстау, Үстірт үсті екені анық. Өзінен бұрынғы жазба деректерге үңілген «Тарих атасының» назарын аударып, қызығушылығын тудырған, оқыған жанды әсерге бөлемей қалдыра алмайтын Томирис ерлігі – ұрпаққа нағыз отансүйгіштіктің, табандылықтың, қайсарлық пен намысшылдықтың үлгісі. Ұлттық ерекшелікті сақтап, ар-намысын ешкімге таптатпайтын ұрпақ тәрбиелеу үшін тәлімді мінез мектебі. Тұмар патшайымның ерлігіне тәнті болып, есіміне риза болып қана қоймай, оны төл бастауымызда тұрған айтулы тұлғалардың бірі ретінде қарап, кең көлемде дәріптеп, насихаттайтын кезең келді. Сондықтан талай тарихқа куә болған кәрі Каспийдің жағасынан, әдемілігін асырамын деп алуан жоспарларды алдына қойған Ақтаудан ескерткіш орнату, өзге де тағылымды шаралар арқылы ұрпақ санасын жаңғырту жұмыстары қолға алынуы тиіс. Томирис кеудесін өзгеге таптатпай, өз биігін аласартпай, ар туын асқақтатып пешенесіне жазылған фәниді сүрді, тарихта – тек қазақ арасында емес, әлем тарихында өшпей мәңгіге аты қалды, басқа елдің әйел атаулысын айтпағанда, қазақтың ел үшін отқа да, суға түсіп, кеудесін оққа төсеген Бопай, Әлия, Мәншүк, Хиуаз сынды мыңдаған қайсар қыздарының маңдай тіреген шамшырағы болғанына дау жоқ. Демек, ол ескерткішке де, өзгеге де зәру емес, алайда аласапыран уақыт өтінде адаспау үшін, ұрпақты ұлтжанды етіп тәрбиелеу үшін ұлылардың ұлағатына қашанда біз зәруміз және кешегі теңіз деңгейінен төмен жатқан деген атауды терең деген теңеумен алмастырған, түбек деген түкпірлік сөзді дәліз деген өткізгіштік мағынамен ауыстырған, көмескіленген көне тарихын жаңғырта жарқырату жолындағы Маңғыстауда Тұмар ханшайымның есімі елдің есінде болғанмен, алуға тиіс бағасы, орны олқы соғып келе жатқан сынды. Ендеше төріңді тап, Тұмар қыз!
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы