Бірлік түбі – береке
Бірлік туын берік ұстаған халқымыз әркез ынтымақ пен келісімнің арқасында төрге озып, тұғырын биіктетіп, тұлпарын оздырған. Қазақ ұғымындағы ұлағатты сөз, киелі ұғым – бірлік. «Бірлік түбі – береке, төртеу түгел болса, төбедегі келеді, бірлігі кеткен ел жаман» дейтін халық аузындағы сөздер осының айқын айғағы болса керек. Санмен емес, сапамен, қарумен емес, батамен күн кешкен бұрынғылардың басын қосқаны, саражолдары мен өнегелі өсиеттерінің бізге сарқыт болып жетуінің де бірден-бір себебі, олардың ымыра бірлікте, ынтымақта күн кешкендігі.
Қазақ даласында маңдайы жерге тиген әулиенің, қылышы жауға тиген батырдың, аузы дуалы бидің, қора-қора мал ұстаған байдың, тіршілігінің қамын күйттеген қарапайым халықтың да байлығы – бірлік, ұраны – татулық, ұстанымы – келешек. Жандарында тыныштық, тәндерінде рақат болмаған арыстан жүректі алыптардың арқасында шекарамыз шегеленіп, туымыз көк аспанда еркін желбіреді.
Бірлік – мағынасы кең, қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымындағы маңызды этикалық ұғым. Отбасының беріктігі, екі достың ара қатынасы, ағайынның татулығы, көршілердің тыныс-тіршілігі, ауыл мен ауылдың араласуы, құда-жекжаттың алыс берісі де соңында ауызбіршілікке келіп тіреледі. Ошағынан оты, шаңырағынан берекесі кетпеген отбасыларға қарап, біз тағы да осыны аңғарамыз. Ата дініміз исламда да үш күннен артық бір-бірімізге ренжуге болмайтынын айтады. Бірлікті өздерінің тоғыз көзді тор сауытына айналдырған кешегі атабуын жайлы жазылған тарих парағының тағы бір бетін мына бір оқиғамен жабуға болады.
Бірде Төле би ауырып жатқанда Қазыбек би бастаған біраз билер көңілін сұрай келеді.Олар биден еліңізге қандай өсиет қалдырасыз деген сұрағына: «Жүзге бөлінгендердің жүзі қара. Руға бөлінгендердің құруға асыққаны. Атаға бөлінгендер адыра қалады. Көпті қорлаған көмусіз қалады. Хан азса, халқын сатады. Халық азса, хандыққа таласады» деп жауап берген екен.
Тебісе-тебісе тұяқ, сүзісе-сүзісе мүйіз сынған мына заманда әр мемлекет өз мүддесі үшін алаңдаулы. Қазіргі кезеңде ұлттың тұтастығын, шекараның беріктігін, елдің бірлігін ұстап тұру қиынның қиыны болып барады. Тәуелсіз Қазақстан баба аманатын аяқ асты етіп, бұрынғы жолынан тайқыған жоқ. Бір үзім нанына дейін бөлісіп жеп, өзгенің де баласын балам деп бауырына басқан, басындағы баспанасымен де бөліскен күндер әрбір отандасымыздың есінде. Ұйымдасқан ұтады демей ме халық даналығында. Аз да болсақ та ұлттардың ұйыған айрандай болып тұруының арқасында көптің көзі қызыққан қазақ топырағын өзгеге басқызбай отырмыз. Бағытымызға бағдаршам болып, соқпағымызға темірқазық болып, Қазақстан дейтін ел әлемге танылды. Қазыбек бидің «малдан малдың бір асым еті, жерден жердің бір-ақ уыс шөбі артық» дейтін сөзі осы кезде еріксіз ойға оралады. Анау-мынау деген қасаң қағидалардан арылып, бұл біздікі дей алатын болсақ, «Мәңгілік елдің» қақпасы бәрімізді ашық күйінде қарсы алады деген сөз.
Төле би бабамыздан жеткен мына бір мысал қазіргі уақытқа дейін құндылығын жоғалтпаған. Төле би жас кезінде талай жасы үлкен атақты абыз билердің алдынан өтіп, батасын жиі алады екен. Бір күні Төле бала жасы жүзге тақап отырған әкесінің ынтымақ, ел бірлігі жөнінде көпшілікке әңгіме айтып отырғанын көріп, жанына жақындайды. Төле «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ?» деп сұрайды қарт әкесінен. Сонда әкесі әуелі жауап айтпас бұрын Төле балаға бір бума солқылдақ шыбық алып келуді тапсырады. Бала дереу әкесі сұраған шыбықтарды жеткізеді. Сонда әкесі:
– Балам, мынаны сындырып көрші.
Төле буылған шыбықты олай-былай иіп сындыра алмайды.
– Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы?
Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп пырт-пырт етіп оп-оңай сындыра береді.
Әлібек би:
– Бұдан не түсіндің, балам? – дейді.
СондаТөле бала:
– Түсіндім, әке бұл мысалыңыздың мәнісі – ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой.
– Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауызбіршілікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың дегенде, ынтымаққа барамын» дегенінің мәнісі осы, – депті.
Қандай керемет өнегелі сөз. Осындай бәтуәлі сөзді қаперге алып, ел бірлігіне сызат түсірмеуіміз керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде «Осы сәтте ел тағдыры үшін ұйыса білген бүкіл халқыма шынайы ризашылығымды білдіремін! Бәріміз бұл оқиғадан сабақ алуымыз керек. Ең бастысы, береке-бірлікті, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Енді Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады. Бұл шынайы жаңару кезеңі болады. Егемен елімізді бірге өркендетейік! Халқымыз үшін Тәуелсіздік бәрінен қымбат. Жаңа Қазақстанды бірге құрайық» деп қазақ халқын жігерлендіріп, бірлікке шақырды. Бұл Ұлт көшбасшысының сөзі қазақстандықтарға қуат беріп, ортақ Отанымызды одан әрі көркейтіп, дамытуға серпін береді. Лайым ел іргесі бүтін болсын. Бірлігіміз бүтін болсын. Тәуелсіз еліміз аман болсын!
Жандос Жазкен