» » «Тик-ток» емес, «тәк-тәк» керек

«Тик-ток» емес, «тәк-тәк» керек

Ауылда өстік. Елде өскен баланың қалалықтармен салыстырғанда әжептәуір әдебі мен ибасы озық болатынын, қарапайым қасиеттері көп болатынын кейбіреулер мойындағысы келмейді. Алайда үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық жасау, ата-ана айтқанда үндемей сабырмен тыңдау, олардың сөзін бөлмеу, ұстазды ұлық тұту секілді тәрбиенің баспалдақтарын отбасында, мектеп қабырғасында үйрендік. Тіпті бір ауыл сөз ұқпас тентегін де, сойыл ала жүгіретін сойқан бұзығын да «ұят болады» деген бір ауыз сөзбен тәртіпке келтіретін. Небір мінезі түрпідей бозбалалар үлкендер аталы сөз айтқанда беттері қызарып, ұяттан өрт болып кететін. «Ұят – иманның қабы» дейді ғой. Сондай тәлім берген ауылдағы тәрбиенің қалыбы бөлек еді.

Мектеп қабырғасында жүргенде кейбір мұ­ғалімдер тәртіпке көнбеген баланы таяқ­пен сабасына түсіретін. Ал ата-ана­лар­ға балалары таяқ жеп, соққы тигенін айт­пай­тын. Егер байқамай біреуден сол бұ­зықтық жасаған баланың ата-анасы естіп қалса, өз баласын аямай ұрып, мұғалімнің сөзін сөйлейтін. Ал қазір балалар мұғалім қатты сөз айтса да, ашуланып жұдырық жұмсаса да дереу камераға түсіріп, жалпақ жұртқа жариялап жатады. Сол жерде тәр­тіп бұзған оқушы емес, тәлім-тәрбие беріп тұрған ұстазды кінәлаймыз. Осыдан енді әді­летсіздік орнайды. Оқушы жазасыз қалады. Мұғалімнің дәрменсіздігін сезген содыр бала өзінің жөнсіз әрекетіне тыйым көрмейді.

Атақты ойшыл Әбу Насыр әл Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген екен. Бұл сөздің растығын өмір тәжрибесі талай мәрте дәлелдеді. Осы орайда біздің ата-бабаларымыз тәрбиенің орны бөлек екенін жақсы білген. Өйткені ұрпаққа үлгілі тәрбие бере алу – қоғамның өзін, елдің тірегін қалыптастыру. Соның ішінде балаға өнегелі тәртіп пен құқықтық тәрбие бере білу – өлшеуі жоқ қазына.

Әрине, біз қашанда балаларға жан-жақты құқықтық тәрбие беруді жетілдіріп оты­ру басты парыз дейміз. Бірақ сол тәр­­бие беруде үнемі кеш қаламыз. Ата-ба­ба­мыз баланың тәрбиесі бесіктен деген. Бү­гінгі ұрпақтың, ең алдымен құрсақтан бе­рі­летін иманды әдет-ғұрып, өнегелі салт-дәстүр, ұлттық болмыспен келетін тәрбие көзінде жатқанын ескере бермейміз. Қазіргі жастарды білімсіз, ештеңе көрмеген деп айта алмайсыз. Ал бірақ олардың бойында ата-бабамыз қалыптаған ұлттық тәрбие өзе­гі бар ма? Әлеуметтік желіде желдей ес­кен жағымсыз әрекеттерді көзіміз шалып, қай­ран қаламыз. Қаршадай баланы зорлау, жап-жас қыздардың бірін-бірі шаштан сүй­реп, нәзіктігін жоғалтқаны, тепсе темір үзе­тін жігіттердің ұрлыққа түсіп, бір отбасын тү­гел қырып кететіні, өз тілін менсінбей, өзге тіл­­ді құдірет тұтатыны ненің салдары деп ойлайсыз?

Баяғыда бір патша өзінің қол астындағы елдің атақты данышпанына баласын тәр­бие­леуге беретінін айтыпты. Мұны естіген данышпан тәрбиеге берілетін бала неше жаста екенін сұраған ғой. Сонда патша бала­сының екі айға енді толғанын жеткізсе, әлгі данышпан «Балаңның тәрбиесін ойлағаның жөн екен, бірақ кеш қалыпсың» депті. Бұған түсінбеген патша «Не айтып тұрсың? Ана сүті әлі аузынан кеппеген, буыны қатпаған, бесіктен белі шықпаған балаға тәрбие бе­рудің кештігі қалай?» деп шамданыпты. Сонда данышпан қария «Баланы құрсақтан тәрбиелеу керек еді» деген екен. Көрдіңіз бе, нағыз тәрбие төркіні тереңде жатқанын осыдан да аңғаруға болар. Ұлтжанды адам мұндай мысалдардың астарында өмір­лік тә­жірибе мәні жатқанын түсінеді. Се­бебі «Не ексең, соны орасың» деп, бе­кер ай­тыл­­маған. Сәби кезінен ана сүтімен ке­летін тәр­биеден алыстап, тек құлаққап киіп, ком­­­­пьютер, интернетпен өскен жастардан ина­­­батты келін, жақсы күйеу, рухы мықты Отан қорғаушы шығады дегенге сену қиын. Оның үстіне осы ғаламтор әлеміне ен­ген қа­­­зіргі заманда жастар иірімге батып ба­ра жат­қан­дай көрінеді. «Ұяда не көрсең, ұш­қанда соны ілерсің» дейді халық даналығы. Бар­лық жерде бірыңғай ата-баба тәрбиесі керек.

Осы жерде Абайдың өлеңдері ойға ора­лады.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой – деп тебі­ренген ұлы философтың тәлімін кім тыңдап жатыр қазір? Оған ден қоятын қазақ бар ма? Қайдам?!
Кеше ғана сенатор Нұртөре Жүсіп сөзұғар жан болса, өрелі ой, өнегелі сөз айтты. Ашынып айтты, ашығын айтты. Ұлттық тәрбиеге жете мән берілмей жатқанын тілге тиек қылды. “Ашынғаннан шығады ащы дауысым” дегендей, сенатордың үнін бүкіл қоғам естіді деп ойлаймын. Әлеуметтік желі­дегі сайттар жігерлі сөзді іліп алып, өз парақшаларына ұрандатып салып жатты. Өте керемет айтты. Елді оятты. Әрине, жүрегінде жалыны мен намысы барды. Ал ұлттық санасын ұйқы басқанды қайдам?

– Біз ұлттық идеология мен тәрбиеде үлкен олқылық жіберіп алдық. Мұны ашық мойындау қажет. «Менің мемлекетім», «Ме­нің Қазақстаным» деген отансүйгіш сезімді терең орнықтыру орнына қалайда тез ақша табу, тез баю, тірліктің бәрін ақшамен өлшеу ұғымдарын алға шығардық. Бүгінгі жастар бабалардың «тәк-тәк» деген тыйымдарымен емес, TikTok арқылы тәрбиеленіп жатыр. Қо­ғамда жанашырлық, мейірім, қамқорлық, аяныш, обал мен сауапты білу, қанағат пен қайырым, ілтипат пен ізеттің орнына жаппай қатыгездік, аяусыз озбырлық, алдап арбау, өтірік-өсек, мақтаншақтық, жалпақтау ор­нықты, – дейді сенатор.

Депутат сондай-ақ өзінің сауалында қо­ғамды толғандыратын бірқатар мәсе­лелерді де айтты. Мұның ішінде телеарналардың негізгі бағдары да бар. Елдегі жетекші арна­лардың көпшілігі мемлекеттік тапсырыс есе­­бінен бюджеттен қаржыландырылады. “Оларға рейтинг не үшін керек?” деп сұрақ қой­ған депутат «Ел Арна» және «Тәлім ТВ» арналарын жасөспірімдер арнасына ай­налдыруды ұсынды. Мұндай контентті жасау қажеттілігінің маңыздылығын екі ай бұрын Ел Президенті атап өткен болатын. Сондай-ақ депутат білім беру, жастарды рухани тәр­биелеу, жасөспірімдер үшін цифр­лық жо­балар жасау және жұмыссыздық мә­­се­лелерін шешу салаларында бірқатар нақты мәселелерді көтерді.

– Үкімет басшы­сынан осы айтылғандарды және Сенат қа­был­да­ған Ұлттық құндылықтар туралы ұсы­ным­дар мен әлеуметтік желідегі пайдалы ұсы­ныстарды тезірек елекке салып, нақты іс-қимыл жос­парын жасауды сұраймын! Ешкім бізге жаңа мемлекет құрып бермейді! Бізге іргесі берік қоғам керек! Жаңарған Қазақ Елі керек! Осы­ны күн сайын есте ұстау керек, – деді ол.

Бұған біздің де алып-қосарымыз жоқ. Шынында біздің ұрпаққа TikTok емес, «тәк-тәк» керек болып отыр.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА


25 қаңтар 2022 ж. 958 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930