Димаш Құдайбергеннің анасы әлемге танымал әншіні қалай тәрбиелеуге болатынын айтты
Бүгінде әлем таныған Димаштан жастар үлгі алады. Перзентінің болашағын ойлайтын әрбір ана балам "Димаштай болса" деп армандайды десек, артық айтқандық болмас. Ендеше елін сүйген, елі сүйген Димаштай тәрбиелі, талантты азаматты тәрбиелеу үшін не істеу керек? Анасы Света Айтбаева азды-кем тәжірибесімен бөлісті.
Бұл туралы "Қарақатпен шай" бағдарламасына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Димаш қазақтың байырғы салт-дәстүрі бойынша ата-әжесінің бауырында өскен. Бүгінде сол кісілерді "ана, әке" деп атайды. Ал өнерге жетелеп, өмірде де жолын сілтеген әке-шешесін "апа, аға" дейді. Димаштың тәрбиесіне ата-әже, әке-ана институты да үлес қосқан. Бұл орайда Светлана Айтбаева баланың арманына қанат бітіріп отыру керек дегенді алға тартады.
"Димаштың бала кезінен арманы, кішкентай кезінде "мен әлемге танымал әртіс боламын, мен Майкл Джексон секілді әнші боламын" деп айтатын. Қазіргі таңда көптеген адамдар менен: "Бала осындай дәрежеге жету үшін не істеу керек?" деп сұрап жатады. Ештеңе істемеу керек. Баланың арманына сену керек. Ол "боламын" деді ме, "иә, боласың" деп қанат бітіру керек деп ойлаймын.
Димаш қатысамын деген байқауларына қатысты. Барам деген жердің бәріне мүмкіндік жасап отырдық", - дейді Света Айтбаева Қарақат Әбілдинаға берген сұхбатында.
Бағдарлама барысында жұлдызды жұп көрерменнен келген сұрақтарға да жауап берді. Қанат Айтбаев мектеп қабырғасында жүргенде Димаштың жиналысына көбінесе ата-әжесі, арасында анасы барып тұрғанын жасырмай айтты.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Майра Ілиясова Димаш туралы сайтымыздың тілшісіне сұхбат беріп, Қанат және Света Айтбаевтардың Ринат Зайытовтың Димашқа қатысты сөзін қалай қабылдағанын айтып берді.
Stan.kz