Танымал журналист Димаш Құдайбергеннің “Абайтану” ғылымына қосқан үлесін айтты
Димаш арқылы Қытай Абайды таныды. Дәл осылай деген белгілі журналист Нұртілеу Иманғалиұлы Димаштың анасы Светлана Айтбаевамен сұхбаттасып, мұның сырын білуге тырысты, деп жазады Stan.kz.
Анасының айтуынша, Димаштың сүйіп оқитын әдебиеттері, ақын-жазушылары бар. Тек ол туралы Димаш жаһанға жар салып айтқан емес.
Светлана Айтбаева: – Димаштың өзінің сүйіп оқитын әдебиеттері, ақын-жазушылары бар. Оны жар салмайды, бірақ онымен әңгімелескенде, кейде арнайы бір посттарын жариялаған кезде байқалады.
Нұртілеу Иманғалиұлы: – Димаш соңғы 50-60 жылда қазақ жасаған дүние жасады. Бірнеше рет Абайдың қытай тіліне аударылуы Димашпен тікелей байланысты екенін білемін. Бір институт жасаған жоқ еш жерде. Бір Димаш жасады. Абай туралы берген ақпаратына байланысты болды-ау деп ойлаймын.
Светлана Айтбаева: – Дұрыс, солай болды. Сұхбаттарында болмаса әңгімелескенінде Абайдан біраз мысалдар келтірген. Сол бір себеп болып, Қытайда аударма жұмыстары басталып кеткен. Абай деген кім? Неге мына Қазақстаннан келген бала Абайды аузына алып отыр? Ол кім, қандай ғұлама? – деп Абайтануға кірісіп кеткен екен. Әрине, бұған бәріміз қуандық.
Нұртілеу Иманғалиұлы: – Қуану аз болып тұр маған. Абайды әлемге таныстыру деген… “Абайтану” ғылымының келе жатқанына пәленбай уақыт болды. Бірақ кішкентай ғана біздің Димаштың өнері арқылы Абайдың Қытайдың тануы – бұл құбылыс. Бағалай аламыз ба, жоқ па?! Білмеймін. Менің түсінігімде солай.
Stan.kz