ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ: ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ 57 АПАТТЫ НЫСАННЫҢ ОРНЫНА 49 ЖАҢА ҒИМАРАТ САЛЫНДЫ
Қалған 8 нысанның құрылысы алдағы 2 жылда аяқталады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен аймақ активі және кәсіпкерлерінің кездесуінде Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев хабарлады.
"Денсаулық сақтау саласындағы негізгі басымдық апатты нысандар мәселесін шешу болып табылды. Соңғы 5 жылда 57 апатты нысанның 49-ы жаңадан салынып, жаңартылды. Қалған 8 нысанның құрылысын алдағы 2 жылда аяқтау жоспарланып отыр", - деп атап өтті облыс әкімі.
Сонымен қатар, 2025 жылға дейін Бірыңғай перспективалық жоспарға сәйкес облыста 90 денсаулық сақтау нысанын, оның ішінде Сырдарияның сол жағалауынан 600 орындық көпсалалы аурухана, 2 ауданаралық, 1 аудандық және 3 ауылдық аурухана, 48 амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік бекет және 3 емхана салу көзделуде. Бұл ретте 59 нысан мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бой көтереді.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бастаған үкіметтік делегация Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді. Делегация құрамында ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы, Инвестиция және даму, Ұлттық экономика, Ақпарат және коммуникациялар министрлері, сондай-ақ, орталық мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың және даму институттарының басшылары бар.
Сапар барысында Бақытжан Сағынтаев пен делегация мүшелері облыс активімен және кәсіпкерлермен, сондай-ақ әлеуметтік сала өкілдерімен кездесті.
ҚР Премьер-Министрі бастаған үкіметтік делегация түс ауа «Қараөзек» газ компрессорлық станциясы, Арал ауданындағы балық өңдеу зауыты мен «Аралтұз» АҚ жұмысын назарға алады. Теңіз төскейінде қоғам өкілдерімен кездесіп, Солтүстік Арал жобасын жүзеге асыру, суармалы жерлерді жақсарту, ҚР Президентінің 5 әлеуметтік бастамасы аясында шағын несиелендіру ісін жетілдіру мәселелері талқыланады. Сондай-ақ, Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағын дамыту барысымен танысады деп күтілуде.
https://kyzylorda-news.kz