» » Тәрбие – тал бесіктен

Тәрбие – тал бесіктен

Шал ақын бір өлеңінде:
Өлімнен құтылмассың қашсаңдағы,
Атадан арыстан туып ассаң дағы.
Алладан шыныменен жарлық келсе,
Жұлдыз да жерге түсер аспандағы, – деп жырлаған екен. Қазына кеуде қарияның «...жұлдыз да жерге түсер аспандағы» дегені, он сегіз мың ғаламның жаратушысынан әмір келсе болды, ақырзаман орнайды дегені еді. Ал қашаннан қанында тектілік тулап тұратын қазақ халқы дүниенің соңы барын білетін.

Қиямет қайым жақындағанда пайда болатын үлкен және кіші белгілері бар. Ол қасиетті Құран Кәрімде баяндалған. Солардың біреуі ақырзаман таяғанда пенде атаулыдан ұят кетеді. Бұл – «ұят – иманның жартысы» демекші, жұмырбасты пенделерден иман кетеді дегені. Ал тағы бір белгісі «адамзаттың жүрегінен мейірім кетеді» дейді. Қазір біз екі асыл қасиеттен жұрдай жандарды көріп жүрміз. Егер сіз бұ дүниедегі мақсатыңызды біліп, діни сауатыңызды ашуға уақыт тауып жүрген болсаңыз, біз жоғарыда айтып өткен ұят пен мейірімнің азайғанын айтпай танисыз. Адамнан ұят пен мейірім кеткенін – «қызыңды бөтен үйге қондырма, ұлыңды бөтен үйден тойдырма» деген дана халықтың заман талабына сай тым еркінсіп кеткенінен Нұртөре Жүсіп ағамыз айтқандай, үлкеннен «тәк-тәк» естудің орнына «тик-токпен» өсіп келе жатқан жастарымыздан және ең әуелгісі ұлттың ұрпағын көтерер ұясын, яғни кіндігін ашқан бойжеткендерден, бір шөпжелкенің құрығына түсіп, шырмауынан шыға алмай шырғалаңға түскен намыссыз ұлдан, ата-анасын қуаты тайғанда қарттар үйіне өткізіп жіберетін қайырсыз перзенттерден және бауыр еті баласын емешегі езілмей тіріжетім қылып тастап кете беретін тасбауыр әкеден білеміз.

Иә, расында «Жетімі мен жесірін жылатпаған» текті халықтың бүгінгі ұрпағы осындай. Заман дейміз, бірақ сол заманды өзгертетін де, жасайтын да адамның өзі емес пе? «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп, бар сый-құрметті үлкендерге көрсетіп, батасыз ас бастамаған халықтың бүгінгі көзқарасы, түсінігі неге өзгерді? Заман талабына сай деп қарттар үйін, балалар үйін аштық. Перзенттік парызын өтеудің орнына өмірден орнын тауып, үйленіп, балалы-шағалы болып, ес жиған соң сол күнге жеткізген ата-ананы керек етпеуді қайдан шығардық? Ондай тасжүрек бала, тасбауыр қыз қайдан шықты? Шынымен дүниенің ақырына жақындағанымыз ба?

Бір ғана мысал айтайықшы. Алматыда қарияны ағаш сияқты құралмен ұрған 47 жастағы ер адам ұсталыпты. «Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы бойынша соталды тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Тексеру шаралары барысында қарт адамды ұрып-соққан ер адам анықталып, ұсталды. Оның Алматы облысының 47 жастағы тұрғыны екені анықталды. Ұсталған азамат өзін ақтау үшін қарияның көлігіне зақым келтіргенін айтты» деген мәлімет берген екен Алматы қалалық Полиция департаменті.

Енді ресми мәлімет бойынша қылмыстық іс материалдары қосымша тергеу және шешім қабылдау үшін Қарасай аудандық полиция бөліміне, Алматы облысының полиция департаментіне жолданатын көрінеді. Оқиғаның қалай болғанына мән берсеңіз, аялдамада тұрған қарияны аяусыз ұрып жатқан ер адамның қатігездігінен түңілеріңіз анық. Көлігін тоқтатып қойып, «менің көлігіме нұқсан келтірді» деп ашуға бой алдырған азамат жан-жағындағы адамдардан да қымсынбайды. Біз тергеп-тексеру амалдары аяқталып, сот үкімі шықпайынша, дөп басып ештеңе айта алмаймыз. Бірақ қандай жағдай болса да жігіт ағасының қуаты қайтқан қарияға қол көтеруі, әсіресе қоғамдық орында жанжал шығаруы – үлкен әбестік. Күштінің әлсізге күш көрсетуі үлгі қыларлықтай немесе құптарлықтай іс емес. Егер зардап шеккен тұлға болса, шынымен төбелессіз, күш қолданусыз да шешуге болады. Еріксіз еңсеңді түсірген осы бір оқиға ғаламтор бетінде лезде таралып кетті. Аузынан дуалы сөз шығатын кешегі көнекөз қариялардың бүгінгі жалғасы мейірімнің ауылынан алыстап барады. Мұндай әрекетке баратын жандар отбасында әке мен шешенің орнын, үлкенге деген құрметті көрмей, білмей өскен болуы керек. Әйтпегенде аузынан шыққан әрбір сөзін құп алып, қадір тұтып, құрмет төрінен көрсететін қариясын соққыға жығар ма еді? «Бала нені көрсе жастан, ұядан, өле-өлгенше соны таныр қиядан» дейді. Ұлылыққа жетелейтін ұлы мінез де, адамгершіліктің ақ туын құлатпайтын алғаусыз пейіл де, қара қылды қақ жаратын әділ қалып та адам бойына бала кезінен, туып-өскен ортасынан, ата-анасынан, өсіп-өнген қара шаңырағынан дариды. Егер ата-ана мен бала өз рөлдерін білмесе, баланың көзінше әкені ана қор қылса, ер азаматтың басын қадірлемесе, ондай ұядан долы әйел мен ез еркек қана шығады. Қазақ «Әйеліңе балаң жоқ жерде ақыл айт, балаңа адам жоқ жерде ақыл айт» дейді. Тереңіне үңілсеңіз, астарында бүтіндей ұлтты тәрбиелей алатын тектілік тұнған сөз жатыр. Өйткені қазақ тектілігі тереңнен тамыр тартқан халық қой.

Қарияға қол көтерген жігіт ағасының әрекетіне көзіміз куә болғанда, ақжаулықты анасы мен ақсақалды әкесін қара шаңыраққа сыйғызбай, қарттар үйіне жөнелтетін бедірейген келін мен ежірейген ұлды көргенде, кешегі тектілік тұмарын тегімен бірге сақтаған халықтың бүгінгі мейірімсіз ұрпағын көргенде көкірек тұсың шымырлап қоя береді. Осындайда «...Жылан туса жыланнан, Құлан туса құланнан, Таңданатын түк те жоқ. Бірақ жылан қалай туды қыраннан?» деген өкінішке толы өлең жолдары да еске түседі. Бұл бәріміз білетін «Отырардың күйреуіндегі» Шағатайға Отырардың қақпасын ашып берген Қарашоқының әкесіне айтқан Қайырханның сөзі еді. Әрбір перзент ата-анам салып берген ұлы жолдан адаспаймын деп жүрсе, ұлылықтың шыңына жете алар еді. Алланың разылығы ата-анада екенін білер еді. Ұлы жол үйіңнен басталатынын көкірек көзімен ұғынар еді.

Нұр НАУАН
08 ақпан 2022 ж. 208 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930