» » БАРЛЫҚ САЛАҒА СЕРПІН БЕРЕДІ

БАРЛЫҚ САЛАҒА СЕРПІН БЕРЕДІ


Бейсенбіде Қызылордада ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары В.Божко, депутаттар А.Ералиев, Н.Жұмаділдаева, Б.Кесебаева және К.Абсатиров жұртшылықпен кездесті. Онда Елбасы Жолдаулары мен Бес әлеуметтік бастамасы талқыланып, аталған бағдарламалардың артықшылықтары түсіндірілді.
Алдымен облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны туралы хабарлама жасады.
Бес әлеуметтік бастама – ел ішінде қызу талқыға түсіп, орындалуынан үлкен үміт күттіріп отырған бағдарлама. Оның әр тармағының іске асуы ең алдымен әлеуметтік-экономикалық жағдайдың одан әрі оңалуына, білім, инфрақұрылым, тұрғын үй құрылысы, кәсіпкерлік салаларының тың серпіліспен дамуына оң әсер етпек.
Басқосуда бес әлеуметтік бастаманы жан-жақты талдаған Мәжіліс депутаттары оларды іске асыру тетіктері жайында жиналғандарды хабардар етті.  Депутат К.Абсатиров «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасын бастау үшін жол картасы әзірленгенін, жауапкершілік Ұлттық Банкке жүктелгенін айтты. Маусым айынан кешіктірілмей, регламентпен барлық құжаттар дайындалады. Үкімет бюджетті нақтылау кезінде осы бағдарламаға қаржы бөлуді көздеп отыр. Ипотекалық несие беру тамыз айынан басталмақ. Қазір екі тарапқа қойылатын талаптар талқылануда.
Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту тармағы туралы депутат Б.Кесебаева айтып берді. Бұл бастама 2019 жылдың басынан бастап жүзеге асырылады. Елбасы ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз, яғни 60125 теңге жалақы алатын азаматтардың табыс салығын азайтуды тапсырды. Бұл – еліміздегі жалдамалы жұмысшылардың кем дегенде үштен бірінің, яғни 2 млн-нан астам адамның айлығы жұмыс берушіге салмақ салмастан көбейеді деген сөз. Қазір тиісті заңдарға өзгерістер енгізу, табысы төмен азаматтарды қолдау шарасына жұмсалатын шығындар есептелуде.
Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту бастамасын да ұрпақ өсіріп отырған ата-аналар, үйлерінен жырақта білім алатын студенттер қуанышпен қабылдады. Депутат Н.Жұмаділдаева жаңадан қосылған 20 мың гранттың көбісі техникалық және ауыл шаруашылығы бағытындағы мамандықтарға бөлінетінін айтты. Талапкерлерді еңбек нарығында болашақта сұраныста болатын мамандықтарға қарай бағыттаудың маңызын атап өтті. Ал жатақхана құрылысы бойынша Білім және ғылым министрлігі қажеттілік картасын жасады. Көп ретте жатақханаларда орын болғанымен, онда тұруға жағдай жасалмауы студенттерді пәтер жалдауға итермелейді. Сондықтан балаларға арналып барлық тұрмыстық қажеттіліктері ескерілген, жайлы жабдықталған жатақханалар салынбақ.
Шағын несие беруді көбейту туралы тарата айтқан депутат А.Ералиев  жеңілдетілген несиенің тиімділігіне тоқталды. Елімізде шағын және орта бизнестің үлесі 27 процентті құрайды. Бір шағын несие орта есеппен 2-3 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Елбасы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды. Бұл шағын несие алатындардың санын еселеп арттырмақ. Әсіресе ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін бұл бастаманың маңызы зор.
Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастырудағы «Сарыарқа» бағдарламасының орны бөлек.
– Батыс Еуропа елдері 70-жылдардың өзінде көмірден бас тартып, газ пайдалануға көшті. Газдандыру көрсеткіші Голландияда 100 процентке жетіп қалса, Арменияда, Ресейде 60 проценттен асып кетті.  Қазір біздің еліміздегі тұрғындардың 50 процентке жуығы газбен қамтамасыз етілген.   9 облысқа газ тартылған, – деді В.Божко.
Мәжіліс төрағасының орынбасары «Қараөзек-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағытындағы магистральді газ құбырын салудың алғышарттары мен артықшылықтары туралы айтты.  Жоба 2,7 миллион адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, экология жақсарады. Газға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады. Бұл жобаны жүзеге асыру әрі қарай өзге өңірлерді де газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ел экономикасының әрі қарай дами түсуіне жол ашатын бастамаларды талқылаған депутаттар заңдарды жетілдіру мен оларға қысқа мерзімде өзгерістер енгізуде атқарылатын жұмыстардың ауқымы зор екенін айтты.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы».
01 сәуір 2018 ж. 870 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 763

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930