«7-20-25» – тиімді бағдарлама
Елбасымыз «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін жолдады. Онда ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев: «Бірден айтайын, бүгін айтылатын ұсыныстың бәрі – есеп-қисабы мұқият жасалған бағдарлама. Бұл – елдің игілігіне арналған ұтымды, сонымен қатар, оптимистік жоба. Мен өркендеген Қазақстан – ең алдымен мемлекеті өзін қорғап, қолдайтынын, қамқорлық жасайтынын сезінетін, тиісінше елін жан жүрегімен сүйетін, өздеріне сенімді адамдар деп санаймын. Сол себепті, біз бүгін жаңа, ауқымды әлеуметтік жобаларға жол ашамыз», – деп мемлекеттің әлеуметтік жаңғыру жолында жаңа, ауқымды қадам жасауға дайын екендігін айтты.
Оның ішінде халыққа қуаныш сыйлап, көптеген үй-жайсыз жүрген отбасылардың көңілін бір серпілтіп тастаған бес әлеуметтік бастаманың біріншісі – әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру. Осы орайда, Мемлекет басшысы «7-20-25» бағдарламасын ұсынды. Түсінгенімізше, бұл бағдарламаның негізі ипотекалық несиенің жылдық мөлшері 7 пайыздан, бастапқы жарна 20 пайызға дейін, ал мерзімі 25 жылға дейін болады екен. Қарап отырсақ, бұның елдің әлеуметтік жағдайын көтеруде өзіндік мүмкіндігі мол, тиімді тұстары көп екендігін байқаймыз. Елбасы ұсынған әлеуметтік жобалар жұмыс жасайтын әрбір қазақстандыққа ипотекалық несие алып, өз отбасылық бюджетіне қарай төлей алатындығына тетік бола алады. Ендеше, мемлекет ұсынған жеңілдіктер мен қолдауды тиімді пайдаланайық. Әрбір отбасы, әр азамат қамсыз әрі бақытты өмір сүруге лайықты.
Нұрсұлу ТОРАҚБАЕВА,
№203 орта мектеп директорының тәрбие
ісі жөніндегі орынбасары.
№203 орта мектеп директорының тәрбие
ісі жөніндегі орынбасары.
Пікір 2