МӘДЕНИЕТ САЛАСЫН ДАМЫТУ ОНЫ ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ

Ағымдағы жылдың 29 наурыз күні Жалағаш аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракция мүшелерімен бірге аудан бойынша мәдениет саласын дамыту және оны қолдау шаралары талқыланған болатын. Жалпы мәдениет саласының өрісі кең. «Мәдениет – елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады», деп бекер айтпаған. Мен осы сессия отырысында мәдениет саласын дамытуға қатысты бірқатар ұсыныстарымды жеткіздім. Мәселен аудан бойынша 16 мәдени ошақтар бар болса, оның ішінде 6 ауылдық клубта дыбыс күшейткіш аппараттардың жоқтың қасы, ал Далдабай және Жаңаталап ауылдарында мүлде жоқ. Осы аталған клубтардың материалдық-техникалық базасын кезең-кезеңімен нығайтуды ұсындым.
Реквизиттер. Яғни қойылымдарға немесе концерттік бағдарламаларға арналған ұлттық нақыштағы сахналық киімдер қоры жеткіліксіз екенін айтып өтіп, өз кезегімде тиісті жұмыстар жасауды ұсындым.
Өскелең ұрпақтың жалындап өсуіне дара жол ашу мақсатында әрбір елді-мекеннен әуез мектептерінің филиалдарын ашып, тиісті мамандармен қамтып, арнайы штат беріліп жұмыстар жасау ұсыныстарын жеткіздім.
Қазіргі таңда Мырзабай ахун және Аққыр ауылдарына ауылдық клуб құрылысын салу мәселесі бойынша тиісті жұмыстар жасалуда. Алдағы уақытта аталған ауылдарда жаңа клуб құрылысы басталатын болады.
Жалағаш ауданының әкімі Асылбек Шаменов депутаттар тарапынан түскен ұсыныстарды назарға алып, кезең-кезеңімен тиісті жұмыстар атқарылатындығын жеткізді.
Қайрат ДОСЫМОВ,
Жалағаш аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі,
аудандық мәслихат депутаты