Сыр салысы 600 гектарға қысқарған
Жалағашта көктемгі науқан жұмыстарының басталып кеткеніне біршама уақыт болды. Наурыз айында техникаларын сайлаған жергілікті шаруашылықтар бүгінде жерді сүдігерлеу жұмыстарын аяқтаудың алдында тұр. Биыл аграрлық өңірде 36 368 гектарға егiс орналастыру жоспарда бар. Оның ішінде Сырдың басты дақылы 19 200 гектарға себіледі. Мұнан бөлек 420 гектар бидай, 2 216 гектар мақсары, 100 гектар сүрлемдік жүгері, 4 446 гектар жаңа жоңышқа егіліп, 7 186 гектар ескі жоңышқа күтімге алынады. Бақша дақылдарына келсек, 500 гектар картоп, 1100 гектар көкөніс және 1200 гектар басқа да бақша өнімдерін егу межеленіп отыр.
Осыған дейінгі ауыл шаруашылығы саласы мамандары ауданға жасаған сапарында биыл аяқсу былтырғыдан да күрделене түсетінін айтқан еді. Мәселен, былтыр соңғы 32 жылда болмаған су тапшылығы орын алып, салдарынан салада өндірілетін өнім сапасы да айтарлықтай төмендеген болатын. Ал мамандар биыл ахуал мұнан да күрделі болатынын айтады. Жыл сайын аймақта, оның ішінде Жалағаш ауданында күріш көлемінің қысқарып жатқаны да сондықтан. Мәселен, былтырғыға қарағанда биыл Сыр салысы себілетін алқап 600 гектарға қысқарған. Есесіне суды аз қажет ететін дақылдарға кезек беріліп отыр.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі мамандары биыл егін орналастыру жұмыстарына 6 млрд 580 млн теңге қажет дейді. Ал жергілікті шаруашылықтардың қазіргі таңда қолда бар қаржысы 4 млрд 930,7 млн теңгені құрап отыр.
Бөлім басшысы Марат Қалниязов су тапшылығына байланысты ауылдық округтегі шаруашылық басшыларымен кездесулер ұйымдастырылғанын айтады. Кездесу барысында инженерлік тұрғыда әзірленген суармалы жерде дақылдарды кезектестіру схемасын қатаң сақтау қажет екені ескертілген. Шаруашылықтармен кездесу барысында егінді әртараптандыру бағытында жұмыстар ұйымдастыру да тапсырылған. Былтыр Бұқарбай батыр ауылындағы «Жансая» шаруа қожалығы жүгері дақылын егіп, 52 гектардан 7 200 центнер өнім алған болатын. Сол жылы жүгері дақылына сұраныс та жоғары болды. Биыл аудандағы «Жансая» ШҚ 300 гектарға, «Көктөбе» ШҚ 55 гектарға, «Ақшұқыр» ШҚ 50 гектарға, «МашШам» ШҚ 40 гектарға жүгері дақылын егуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар Мәдениет ауылдық округінде «Тайжан» шаруа қожалығы биыл 26 гектарға құмай дақылын орналастырған, бұл дақылдың өнімі жоғары болған жағдайда, егіс көлемін арттыру жоспарда бар екен.
Қазір нарықта картоп, көкөніс және басқа да бақша дақылдарының бағасы аспандап тұр. Шаруашылықтармен кездесу барысында жеке тұрғындарға картоп, көкөніс, бақша дақылдарын орналастыратын жер дайындап беру жөнінде ұсыныс та айтылған, шаруашылық басшылары келісімдерін беріп те отыр. Енді әрбір ауылдық округте егіс көлеміне қарай инженерлік жүйеге келтірілген немесе жайсың жерден 50-60 гектардан жеке тұрғындар тарапынан картоп, көкөніс, бақша дақылдарын орналастыру жоспарланып отыр.
Қазірдің өзінде 2 216 гектар мақсарының 425 гектары егілді. Дәл осы жылы 420 гектар жаздық бидай егу жоспарланып, меже артығымен орындалды. Қазіргі таңда жергілікті шаруашылықтар барлығы 509 гектар жаздық бидай орналастырып үлгерді. Ал 4 446 га жаңа жоңышқаның 4142 гектары орналастырылып, 7186 гектар ескі жоңышқа күтімге алынған.
Биыл аяқсу мәселесі оңайға соқпайтынын сөз басында айттық. Мұны мамандар Сырдарияға түскен су көлемімен байланыстырады. Бұл туралы аудандағы барлық шаруашылықтарға ескертіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді. Алайда шаруашылықтар үшін ауа райының қолайлы болуынан қар мен жаңбыр суының көлемі артып, бүгінгі күні “Шардара” су қоймасында 5 млрд 59 млн текше метр куб су жиналса, “Көксарай” су реттегішіне 658 млн текше метр куб су жиналған. Сырдария өзеніне бүгінгі күні 650 мың куб су жіберілуде. Сонымен қатар қазіргі таңда Қараөзек арнасы арқылы аудандағы көлдерді суландыру жұмыстары қарқын алған.
Күріш дақылын орналастыру мерзіміне дейін “Шардара” су қоймасымен “Көксарай” су реттегішіне жиналған судың көлемі артып, биыл аудан бойынша жоспарланған 36 368 гектар егіс көлемін толық орналастыруға мүмкіндік те жоқ емес.
Былтыр жалағаштықтар межеленген өнімге қол жеткізіп, қамбаны астыққа толтырды. Биыл мұнан да жоғары нәтиже күтеміз. Себебі бірнеше жыл қатарынан салада “Ең үздік аудан” номинациясын иеленген жалағаштық еңбеккерлерге мүмкіндік мол.
Салада бірқатар мәселелер де жоқ емес. Мәселен, осыған дейін жергілікті шаруашылықтар жанармай құнының қымбаттағанын, есесіне күріш бағасының бірнеше жылдан бері өспегенін көтерген болатын. Жалпы өнім өндіруге қажетті құрал-жабдық, техника, аяқ су, тыңайтқыштың да бағасында соңғы жылдары айтарлықтай өсім қалыптасқан. Осы мәселе де ескерілсе дейді жергілікті шаруашылықтар. Әзірге науқан жұмысы қарқынды.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ