» » Тылсым сырлар таусылмайды

Тылсым сырлар таусылмайды

Адамзат сан қиялға жетелейтін ақыл-ойы дамыған сайын ғаламның сырларына тереңдей түспек. Бұл тіршіліктің тылсымын толығымен танып-білу мүмкін емес. Қанша ғасыр, қанша дәуір өтсе де бізге таңсық дүниелер өз құпияларын одан әрі жасыра бермек. Әсіресе біз үшін аса қызығушылығымызды оятатын табиғаттың тылсымы таусылар емес.

Адам баласының кемелдігі жет­кен сайын табиғаттың сырлары да тереңдей береді. Бір қызығы, қа­зақ халқы табиғаттың өзгерісіне, түрлі жаратылыстарға қарап шаруа жайын, ертеңгі тіршілігін болжай білген. Тіпті жазғы тыныс-тіршілігін Үркер шоқжұлдызының қозғалысына негіз­делген тоғыс есебімен есептеген. Жер беті, жалпы тіршілік жаңарғанда біз де ақпарат көздерін ақтарып, ескі ізбен шолу жасап көрдік.

Тоғыс есебі – тұрмыс-тіршілігі шаруа жайымен, мал шаруашылығымен тығыз байланысты байырғы қазақ халқының Үркер қозғалысына негізделген күнтіз­бесі. Айдың Үркерді басып өтуі тоғыс деп аталады. Дәл тоғыс кезінде Үркер айдың арғы жағында, яғни тасада қалады да адамдарға көрінбейді. Ай жылжып өткен соң тоғыс аяқталып, Үркер көрінеді. Ай толған кезде ауа райы бұзылып, өзгеріс болады. Тоғыс үш күнге жалғасады. Бір тоғыстан екінші тоғысқа дейінгі мерзімді тоғыс айы деп атайды. Күнтізбесін Үркердің қозғалысына негізделген көшпелі ха­лық шаруашылығын, науқанды жұ­мыс­­­тарын да тоғыс есебіне сәйкес­тендірген. Үркерге қарап қыс пен жаз­дың басын анықтаған. Халық «Үркер ша­ңы­рақтан көрінсе, үш ай тоқсан қысың бар, ел жатқанша Үркер жам­басқа кел­се, жаз шықпағанда несі бар» деп тәм­сілдеген. Күз басында Үркер іңір­де күншығыстан, қыс басын­да іңірде тө­беден, көктем ба­сында іңірде күн ба­тыстан көрінеді. Ал жазда Үркер көрін­бейді.

Көктем, жаз айларында да орында­латын амалдар көп. Мәселен, сәуір айының 4-і мен 5-і күндері боран өтеді. Қыстың ең соңғы ызғары да осы күндерге сәйкес келеді. Содан қар күрт еріп, жер лайсаң болған ке­зең «Аласапыран» деп аталады. Сәуір­дің алғашқы он күнінде боран, яғни «Тас­бақа дауыл» болады. Қыстан оян­ған тасбақа әлсіз болады. Оның тас сауытының үстіндегі құмды түсі­руге осы боран көмектеседі екен. Та­би­ғаттың өзі осыдан-ақ жан-жануар­лардың төлдеуіне, өруіне және басқа да қажеттілігіне ыңғай беретінін көр­сетіп тұр. Сәуірдің ортасынан кейін найзағай ойнап, жаңбыр жауып, жер бусанады.

Бұл сәтті халық «Қызыр қамшысы» атаған. Сәуірдің 25-28-і аралығында қара суық қайталанып, ызғар сезіледі. Бұл алғашқы көк шыға бастаған күндер «Тобылғы жарған» аталған. Сондай-ақ мамыр айының алғашқы онкүндігінде ұя басқан құстардың балапанын шығара бастауымен тура келеді. Бұл екі күнде күн райы күрт суытады. Мамырдың ортасына қарай Үркер көрінбей кетеді. Халық бұл уақытты «Үркер батты, енді жер қызады» деп болжаған.

Мамырдың аяғына таман «Құралай­дың салқыны» өтеді. Бұл күндері ақбөкен лақтап, құралайын аяқ­тан­дырып, өргізеді. Ауа райы да сал­қындап, табиғат дүниеге жаңа кел­­ген құ­ралайды қатал табиғат жағ­дайы­на бейімдейді. Аң өрлеп бұлт­пен тасаланып төлдейді. Амал бір­неше күнге созылады. Киіктердің құра­лайы аяқ­танады. Амал аты осыған бай­ла­нысты қойылған.

Бұлбұл торғай амалы жаз басында болады. Яғни жаз торғайының келуіне бай­ла­нысты болуы мүмкін. Маусымның қосалқы атауы, жердің отаю кезеңін меңзеген. Күннің ең биік, түннің ең қысқа деңгейде болатын кезі – жазғы тоқырау, ол 22 маусымға сәйкес келеді. Ел бұл күнді күн ілінген кез деп те атайды. Маусымның алғашқы екі күні жауын-шашынды болса, айдың қалған бөлігі құрғақ, алғашқы аптасында күн құбылмалы болса, айдың екінші жартысы құрғақ боларын, күн батарда бұлт қара көкшілденіп қалыңдаса, түн­де найзағай ойнарын болжауға болады.

Ата-бабамыз құралайдың салқы­нын күтіп, одан да сақтанған. Мамыр­дың алғашқы күні ашық, жылы болса, айдың соңы салқын немесе керісінше боларын, ай бойы жылылық болса, жаз бойы күн бірқалыпты боларын, ай жаңбырлы болса, алдағы маусым ылғалсыз, қыркүйекте жаңбырдың сір­кірерін білген.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

19 сәуір 2022 ж. 639 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930