Оқушылар ораза ұстап жүр
Ораза – исламның бес парызының бірі. Мұсылман баласы орындауға тиіс парыздардың ішіндегі Рамазан айында Алла үшін жасалатын құлшылықты, ізгі амалдарды ата-бабаларымыз айналасына жар салмай-ақ хал-қадірінше өтеп еді. Өткен ғасырдың құдайсыз қоғамында да қолынан тәспісі түспеген үлкен кісілердің қасиетті айда ауыз бекітіп, құдайға құлшылық қылғанын көрген едік. Бірақ сол кісілер намаз оқығанын, ораза тұтқанын айналасына жарнамаламаушы еді. Мүмкін сауабы кеміп қалар деп қорыққан шығар. Әйтеуір жарықтық сол ата-әжелеріміз мұсылмандық парыздарын үнсіз өтеп, өмірден өтті.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері дініміздің шырағы қайта жанды. Бұрын ауыл-елдің ішінде жаназаның өзін жасырын шығаратын молдалар дінімізбен қайта қауышқан соң мешіт мұнарасынан таңғы ауаны жаңғыртып, азан айтатын болды. Жұрттың көбі намазға жығылды. Бір-бірін көріп, ораза ұстай бастады. Қалтасына қарай қажылық парызын да өтеуге ниет етті. Әлбетте, жүрегіміздегі иманды күшейту үшін қасиетті дінімізден жарық іздеген халықты көріп қуандық.
Бірақ соңғы жылдары осы ата дінімізді белгілі бір мүделлі топтар өздерінің арам пиғылын жүзеге асыру үшін пайдалана бастаған сыңайлы. Оған діннің атын жамылып, жастардың санасын улап келе жатқан жат ағымдардың жымысқы әрекеттері куә. Жас жеткіншектерді жұмақпен қызықтырып, тозақпен қорқытып, намазға жыққан. Тіпті әлі ақыл-есі толықпаған бүлдіршінді жайнамазға тұрғызып қойған көріністер де жүр әлеуметтік желілерде. Бес уақыт жайнамаздан түспей, Жаратушыға жалбарынып кешірім сұрайтындай періште пейілді бүлдіршіндер қандай күнә жасап қойғанын түсінбей далмыз.
Баланың көңілі – ақ парақтай таза. Ендеше оларды жайнамазға жықпай, білімнің жолын көрсетуіміз керек. Егер жүрегіне иман ұялатқымыз келсе, бабалардың жолымен-ақ әрекет жасауға болады ғой. Мәселен, шыққан тегін біліп жүруі үшін жеті атасын үйрет, олардың кім болғанын түсіндір, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың негізінде тәрбиеле. Арабтың ата-бабасын түгендеп беретін бала қазақтың бір батырын немесе би-шешенін білмейтін жағдайға жетті қазір. Оны айтасыз, өзінің жеті атасын айтып бере алмайды.
Ұлттық құндылықтарымызда сәлемдесу әдебі, дастархан әдебі, отбасының әдебі, көше әдебі, өмір сүретін ортаның әдебі тұр ғой қатталып. Одан бөлек халқымызбен бірге жасасып келе жатқан наным-сенім, ырым-тыйым да бүгінгі бала тәрбиесіне көмекші құрал. Әсіресе әдептіліктің басы сол тыйымдарымызда жатыр емес пе?! «Ұят болады, обал болады, сауап болады» деген ұғымдар қазақы санамызға сәуле түсіріп келе жатыр ғой.
Ендеше баланы неге еркінен тыс қинаймыз? Асыл дінімізде ештеңе де зорлықпен жасалмайтынын айтады. Құлшылық та сондай. Оның бер жағында мұсылман адам өтеуі тиіс парыздарда құлшылық етушінің жас ерекшеліктері ескерілген. Яғни балиғат жасқа толмайынша балаларға ешқандай парыз міндеттелмейді.
Жылда рамазан айы басталғалы әлеуметтік желі беті діни сөздерге, қасиетті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) және оның сахабалары туралы аңыздарға, дұға-тілектерге толып кетеді. Сонымен бірге көл-көсір дастархан үстінде ауызашарда отырған фотосуреттер мыңдап жүктеледі. Осы енді қазақтың қандай құлшылығы? Қандай амалы?
Бір аптадан бері әлеуметтік желіде ораза ұстаған оқушылар жайындағы жазбалар көбейді. Пікірлер сан алуан. Бірақ көбі оқушылардың ауыз бекіткеніне қарсы. Биыл жоғары сыныптарды айтпағанда, төменгі сынып оқушыларының арасында да ауыз бекіткендер көп екен. Мұғалімдердің айтуынша, олардың көбі сабақ үстінде ұйықтап қалса, көбі әлсіреп, басы айналып, құлап қалып жатқан көрінеді. Сосын сабақ айтуға да, тыңдауға да құлқы жоқ екенін жасырмайды. Бұл жөнінде арнайы мамандар да пікірлерін білдіріп жатыр.

Ал теолог мамандардың көбі мектеп оқушыларының ораза ұстауын құптамайды. Кеше белгілі өнертанушы Ерлан Төлеутай мектеп оқушыларының ораза ұстауына заңмен тыйым салу керектігі жөнінде мәселе көтерді және ол тақырып қызу талқыланып жатыр. Қалай десек те, оң-солын танымаған балалардың құлшылық үшін емес, қызығушылықпен ауыз бекіткені қоғамда пікір туғызуда. Оларға түсіндіретін ата-аналардың да көбі денсаулығын нығайту үшін немесе артық салмақтан арылу үшін ауыз бекіткендерін жасырмай айтады.
Соңғы жылдары осы рамазан айында жарамазан айтатын балалар көбейді. Жасыратыны жоқ, әдепкіде есігіңнің алдына келіп өлеңдетіп, әндетіп жақсы тілек айтып тұрған балаларды көріп қуанып едік. Бірақ қазір солардың өзіне тыйым керек болып тұрған сияқты. Қай күні әлеуметтік желіде бұл мәселе де көпшіліктің талқысына түсті. Қазіргі жарамазан айта келген балалар кәмпит, пешенейді алмайтын көрінеді. Тек ақша ұстатуың керек. Онда да тиын-тебенге алданбайды екен. Бұл да – біздің қателігіміз. Баба жолын жалғастырады деп сенген бүлдіршіндеріміз бүгіннен бастап құндылықтарымызды саудаға салып жүрсе, келешектен не күтеміз?
Қуат Ахетов