Елдіктің нышаны – мемлекеттік рәміздер
«...Көк тудың желбірегені,
Жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен ту,
Жан емес маған керегі,
Көк тудың желбірегені» деген өлең жолдары қазақтың көк байрағының киесін ұғындырып тұрғандай. Көкбайрақты десе, арқасы қозып, ұлттық намысы оянып, жүрегі туламайтын қазақ жоқ шығар. Өйткені тудың қасиетін дәл қазақтай түсінетін, сезінетін халық та жоқтың қасы. Қандай нәубет келсе де, қандай қилы заманды өткерсе де туын жықпаған ата-бабамыздың мәрттігі сол көк байрақтың киесін санамызға сіңіріп кетті.
Әрбір қазақтың кеудесінде «Көк туымыз мәңгілік желбіреп тұруы керек» деген серт қанымен бірге тулап жатыр. Әуелден тудың қасиетіне бас иген текті халық аспан түстес мемлекеттік рәмізімізді бейбітшілік пен азаттықтың белгісі деп біледі. Шапқыншылық замандардағы азаттық, ел мен жер үшін болған шайқастарды бір сәт еске алатын болсақ та тудың соншалықты маңыздылығын ұғынамыз.
Ту – әрбіріміз үшін серт, елдікті сақтап қалудың негізі. Тарихта орын алған елдік үшін болған шайқастардың түпкі мақсаты да байрақтың құламауын көздейді. Ұлан ғайыр Алтай мен Атырапты ата қоныс еткен қазақ баласы елдік жолына бағыттаған әр қадамын көк байрағымыздың мәңгілік желбіреп тұруы үшін басқан еді.
Тудың қаншалықты биіктігі жөнінде, ол үшін болған шайқастардың маңыздылығы хақында және көк ту біз үшін намыс пен қуаттың нышаны екені жайында айтылатын әңгіме де, тарихи оқиғалар да баршылық. Кешегі алаштың арлы азаматтары кең байтақ өлкеміздің әр өңірінен атойлап шығып, атқа қонды. Сонымен қатар әр дәуірдің тарихы бабалардың қандай ту ұстағанынан хабар береді.
Мәселен, тасқа қашалған Күлтегін жырында түркі жауынгерлерін бөріге теңеп, туына бөріні бейнелесе, бұл дәстүр беріге дейін сақталған. Тарихтың том-том қатпарларында Абылай ханның ақ туы болғаны, Бөгенбай батырдың ақ түсті ту ұстағаны хақында деректер бар. «Ақ туды Бөгенбайға әкеліп берді, Қараңдар қасиетті Бөген ерді» деп Бөгенбай батыр тарихи жырында да айтылады.
Қобыланды батыр жырында: «Құйысқанын қысқартып, Көк ала шұбар ту байлап» деп келсе, Алпамыс батыр жырында: «Шаң астына қараса, Айшықты ала ту көрді» деген жолдар бар. Бұл мысалдан тудың соғыс кезіндегі басты рөл атқарғанын ұғамыз. Өйткені шайқаста ту жауынгерлерге рух беріп, жеңіске деген күш-қайратын жаныған. Туға қарап, әскердің кім екенін аңғарған.
Орта ғасырларда соғыста тудың жығылуы бүкіл әскердің жеңілгенін ұқтырған. Ту ұстайтын батыр талай шайқастарда ерлігімен көзге түскен, соғыста әбден шыңдалған ержүрек батыр болуы керек. Ондай батырларға «тубегі, байрақдар» деп түрлі шен берген.
Шоқан Уәлиханов та Жәнібек, Баян, Жанатай және Абылай ханның ту ұстаушы батырларының бірі Байғозының ерліктерін жазып қалдырған. Ал берідегі Ұлы Отан соғысы кезінде алғаш рет Рейхстагқа жеңіс туын тіккен қазақ батыры Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігі тарихтан ойып тұрып орын алды. Бірақ осы жолда талай боздақтардан айырылдық, қанша бала жетім қалды, қанша әйел жесір атанды. Осы бір Рейхстагқа тігілген ту қантөгістің ақыры болды, сұрапыл соғыстың нүктесін қойды, яғни ту һәм серт.
Тудың сипатының да мән-маңызы тереңде. Тудың көк түсті болуы бұл қашаннан еркіндік үшін жаралған қазақтың кең пейілі іспетті. Шексіз көктің түсін иемденген көк туымыз да бейбіт күн мен азаттық біз үшін екенін дәлелдеп тұрғандай. Ал тудағы қыран – қазақтың өзі. Байтақ өлкесін емін-еркін зәу көктен шолып жүрген қазақтың алмастай өткір рухы. Дамуға деген асқақ арманы мен асыл мұраты. Ондағы күн бейнесі де түркі жұртының жаратылыспен етене жақындығын, терең философиясын аңғартады. Күн – тіршілік бастауы. Мұны ұғу үшін бір сәт бабалар танымына көз жүгіртсең жеткілікті.
Қашанда қырандай қырағылық қанында бар текті халық бұрыннан құлашын кеңге жайып, ұлан байтақ атырапта еркіндікте өмір сүргенді аңсады. Қазақ халқының осындай болмыс-бітімі еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі қабылданған Мемлекеттік рәміздерімізден көрініс тапты. Елтаңбамыздағы қанатты пырақ осының дәлелі болса керек. Елтаңбаның қақ ортасындағы шаңырақ – ең алдымен қазақтың қара шаңырағының қасиеттілігін, сондай-ақ жатты жатсынбай, өзгені өзекке теппейтін көңілі дархан, пейілі дария халықтың бауырмалдығын, соның арқасында көптеген ұлт пен ұлыстың сол қасиетті қара шаңырақ астында бір үйдің баласындай күн кешіп жатқанын білдіреді.
Елтаңбамыз ел тарихынан тереңінен тамыр тартып, ұлттық рухымызды асқақтатып, шаңырағымыздың беріктігін паш етіп, еліміздің қанатты тұлпардай ұшқырлығын айғақтап келеді. Талай елдің аспанында қалықтаған, әуелеген көк байрағымыз бен әнұранымыз Қазақстан атын көпке үлгі етіп, жұмыр жүрегімізге мақтаныш сезімін кернетті.
Жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен ту,
Жан емес маған керегі,
Көк тудың желбірегені» деген өлең жолдары қазақтың көк байрағының киесін ұғындырып тұрғандай. Көкбайрақты десе, арқасы қозып, ұлттық намысы оянып, жүрегі туламайтын қазақ жоқ шығар. Өйткені тудың қасиетін дәл қазақтай түсінетін, сезінетін халық та жоқтың қасы. Қандай нәубет келсе де, қандай қилы заманды өткерсе де туын жықпаған ата-бабамыздың мәрттігі сол көк байрақтың киесін санамызға сіңіріп кетті.
Елтаңбамыз ел тарихынан тереңінен тамыр тартып, ұлттық рухымызды асқақтатып, шаңырағымыздың беріктігін паш етіп, еліміздің қанатты тұлпардай ұшқырлығын айғақтап келеді. Талай елдің аспанында қалықтаған, әуелеген көк байрағымыз бен әнұранымыз Қазақстан атын көпке үлгі етіп, жұмыр жүрегімізге мақтаныш сезімін кернетті.
Тұраржан Әкімбай,
аудандық ішкі саясат
бөлімінің қызметкері
аудандық ішкі саясат
бөлімінің қызметкері