АЛДЫМЫЗДА ӘРБІР АЗАМАТТЫҢ ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛАТЫН МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУ МІНДЕТІ ТҰР
Конституциялық реформа жасау керек. Осыған орай менің тапсырмаммен арнаулы жұмыс тобы құрылды. Оған белгілі құқықтанушы ғалымдар, тәжірибелі сарапшылар және құзырлы органдардың өкілдері кірді. Жұмыс тобы Негізгі заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын әзірледі. Оны мұқият зерделеп, Конституциялық кеңеске жолдадық. Бұл орган өз қорытындысын ұсынды. Құжат жобасы Ата заң нормаларына сай келеді. Біз конституциялық реформаның шешуші кезеңіне қадам бастық. Енді Негізгі заңды өзгертуіміз керек. Шын мәнінде, мұның ел тағдыры үшін айрықша мәні бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Қазақстан халқына жасаған Үндеуінде осылай деді.
Иә, енді Ата заң баптарының үштен бірі өзгереді. Яғни Конституциямыз жаңа сипатқа ие болғалы тұр. Қасым-Жомарт Кемелұлының республикалық референдум өткізу туралы бастама көтеруі де сондықтан.
1995 жылы өткен референдумда қазіргі Ата заң қабылданған болатын. Ал кейінгі барлық конституциялық реформа Парламентте мақұлданған. Енді мемлекет болашағына қатысты үлкен шешімді халық болып жұмыла қабылдайтын уақыт жетті. Бүгінгі Үндеуден түйген ой да осы. Себебі «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасын жүзеге асыруда бұл айрықша маңызға ие.
Мемлекет басшысы бүгін қол қойған Жарлықта Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін 5 маусымда республикалық референдум өтетіні айтылған. Бұл референдум елдің жарқын болашағы үшін аса маңызға ие екені сөзсіз. Сондықтан баршамыз оған бей-жай қарамауымыз керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық реформаның барлық мемлекеттік модельді кешенді түрде өзгертуге бағытталғанын айтады. Бұл бірінші кезекте биліктің өкілді тармағын айтарлықтай күшейтеді. Аудандық, қалалық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың мажоритарлық жүйесінің толықтай енгізілуі өңірлердің тыныс-тіршілігіне азаматтардың ықпал ету мүмкіндігін арттыруға жол ашары анық. Енді Мемлекет басшысы айтқандай, ел болып Жаңа Қазақстанды құратын уақыт жетті. Әрқайсымыздың алдымызда әрбір азаматтың құқығы қорғалатын мемлекетті құру міндеті тұр. Себебі оны құруға бәріне бірдей мүмкіндік беріледі. Сондықтан елдің жарқын болашағы, кемел келешегі үшін референдумға белсенді қатысуымыз керек деп есептеймін.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ,
Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы»
газетінің бас редакторы