» » ЖЫРАУЛАР БӘЙГЕСІНДЕ ЖЕРЛЕСІМІЗ ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНАН КӨРІНДІ

ЖЫРАУЛАР БӘЙГЕСІНДЕ ЖЕРЛЕСІМІЗ ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНАН КӨРІНДІ


Астанада Қаблиса жырау атындағы «Жыр атасы – Қабан жырау» атты I республикалық жыршылар байқауы өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шарада өнерпаздар елорда төрін 5 күн бойы жырға сусындатты. 
Байқауға қатысушылар үш кезең бойынша сынға түсті. Жыр додасына еліміздің бірқатар аймағынан 20-45 жас аралығындағы өнерпаздар қатысып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Олар бірінші кезеңде Қаблиса жыраудың шығармаларын орындаса, келесі кезекте еркін тақырыпта сынға түсті. Соңғы сайыстың ережесіне сай қатысушылардан билетте көрсетілген жырды төкпелету талап етілді. 
Үміткерлердің біразы сүрінген тұс та осы болды. Қалай дегенмен еркін тақырыптағы барлық жыраудың шығармасын жатқа айту кімге болса да оңай соқпасы анық. 
Байқауға Қазақстанның Халық әртісі, Ме­м­­­­­­­­­­лекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор, Қай­рат Байбосынов, Ақтаудан келген әйгілі жыршы Жеткізген Сейітов, Сыр елі – жыр елінен мә­дениеттанушы, жерлесіміз Бидас Рүстембеков, Жетісудан халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Әміре Әрін, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, әнші Айгүл Қосанова мен Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясы бас директоры Сәкен Әбдірахманов қазылық етті. 
Байқау қорытындысы шықпастан бұрын ұйымдастырушылар мен қазылар алқасы арнайы конференция өткізіп, жарыстың қалай өткені туралы баяндаумен бірге журналистердің сұрақтарына толыққанды жауап берді. «Алдымен, артықшылықтарынан бастайын» деп сөз алған жыршы Жеткізген Сейітов Сыр елі жыршыларының өнерін жоғары бағалады.
– Сыр елінің жыршылары бәрібір мектеп көргендігін байқатты. Бәріне ортақ кемшілік, жырды бойға сіңіріп айту жеткіліксіз болды, оның себептері де жоқ емес. Бұрынғы жыршылардың жыр жаттап оны ел ішінде жырлаудан өзге жұмысы болмаған ғой. Шіркін, бұларға айлық төлеп, ай сайын есебін сұрап отырса, қанша жырды жаттар еді. Бойына сіңіре отырып халыққа қайта жеткізер еді. Бұлардың мүмкіндігін ашатын жыр кештері өтетін болса, ақпаратты есте сақтаудың өзі қиынға соққан осы кезеңде бұл жыршылық дәстүрімізге таң қалмайтын жұрт болмас еді, – деді ол. Ал, Айтқали Жайымов қазіргі жыршылар мен бұрынғы жыршыларға салыстырмалы түрде баға берді.
– Бұрынғы жыршылар жырлап келіп, арасында қара сөзбен де көсілтіп-көсілтіп алып, ары қарай жалғайды ғой. Қазіргі балалар сол қарасөзбен айтатын тұсында кібіртіктеп жатыр. Оны да даңғайыр жырауларымыз секілді көркем, көсемсөзбен төгілтіп айтуға жаттығу керек. Ал, ұзақ жырдың әр бөлімін әртүрлі сарынмен айтқан жыршылардың талантына шынымен де тәнті болдық, – деді А.Жайымов. 
Қазылар алқасының мүшесі Сәкен Әб­дірах­манов бұл байқауды бұдан былай екі жылда бір рет өткізіп тұру жоспарланып отырғанын айтты. Астана қаласының әкімдігі, Астана қала­сының мә­дениет, мұрағаттар және құжаттама бас­қар­масының қолдауымен өткен игі шара елор­да­дағы «Астана» концерттік залында арнайы кон­церттік бағдарламамен шымылдығын жапты.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде астаналық Айнұр Қонысбаеваға бұйырды. Жыраулар байқауының жеңімпазы 2 млн теңгені қанжығасына байлады. Ал, I орын тағы бір елор­далық Ерболат Шалдыбековке табыс етілді. 1 млн теңгеге ие болған жыраудың өнеріне халық расымен қошеметін аямады. Байқаудың келесі жүлдесіне Сыр сүлейлерінің ізін жалғаушы, жерлесіміз Марат Сүгірбай лайық деп танылды. Жүлделі орындарды қорытындылаған алматылық Мақпал Тоқтағановаға да 250 мың теңге қаржылай сыйлық пен диплом табысталды.
«ЖЖ» ақпарат.
07 сәуір 2018 ж. 999 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930