Балалар қиялындағы бас қала
Өткен аптада «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» ЖҚ облыстық филиалы, аудандық «Нұр Отан» партиясы және «Дарын» бастауыш партия ұйымының бастамасымен Ш.Ермағанбетова атындағы №246 орта мектепте Астана қаласының 20 жылдығына орай 5-6 сынып оқушылары арасында аудандық суретшілер көрмесі өтті.
Сайыс барысында шығармашыл жастардың еліміздің бас қаласы – Астананың бүгінгі келбетін балалық қиялымен, асқақ арманымен ұштастыра білгені көрінді. Әр туындының өзінше айтар ойы, сыры мен мағынасы бар. Көрмеге қойылған туындылармен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Мұстафаева, «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Т.Тілесов және мектеп мұғалімдері мен әділқазылар алқасы танысты. Балғын суретшілердің шығармалары бірінен бірі өтеді. Жас суретшілер елорданың мерейтойына арнаған туындыларын таныстырды. Әр шығармада жас қаланың әсем ғимараттары, ақорда, бәйтерек монументі, сонымен қатар алтын күн мен көк байрағымыз бейнеленген. Бірақ, әртүрлі суреттер болғанымен, балалардың арман-қиялы бір арнада тоғысты. Олардың сурет салудағы негізгі ойы – ашық аспан астында, бейбіт те берекелі, тату-тәтті өмір сүру. Сондай-ақ, олар кең байтақ қазақ жерінің, кеңпейіл дана халықтың, тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі бейнесін шығармаларына арқау еткен. Ішкі толғанысын, патриоттық сезімін қылқаламмен ақ қағазға дәлме-дәл өрнектеп, сол арқылы ойын жеткізу, сезімін білдіру, қоғамға ой салу үлкен қабілет болса керек. Жас та болса сырлы бояумен әр беріп, суретті сөйлеткен өнерлі өрендердің ерекше қабілеті мен таланты көрініп тұрды.
Көрме қорытындысымен көпшіліктің көңілінен шыққан Ш.Ермағанбетова атындағы №246 орта мектептің 5 сынып оқушысы Ұзақбай Бекжан жүлделі І орынды алса, №188 орта мектептің 5 сынып оқушысы Әнел Серік ІІ орынды, №119 орта мектептің 6 сынып оқушысы Қ.Әбдікәрім ІІІ орынды иеленді. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен «Жас Отан» ЖҚ облыстық филиалы атынан бағалы сыйлықтар табысталды.
Н.АЛМАС.