» » ҚОРШАҒАН ОРТАҒА ҚАМҚОРлық ҚАЖЕТ

ҚОРШАҒАН ОРТАҒА ҚАМҚОРлық ҚАЖЕТ

Алла (Т) көктер мен жерді, оның ара­сындағыларды және айналамызды, қор­шаған табиғатты өте сұлу көрністе жарат­қанын білеміз. Жаратушымыз адамзат пен табиғат арасында тығыз байланыс орнатып, бізге табиғатқа зиян келтірмеуді бұйырды. Жер беті түзетілгеннен кейін, онда бұзу-бүлдірушілік жасамауды ес­кертті. Қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау мұ­сылманның міндеті болып саналады.
Бірде кішкентай қыз бала әкесіне «Әке мені балалардың ойнайтын жеріне апарыңызшы» деп өтінеді. Оған әкесі «Қызым, мен күнде жұмыстамын, сені Алла жазса демалыс күні апарайын» деп уәде береді. Жексенбіні тағатсыз күткен қыз бала демалыс күн келгенде теледидар көріп жатқан әкесіне келіп, уәдесін есіне салады. Сонда әкесі қызына берген уәдесін орындамақ болып, газеттің бетіндегі жердің картасына көзі түседі де картаның суретін бірнеше бөлікке бөліп, қызына жинауға ұсынады. Картаны бұрынғы қалыпынша құрастырғанда ғана ойын алаңына апарып қыдыртуды уәде етеді. Әртүрлі құрастырғыштарды құрап жаттығып алған бала, шамалы уақыт өткесін әкесіне келіп, жырым-жырым жыртылған картаның суретін жиналғанын жеткізеді. Тез арада, барлығын орын-орнына қойып, қатесіз жинаған қызына таңқалып, «Қызым, бұны қалай жинадың» деп сұрайды. Сонда қызы «Әке, газеттің екінші жақ бетінде адамның суреті салынған екен, сол адамның суретін аяғын аяғына, қолын қолына келтіріп жинап едім, жердің суреті де шыға келді» деген екен. Мұны естіген әкесі: «Е, адам түзелсе, жер беті де, қоғам да түзеледі екен ғой» депті.
Жоғарыда келтірілген аяттардың мағынасына үңіле отырып табиғаттың адам үшін жаратылып, оның иелігіне берілгенін байқаймыз. Адам Алла (Т)-ның нығмет етіп берген күші мен шығармашылық қабілетін, ақылымен пайдаланатын болса, табиғатты гүлденген бақшаға айналдыруға болады. Адам баласы табиғи байлықтарды пайдалану және өзгерту кезінде, оған зиян келтірмеуді басты назарда ұстауы керек.
Ислам діні қоршаған ортаға зиян келтірмеуге шақырады. Жер анаға жанашырлықпен қарап, айналамызды қоршаған көркем табиғатты ластауға болмайтындығы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) көптеген хадистерінде баяндалған. Сон­дай-ақ, табиғатқа зиян келтіруге, құ­мырс­қаның илеуін бұзуға, ара мен құрбақаларды өлтіруге болмайтындығы туралы айтылады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) тазалыққа байланысты айтқан хадистерінде былай дейді:
«Тазалық – иманның жартысы».
«Тазалық – иманнан».
Қоршаған орта адамның психологиясы мен көңіл күйіне әсер етеді. Әрбір адам таза таби­ғаттың көркем көріністеріне тамсана қарау арқылы жүрегіне тыныштық, өміріне қуаныш ұялатады. Экологияны ластап, табиғатқа зиян келтіру адамзатқа кері әсерін тигізеді. Ғалымдар депрессия мен психологиялық аурулардың жайылуын табиғаттың ластануы мен экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуымен байланыстырады. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ағаштарды кеспеу, егістіктер мен өсімдіктерді өртемеу жайлы көптеген хадистерінде баяндаған. Ислам ғалымдары тіпті соғыс кезінде де дұшпандардың жеріндегі ағаштарды кеспеуге және егістік жерлерді өртемеуді бұйырады. Бұлай жасау жағымсыз әрекеттерден болып есептеледі. Ағаш егіп, жер бетін көгалдандырудың өте маңызды әрі сауапты іс екенін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына сөздерінен байқаймыз.
«Кімде-кімнің қолында бір құрма ағашының көшеті (тал шыбығы) болса, соны қиямет қайым басталып кетсе де дереу отырғызып үлгерсін» - дейді.
Әнәс ибн Мәликтен келген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді: «Қандай да бір мұсылман ағаш егіп немесе егін ексе, ол егістіктен адамдар, құрт-құмырсқалар мен құстар жеп азықтанатын болса, міндетті түрде өзіне сауап ретінде кері қайтады».
Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұны тек айтып қана қоймай, іс жүзінде де дәлелдей білді. Оған тарихтан мысал ретінде айтар болсақ, Алла елшісі (с.ғ.с) Меккеден Мәдинаға көшіп келген кезінде Мәдинаның батпағын кетіру үшін айналдыра ағаш еккізгені баршаға мәлім. Аббаси халифаларынан Һарун Рашид бір қарт адамның кішкене жеміс ағашының көшетін (тал шыбығын) отырғызып жатқанын көріп, оған «Әке, сен ғой қартайдың. Отырғызып жатқан ағашыңның жемісін көре алмайсың, олай болса неге бейнеттеніп жатырсың» дейді. Қарт былай деп жауап береді: – Бізден бұрынғылар ағаш отырғызды, жемісін біз жедік. Енді біз де ағаш отырғызайық, ал жемісін бізден кейінгілер жесін, – дейді. Бұл жауап Һарун Рашидке ұнап, қартқа бір уыс алтын береді. Қарт "Көрдің бе, балам. Отырғызып жатқан көшеттің (тал шыбықтың) жемісін міне, мен де көрдім" дейді. Бұл сөзге Һарун Рашид одан сайын риза болып тағы да алтын береді. «Басқа ағаштар жылына бір рет жеміс берсе, менің еккен ағашым жылына екі рет жеміс береді» деген екен қарт.
Әли (р.а) өзінің халыққа айтқан хұтбаларының бірінде «Уа, адамдар мен қала тұрғындары, Алладан қорқыңдар! (ешкімге зиян тигізіп, қалалар мен тұрақтарды қиратпаңдар), сендердің барлықтарың ол үшін жауаптысыңдар және содан сұраласыңдар. Сендер төртаяқтылар және жерлер үшін жауап бересіңдер» дейді.
Абу Хуройрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді: «Иманның алпыстан астам бұтақтары бар, оның ең жоғарғысы Лә Иләһә иллАллаһ, ал ең төмені жолдағы бір зиянды затты алып тастау». Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жолдағы бір зиянды затты алып тастауды, жолдың хақыларының біріне кіргізген. Сондықтан, қоршаған ортаны қорғау, табиғатқа жанашырлықпен қарау, оны таза ұстап, адам өмірінің бір бөлігі екенін түсініп, оған қиянат жасамау – әрбір мұсылманның міндеті. Осындай жауапкершілікті баршамыз білсек, табиғатқа жауапкершілікпен қарай отырып, мол сауапқа да кенелеміз.

Айбек МАДИЕВ,
«Иманқұл» мешітің бас имамы.
18 сәуір 2018 ж. 1 618 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930