БҰЙЫРҒАННАН АРТЫҚ ЕШТЕҢЕ ЖОҚ Пайғамбар заманында бір қызы бар кемпір-шал өмір сүріпті. Өздері сіңірі шыққан кедей екен.Бір күні шал Пайғамбарға келіп: «Уа, Мұхаммед, жоқшылық көріп тарықтым. Менің өтінішімді Аллаға жеткіз, маған байлық берсін» – дейді.Сол кезде Жәбірейіл періште келіп, Мұхаммедке: «Бұл өмірі еңбек етпеген адам. Жаппар Хақ өзіне шақ несібесін беріп қойған. Осы дәрежесімен өмірден өтеді» – дейді. Пайғамбар сонда да болса: «Алла тағалаға жеткіз, шапағат етсін» – деп өтінеді. Жәбірейіл періште көкке көтеріліп, жерге қайта түседі. Пайғамбарға Раббының жауабын әкеледі. «Өзеннің суына сүңгіп тұрып тілесін. Бір-бір тілектерін беремін» – депті Алла.Пайғамбар бұл хабарды шалға айтады. Мұны естіген шал қуанып, үйіне барады. Кемпірі, қызы үшеуі құдайдан біреуі патша, біреуі патшаның әйелі, біреуі ханшайым болуды тілейік деп келіседі. Ертеңіне өзен жағасына келеді. Өзеннен қиялы терең шал шешініп, дайындалып тұрғанда, шыдамаған кемпірі оны итеріп жіберіп, суға қойып кетеді. Сәлден кейін сәні келіскен, әшекейлері әр берген сұлу әйел болып қайта шығады. Осы бір сәтті аңдып тұрғандай-ақ өзен басына бір топ атты жігіттер келіп қалады. Бұлар байлықтары тасыған осы елдің еркелері мен серкелері еді. Олар ұсқынсыз шал мен бейшара қыздың қасында тұрған алтау араз болғандай әсем әйелді көріп, «бұл бізге лайық екен» дейді. «Мен сендерді көп күттім» деп әйел оларға мінгесіп жүре береді. «Сәл шыдасаң етті, мен қазір патша болайын деп тұрған жоқпын ба?» – деп айқайлайды шал. Бұл сөзге аттылар қарқылдай күледі. Ашуға булыққан шал суға сүңгиді де: «Е, Алла, менің әйелімді шошқа қылып жібер» деп тілек етеді. Шынында сұлу ханшаға айналған әйел ат үстінде шошқаға айналып кетеді. «Мыналар сиқыршы екен ғой» деп атты жігіттер шошқаны домалатып тастап, зыта жөнеледі. Шал судан шал күйінде шығады да, шошқа-әйеліне қарап айызы қанады. Қыз байғұс шешесін қорсылдаған қалпында қалдыруға қимай, суға сүңгіп: «Алла, анамды адам кейпіне қайтара гөр» – деп тіленеді.Сөйтіп, үшеуі де бұрынғы шал, кемпір, бейшара қыз қалпында қалады. «Өмірден осы дәрежесімен өтеді» деген Жәбірейіл сөзі сөз еді.Қасиетті кітаптардағы осы әңгімені кездестіргенде Пушкиннің «Алтын балық» ертегісі есіме түсті. Жарықтық Александр Сергейіштің де біздің дініміздегі әңгімелерден хабары болған сияқты.Дүйсенбек АЯШҰЛЫ. Жаңалықтар / Руханият 03 қаңтар 2018 ж. 1 464 0