ҰМЫТЫЛА БАСТАҒАН ҚАЗАҚ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ
Ал, дәстүр – ұрпақтан-ұрпаққа ауысатын, тарихи қалыптасқан нормалар мен үрдістер. Ол – қоғамдық ұйымдар мен халықтың мінез-құлқының, іс-әрекетінің рухани негізі. Ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, адалдық, әділеттілік, мейірімділік сезімдері озық әдептерге жатады. Сондай-ақ, дағды, әдет-ғұрып деген ұғымдар адамның мінезі мен тіршілігіне байланысты қанға сіңген қылықтарды білдіреді. Осы тұрғыда ұмытыла бастаған қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Ат тұлдау. Ер адам қайтыс болғанында мініп жүрген атының жал-құйрығын күзеп, оны бос жібереді де, өлген адамның жылында сол атты әкеліп сояды.
Аунату. Қазақтар үйіне келіп қонақ болған, қонып кеткен адамдардың отырған, жатқан жеріне «баламыз осы атасына тартсын, бойына осы атасының қасиеттері қонсын» деп балаларын аунатып алатын болған. Елге, ағайынға сыйлы азамат кіндік қаны тамған туған жеріне келгенінде халық, туған-туыстары, дос жарандары оны сол жердің топырағына аунатып алған.
Босаға майлау. Жастар шаңырақ құрғанында немесе біреу жаңа үй алғанында жақын туған-туыстары келіп жаңа үйдің босағасына май жағу салтын жасайды. Ол осы үй берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын деген ниеттен туған. Босағасын майлаған адамға шаңырақ иелері кәде береді.
Мойнына бұршақ салу. Ертеде баласы жоқ адамдар мойнына көгеннің бұршағын салып Құдайдан перзент сұрап жалбарынған, жылаған. Мойынға бұршақты бала тілегенде ғана салады.
Аластау – ырым. Шамандық наным-сенімнен қалған. Аластау арқылы көз, тіл тигенді қайтару, ауру-сырқауды, үй-жайды бәле-жаладан аластау арқылы тазаланады. Үй-ішін аластауға қазақтар ертеден бастап адыраспанды, аршаны пайдаланған, аршаны үйдің кез келген бұрышына іліп қойған. Егер үйге көз тиген болса, адыраспанды немесе аршаны табаға салып тұтатып, түтінімен бүкіл үйді аластап, есіктерді жауып қойған. Қазіргі кезде жаңа үйге кірген кезде үйді аластау әдетке айналған.
Аузына түкіру. Ертеден келе жатқан ырым бойынша, қазақтар белгілі батырлар мен билерге, ақындарға, тағы басқа елге белгілі адамдарға жас сәбидің аузына түкіртіп алатын болған. Оның мақсаты – сәби сол адамдардай өнегелі кісі болсын деген ұғымнан туған.
Бие байлар – сауылатын биелерді көктемде алғаш рет байлар алдында жасалатын ырым. Желіні тартып, құлындарды байлау кезінде мал сойылып, ауылдағы адамдар түгел қонаққа шақырылады. Бие байлар көктем шығып, ақтың молайған кезінде жасалған.
Шөміш қағу. Көктемде сәуір айының бас кезінде көкжиекті бұлт торлап, күн күркіреп, найзағай жарқылдайды. Осы кезде ата-бабаларымыз «күн күркіреді, көк дүрілдеді» деп, үлкен қуанышпен қарсы алған. Осы алғашқы күн күркіреген кезде киіз үйдің босағасына, табалдырығына ағаш шөмішті тигізіп:
Айран, сүт көп болсын,
Жақсылық көп болсын,
Жабырқау жоқ болсын.
Ел-жұрт тоқ болсын, – деп тілеу тілеп, көктемнің алғашқы найзағайлы күркірек жаңбырын қарсы алады. Осыны шөміш қағу деп атайды.
Айдар. Балалардың төбе шашын ұзарта өсіріп, моншақ араластыра өріп қояды. Мұны «айдар» деп атайды. Бұл ғұрып негізінен ер балаға жасалады. Мысалы, Кенесарының інісі атақты Наурызбай батырдың ұзын айдары болған.
Енші. Қазақ дәстүрінде үйленген баласын отауға шығарғанда ата-анасының бөліп беретін мал-мүлкі, балаға тиісті үлесті енші дейді.
Еншіні үлкен ата, әке, олар жоқ болса, ұлдың үлкені бөледі. Қара шаңырақ пен ата-ана кенже баланың қолында қалады. Дәстүр бойынша ұлдың үлкені әке дәулетінің үштен біріне, кенже екіден біріне, ортаншылар төрттен бір үлесіне ие болады.
Айттыру – қызға құда түсер алдындағы салт. Жігіттің әкесі кісі жіберіп, қыздың басының бос екенін, әке-шешесінің айттыруға қарсы емес екендігін біледі. Содан кейін қызды ресми түрде айттырады. Ескі салт бойынша қызға жігіттің, жігітке қыздың есімін ататады. Той қамы, басқа да әртүрлі жол-жоралғы осы жолы кесіледі.
Ауыз тию. Алыс сапарға, емделуге шыққан адам ауылдың үлкен үйінен дәм татып аттанатын ырым бар. Бұл «қара шаңырақтың иесі» қолдасын деген сенімінен шыққан. Сондай-ақ дастарқан үстінде келген адам дәмнен ауыз тиюге тиісті деген ырым бар. Қазақтың дәстүрі бойынша, үйіне келген адамға дәм ауыз тигізбей шығармау керек.
Жол беру. Қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрыптарындағы этикалық жоралғы. Жасы кіші адам үлкенге бөгет жасамай, жол босатады, үй ішінде төрге отырғызады, астан дәм татар кезде де осы әдеп сақталады.
Сыралғы – дәстүр. Олжалы, қанжығасы қандалып келе жатқан аңшыдан кездескенде сұралатын жол сыралғы деп аталады. Аңшылар сыралғының сөзін жерге тастамайды.
Тоқым қағар. Қазақтың ескі дәстүрі бойынша, жас жігіт алғаш рет жолаушы жүргенде берілетін жолаяқ, кәде. Алыс жолға кеткен жігіт аман-есен келсін, тоқымы жерде қалмасын деген жақсы тілек білдіруге байланысты берген. Тоқым қағуға арнайы қой немесе қозы сойылады, болмаса қазы-қарта асылады.
Дайындаған: Н.ҚАЗБЕКОВ.