құт қонған қызылқұмның қойнауында...
Ауылдан шығып, айнадай тақырға табаны тигенде астымыздағы жеңіл көлікке желік бітіп, желдей есті. Бірақ, ішінде отырғандарға мидай тақырда көліктің жүріп келе жатқаны мүлдем байқалмайды. Жылдамдықты тек терезеден азынап соққан желден ғана аңғарасың. Бұл – Аққыр ауылының батысындағы «Тайлақкеткеннің» тақыры. Бағытымыз – осы тақырдың тұмсығы сұғына тоқтайтын жал төбелердің етегінде отырған учаскесіндегі шопандар қосыны. Әне-міне дегенше құм ішіне де кірдік. Төңкерілген тостағандай төбелердің арасындағы ирелеңдеген жолға түскенде көлік жүрісі баяулады. Алайда біз, сусыма құмның көлік қозғалысын ауырлатып тастағанына онша өкіне қойған жоқпыз. Өйткені, манадан көз тоқтатамын дегенше дөңгеленіп артыңда қалып қоя беретін көктемгі даланы асықпай тамашалауға енді мүмкіндік туды. Құм ішінің көгі едәуір көтеріліп қалған. Төбелердің төскейі жылыған бойда қылтиып көрінетін түзгін, раң, селеу мал тісіне ілігетіндей болыпты. Әсіресе, жусанның хош иісі кеуде сарайыңды кеңітіп, танауыңды қытықтайды. Сексеуіл де қалың. Әр жерден тырбаңдаған тасбақалар шалынады.
...Діттеген жерімізге түске таяу жеттік. Жолай өрісте жүрген отарға соқтық. Отардағы мал оңалып, қоң жинап қалыпты. Жерден бас алмай жайылып жатыр. Анадайдан күн салып жол қарап тұрған егделеу шопан астындағы күреңін тебініп қалып бізге қарай жүрді. Амандықтан соң жөн сұрасып, келе жатқан мақсатымызды айттық. Алпыстың бел ортасына келсе де, ат үстінде қаққан қазықтай тік отыратын қимылы ширақ, Бостан Ақбаев осы шаруашылыққа шопан болып келгелі 6-7 жыл болыпты. Кеңес кезеңінде ұзақ жылдар бойы Аққыр совхозының малын баққан Бостан ағамыздың мал шаруашылығынан жинаған тәжірибесі мол. Отарды тақырдағы қаққа құлатқан аға шопан биыл жердің оты қалың екенін айтты. Иә, оның сөзін алдындағы мың қаралы «Еділбай» қойының таразыға тартылардай болған тегенедей құйрықтары-ақ растап тұрғандай...
Бұл «Туған жер» шаруа қожалығының шаруашылығы. Аталған шаруашылықтың төрағасы Әуезхан Есбергенов 2008 жылы мемлекеттің ауыл шаруашылығына деген қаржылай қолдауын тиімді пайдаланып, Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы «Алтын Әсел» мал шаруашылығынан ет бағытындағы асыл тұқымды қазақтың ірі қылшық жүнді құйрықты қой тұқымының 300 бас тұсақ, 120 бас тоқты және 8 бас аталық қошқарын әкеледі. Қазірде сол малдың басы екі жарым мыңға жетіп, төрт отар малға айналып, қотанды толтырды. Далада көшіп-қонып жүріп мал басын еселеу оңай емес. Әрине, бұл нарық талабына бейімделген іскер азаматтың тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Мәселен, өткен жылы шаруашылықта әр жүз аналықтан 115-тен қозы алынып, барлығы 1813 бас төл ірі саулықтардың орнын басты. Сондай-ақ, 510 центнер ет өндірді. Шаруашылық биыл бұл межені де арттыруды көздеп отыр.
Аймақ басшысының қолдауымен бірнеше жылдан бері Батыс Қазақстан облысындағы Жәңгір хан атындағы ұлттық университеттің ғалымдары келісім-шарт арқылы шаруашылықтағы малды асылдандырып, «Туған жерге» «асылтұқымды қой шаруашылығы» статусын беру бағытында жұмыс істеп келеді. Ал, асылдандыру жұмыстарының іс-тәжірибесінің нәтижесінде қазіргі инновациялық жобалар өндіріске еніп, келешекте «Туған жер» шаруа қожалығы өзге де шаруашылықтардағы мал басын асылдандыруға ықпал жасайды. Яғни, алдағы күндері осы өңірдегі мал шаруашылығымен айналысып отырған шаруалар асыл тұқымды шопан ата түлігін басқа облыстан тасымалдамайтын болады.
– Мемлекет ауыл шаруашылығының дамуына жан-жақты жақсы қолдау көрсетіп отыр. Егер ата кәсіпті жандандырамын деп білек сыбанған ынталы адамға бүгінде мүмкіндік мол. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» секілді мемлекеттік бағдарламалар және пайыздық мөлшері жеңілдетілген несиелер арқылы мал шаруашылығын өркендетуге жол ашылды. Жыл сайын селекциялық жұмыстар үшін аналық қойдың әр басына 1500 теңгеден субсидия алып отырмыз. Соның нәтижесінде мал басының өсімі артып келеді. Бұл суыққа төзімді, етті тұқым. Қазірде мал өнімдерін қолжетімді бағамен нарыққа шығарып отырмыз. Алдағы уақытта жылқы және мүйізді ірі қараның да тұқымын асылдандырып, көбейтуді қолға аламыз. Сондай-ақ, мал өнімінің сапасын арттыру мақсатында 500 басқа арналған мал бордақылау алаңын салу да алдағы күндері жүзеге асатын шаруалардың бірі. Сонымен бірге шаруашылықты әртараптандыру мақсатында биыл 10 гектар жерге бақша салуды да көздеп отырмыз. Ал, ол үшін техника күші қажет. Сондықтан шаруашылықтағы техникаларды жаңалау да алдағы жоспарымызда бар, – дейді Ә.Есбергенов.
Қазір сақпанның кезі. Қойлар төлдеп жатыр. «Мал баққанға бітеді» деген тәмсілді ескерген «Туған жердің» шопандары отардағы қозылаған саулық пен оның төлдерінің басын шығындамай, аман сақтап қалу мақсатында күні-түні тынымсыз еңбек етіп жатыр. Бүгінде «Туған жер» шаруа қожалығында он бес адам жұмыс істейді. Ақбаев Бостан, Айтжанов Мейрамбек, Айтуар Мәдіраймов секілді қойшылардың барлығы да ісіне мығым, нағыз мал шаруашылығының майталмандары. Ал, ерте көктемде туып, қазірде енесінің бауырынан айырған төлдердің күтімі сақпаншылар Мұрат Заманбеков пен Мұхтар Төрәлиевтердің жауапкершілігінде. Сонымен бірге осеменатор Жүсіп Молдашорев пен мал шаруашылығына қажетті техникаларға жауапты Азамат Әбдіреев пен Амантай Іздіков те өз ісінің тәжірибелі мамандары.
Әуезхан Есбергенов Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірген соң алғашқы еңбек жолын өзінің туған ауылы Аққыр совхозында бастайды. Сол ауылда әр жылдары гараж меңгерушісі, мал шаруашылығы жөніндегі инженер, кейінгі жылдары директордың коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы тоқырау кезеңінде дала мен қаладағы өндіріс орындары түгелдей тоқтап, қысқарту белең алғанда ел ішін жаппай жұмыссыздық жайлады. Міне, осындай қиын-қыстау кезеңде ебін тапқан адамның кез-келген нәрсені тұрмысына тірек болатын адал кәсіпке айналдыра алатынын дәлелдеп және өзгелерге үлгі көрсету мақсатында «Туған жер» шаруа қожалығын құрып, ең алғашқылардың бірі болып тырбанып тірлік еткен де осы Әуезхан ағамыз еді. Иә, ол Қызылқұм қойнауының құты болған қара қойды тоқыраудың тып-типыл етіп, жайылымдық жерлердің қаңырап қалған кезі болатын. Міне, кәсіпкер бүгінде шаруашылығын кеңейтіп, сол құмның қойнауын қайтадан қойға толтырып, бабын жасап, басын өсірсең көл-көсір өнім беретін ата кәсіптің өн бойына қан жүгіртті. Сонымен бірге бұл азаматтың рухани дүниесі де бай. Ауылда өтетін қоғамдық іс-шараларға, әсіресе, мектепте өткізілетін қайырымдылық акцияларына өзіндік үлесін қосып, қаржылай қолдау көрсетіп отырады.
Туған жердің түлеуіне төккен терің текке кетпейді. Әуезхан Есбергенов ауыл шаруашылығы саласына сіңірген еңбегі үшін аудан, облыс әкімдерінің «Алғыс хаты» мен «Мақтау қағаздарымен» және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет Грамотасына ие болды. Бірнеше жыл қатарынан ауыл шаруашылығы саласының үздігі атанды. Сонымен бірге жыл сайын қарт Қаратаудың бөктерінде өтетін облыстық малшылар слетінде І-ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Ауыл шаруашылығы кәсіподағы ұйымының І дәрежелі «Еңбек даңқы» медалін, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін және тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ауыл шаруашылығын дамытып, ел экономикасының дамуына қосқан үлесі үшін «Бейбітшілік Әлемі» Халықаралық Қазақ Творчестволық Бірлестігінің «Алтын қыран» медалін кеудесіне тақты.
Қуат АДИС.