» » МЕЙІРІМДІ АЛАҚАН ИЕСІ

МЕЙІРІМДІ АЛАҚАН ИЕСІ

Жыл сайын мамыр айының 12 жұлдызында халықаралық мейірбикелер күні аталып өтеді. Бұл күні көпшілік ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсетіп, олардың еселі еңбектеріне алғыс білдіреді. Тақырыпқа ойыспас бұрын осы атаулы күннің тарихына көз жүгіртсек.
Дәл осы күні Англия елінің азаматшасы, мейірбике Флоренс Найтингейл дүниеге келген. Ол Қырым соғысы кезінде мейірбикелерді жинап дүниежүзілік қайырымдылық қызметін ашқан. Яғни, соғыс кезінде жараланған азаматтарға алғашқы дәрігерлік қызмет көрсетіп, ем-дом шараларын жасаған. Сол кезеңде мейірбикелер тәулік бойы оққа ұшқан жауынгерлерді емдеп, жанын өлімнен арашалап отырған. Осындай қиын кездегі игі жұмыстары үшін көптің ризашылығына бөленіп, алғысын алған. 1971 жылы дүниежүзілік мейірбикелер кеңесінің ұйғарымымен 12 мамыр ресми түрде мейірбикелер күні болып бекітілді. Халықаралық мейірбикелер кеңесі бұл мерекені Флоренс Найтингейлдің туған күнімен ұштастыра отырып, тұңғыш мейірбикелер ісінің негізін салушы даңқты әйелдің атын есте қалдыруды мақсат тұтты. Міне, бұл күн сол жылдардан бастап дәстүрлі түрде аталып өтіледі.
Жалпы, адамзат тарихында ұлы екі мамандық бар. Бірі – ұстаздық, екіншісі – дәрігерлік. Бірі адамның үлкен өмірдегі орнын айқындап беретін бағдаршам іспеттес болса, екіншісі тірі жанның тіршілігіне араша түсіп, жанына шипа болатын асыл мамандық. Осы жолды таңдаған, адам жанының арашасы болып жүрген ақ халатты абзал жандардың бірі – аудандық емхананың функционалдық диагностика бөлмесінің мейірбикесі – Мака Боранбаева. Ол 1978 жылы Қызылорда медициналық училищесінің «медициналық сестра» бөлімін бітіріп, еңбек жолын осы жылы аудандық амбулаторияда жұқпалы аурулар кабинетінің мейірбикесі болып бастады. Мұнан соң, 1990 жылы хирургия кабинетінің мейірбикесі, 1992 жылы лор кабинетінің мейірбикесі, 1997-2016 жылдары аралығында аудандық емханада аға мейірбике, 2016 жылдың қарашасынан бастап қазіргі уақытқа дейін аудандық емхананың функционалдық диагностика бөлмесінің мейірбикесі қызметін абыроймен атқарып келеді.
Мейірбике ісі – білім мен жан-жақтылықты талап ететін, күтім процесіне жауапты, мейірімділік көрсете білетін ерекше қызмет. Бүгінгі қоғамның мейірбикесі тек дәрігердің көмекшісі ғана емес, ол ойшыл, үнемі ізденіс үстінде жүретін, адам өмірі үшін дер кезінде дұрыс шешім қабылдай алатын маман. Әңгімеміздің арқауы Мака Жақсылыққызы болса, 40 жылдан астам денсаулық саласында жүріп, жанына шипа іздеген талай адамға сапалы медициналық қызмет көрсетіп, алғысын алған абзал жан. Өзінің еңбек жолын абыройлы, тиянақты алып жүрген білікті маман. Қазіргі таңда жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруына қол ұшын беріп, көп көмегін тигізіп келеді. Жылдар бойы жинақтаған іс-тәжірибесімен бөлісіп, өзінен кейінгі жас буынға білгенін үйретуден танған емес. Еселі еңбегі еленіп, бірнеше марапатқа да ие болды. Мәселен, 2003-2004 жылдары денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін ҚРДСМ «Алғыс хатымен», 2009 жылы облыс әкімінің «Алғыс хатымен», 2014 жылы «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының «Алғыс хатымен», әр жылдары аудандық емхана және кәсіподақ комитеті тарапынан да алғыс алып еңбегінің жемісін көруде. 2015 жылдан бері бірінші санатты мейірбике қызметінде жүрген Мака Боранбаева 2018 жылдың тамыз айында зейнеткерлік жасқа жетеді.
Ауданымыздың денсаулық сақтау саласында талай жыл тапжылмай тер төгіп, еңбегімен елдің ыстық ықыласына бөленген білікті мейірбике Мака Жақсылыққызының жүріп өткен жолы көпке үлгі. Себебі, тіршілікке нәр беріп, қалтқысыз қызметін ұсынып, мейірімділік пен жылылықты жанына серік еткен, игілікті мамандық иесі атанған ол қашан да сый-құрметке лайық. Ендеше, денсаулықтың жаршысы, адам өмірінің арашашысы, дертке дауа сыйлаушы сала мамандарын төл мерекелерімен құттықтаймыз. Ұлт денсаулығын нығайту жолында аянбай еңбек етіп, биік белестерден көріне берулеріне тілектеспіз.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ.
11 мамыр 2018 ж. 1 340 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930