Мұнай ұрлағандардың ісіне нүкте қойылды Өткен жылдың мамыр айында Қызылордада мұнай ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ құрықталған болатын. Бүгін қоғам наразылығын тудырған іске нүкте қойылды. Облыстық мамандандырылған ауданаралық сотында 21 адамға қатысты үкім оқылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Сот залында ине шаншар жер болмады. Сотталушылардың туыстары мен құқық қорғаушылар лық толы болды. Тіпті, арнайы жасақ сарбаздары қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мәжбүр болды. Жалпы, шулы істің сот процесі наурыз айында басталған болатын. Күдіктілердің құқығын 30 адвокат пен 15 қоғамдық қорғаушы қорғады. 100-ге жуық куәгерден жауап алынып, 143 томдық іс егжей -тегжейлі зерделенді.Сотталушылардың арасында кәсіпкерлер, мұнай компаниясының жұмысшыларымен қатар, құқық қорғау органдарының шеңді қызметкерлері болды. Тергеу кезінде Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті ұйымдасқан қылмыстық топпен күрес басқармасының бұрынғы бастығы Берік Өтеновтің де жасаған қылмыстық әрекеті әшкере болды. Қылмыскерлермен күресудің орнына полковниктің оларға «қамқор» болғандығы дәлелденді.Жалпы, мұнай ұрлаумен екі қылмыстық топтың айналысқандығы белгілі болды. Бірінші топ қара алтынды ұрласа, екіншілері оны сақтап, шетелге шығарумен айналысқан. Қаладағы «КАИС-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қоймасы осы мақсатта пайдаланылған болып шықты. Шикізат негізінен көрші Қырғызстан еліне жіберіліп отырғандығы анықталды. Ұйымдасқан қылмыстық топқа Кенжебек Басықараев есімді кәсіпкер жетекшілік еткен.Істі қараған судья Асхат Сабыровтың үкімді бір жарым сағат оқуына тура келді.«Топтың лидері - Кенжебек Басықараев 10 жылға, Берік Өтенов 9 жылға сотталды. Сондай-ақ, топтың өзге мүшелері үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды. Тағы 4 адам шартты түрде жазаланды», - деп мәлімдеді Қызылорда облыстық мамандандырылған ауданаралық сотының кеңсе меңгерушісі Қаракөз Сәрсенбаева. http://www.syrboyi.kz Қоғам 08 маусым 2018 ж. 759 0