ЖАҢА ЗАҢНЫҢ ЖАҢАЛЫҒЫ ҚАНДАЙ? ҚР Президенті өткен жылғы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты дәстүрлі Жолдауында әлемдік даму үдерісіне ілесуді мақсат еткен еді. Қазақстанның жаңа даму сатысы және әлемдік экономикалық даму қарқынына ілесуі салық-бюджет саясатына тікелей байланысты. Елбасының салық саясатын оңтайландыру мен жетілдіру бағытындағы саяси құжатта белгіленген тапсырмалардың және «100 нақты қадам» ұлт жоспарының орындалуы шеңберінде қолданыстағы заңнамалық құжаттар көптеген өзгерістерге ұшырады.Бизнес қауымдастық пікірлерін ескере отырып, «Атамекен кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, Ұлттық экономика министрлігі жаңа Салық кодексінің жобасын әзірледі. Соңғы жарты жылда түрлі талқылаудан өткен осы кодекс жаңа жылдан бастап күшіне енді. Жаңа кодекс салық салу идеологиясын өзгертіп, салық төлеушілерді қорғауға, экономиканың маңызды салаларын ынталандыруға, әкімшілік қызметті жеңілдетуге бағытталған. Яғни, халық салықты өз бетінше төлеуге ынталанады. Бұдан біздің түйеріміз, негізгі идеология барлық түсініксіз баптар мен қателер салық төлеушінің пайдасына шешілетін болады. Бұл салықтық дауларды әділ қарауға мүмкіндік береді. Осы орайда, жаңа Салық кодексінің ерекшеліктерін, өзгерістері мен толықтыруларын кәсіпкерлерге, аудан тұрғындарына кеңінен түсіндіру, ақпараттандыру мақсатында облыстық сала мамандары келіп семинар өткізді. Жиында аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Данияр Қосбергенов жаңа Салық кодексінің тиімді жақтарын айтып өтті. – Жаңа Салық кодексі бойынша мемлекеттік кіріс органдары тарапынан салық төлеушілерді бақылау жұмыстары барынша азайтылды. Бұл әсіресе, тәуекелі төмен салық төлеушілерге қатысты. Салық төлеушілердің міндеттемелерін өз еріктерінше орындауына бағытталған шаралар қабылданды. Ондағы басты мақсат – адал салық төлеушілердің мүдделерін қорғау. Осы тұста Жаңа кодекстегі өзгерістер мен толықтырулар салық төлеушінің пайдасына шешілетін тетіктер көбейтілді, – деді Д.Қосбергенов. Мұнан әрі «Шағын және орта бизнес субъектілеріне салынатын салықтар бойынша өзгерістер» жөнінде Қызылорда облысы бойынша МКД-нің басқарма басшысы Гүлжамал Шортанбаева баяндама жасады.Сондай-ақ, ол арнаулы салық режімдері, салықты патент бойынша төлейтін салық төлеушілердің жұмысын жеңілдету үшін де бірқатар жаңалықтар бар екенін, жеңілдетілген декларация негізінде, агро-өнеркәсіп субъектілері үшін тіркелген салық жайында бірқатар заңнамаларды түсіндіріп өтті. Сонымен бірге, Қызылорда облысы бойынша МКД-нің бөлім басшысы Кеңескүл Стамбекова «Жанама салықтарды әкімшілендіру», «Қосылған құн салығы бойынша әкімшілендіру» туралы айтты. Семинар барысында Қызылорда облысы бойынша МКД-нің бас маманы Кенже Жонерова баяндама жасап, «Салықтық мониторинг», «Жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық» жөнінде ақпарат берді. Оның айтуынша, «Жасыл топ» аталатын бірінші санатқа тәуекел дәрежесі төмен салық төлеушілер жатады. Оларға тексерулер жүргізілмейді, есеп тапсыру, берешекті төлеу мерзімдерін өзгерту жөніндегі босаңсыту, көлбеу мониторинг жүргізуге қатысу мүмкіндігі және тағы басқалар қаралатын болады. Тәуекел дәрежесі орташа топқа әкімшілендірудің орташа тетіктері қолданылады. Хабарлама жіберіледі, орындалмаған жағдайда салық бақылауы шаралары жүзеге асырылады. «Қызыл аймаққа» тәуекел дәрежесі жоғары салық төлеушілер жатады. Оларға ерекше назар аударылады және салық міндеттемелерін тиісті деңгейде орындамаған жағдайда кіріс органдары жедел әрекет етеді. Биылдан бастап жаңа «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кеден кодексі қолданысқа енді. Бұл құжат кедендік операцияларды жеңілдетуге және жеделдетуге, отандық бизнестің уақытын және қаржылық шығындарын төмендетуге бағытталған. Оның негізгі идеясы халықаралық сауданың дамуына жәрдемдесу болып табылады. Жоғарыда айтылған заңнамалық өзгерістер туралы жиынға қатысушылар, кәсіпкерлер көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, Жаңа Салық кодексіндегі жаңалықтармен танысты. Қорыта айтқанда, жаңа Салық кодексі Елбасы Жолдауында айқындалған негізгі мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыруда мол мүмкіндік береді. Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ. Қоғам 13 қаңтар 2018 ж. 1 019 0