Арыстанбек Мұхамедиұлы журналистерді марапаттады
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты республикалық байқау жеңімпаздары мен мәдениет, спорт, туризм, тіл салаларын насихаттауға үлес қосып жүрген БАҚ өкілдерін марапаттады.
Республикалық байқауға журналистерден 200-ге жуық материал келіп түскен. Ережеге сәйкес, ел аумағындағы БАҚ-та жарияланған журналистік еңбектердің мазмұны мемлекеттік тілдің қызмет ету аясын кеңейту, мәртебесін нығайту, қазіргі мемлекеттік тілдің ахуалын талдау және оған мониторинг жүргізуге бағытталған.
Конкурсқа ұсынылған еңбектерді елімізге белгілі журналистер мен филолог ғалымдардан құрылған арнайы қазылар алқасы сараптап, жеңімпаз бен жүлдегерлерді анықтады.«Ана тілімізге деген құрметті ұрпақтың санасына сіңіру – алға қойған мақсаттарымыздың бірі. Сондықтан, осы байқауды ұйымдастырдық. Жеңімпаздарды анықтаған қазылар алқасына көп рахмет айтамыз. Қазақстандағы Бұқаралық ақпарат құралдары өте интеллектуалды екенін ерекше атап өткіміз келеді. Барлықтарыңызды Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күнімен құттықтаймын», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы салтанатты шарада.
Байқаудың қорытындысы бойынша «Үздік мақала», «Үздік телебағдарлама», «Үздік радиобағдарлама», «Үздік сайт мақаласы» номинациялары бойынша жүлдегерлер мен бас жүлде иесі марапатталды. Бас жүлде иегеріне 1 миллион теңге табыс етілді.
Мерекелік шара барысында министр мәдениет, спорт, туризм, тіл салаларын насихаттауға үлес қосқан БАҚ өкілдеріне алғыс хат табыс етті. Салтанатты жиын соңында журналистер қауымына арнап эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.
Іс-шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті мен «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы ұйымдастырды.
https://aqmeshit-zhastary.kz