Бурабайда әлемдегі талантты балалардың басын қосатын фестиваль өтеді
«Осы жазда бірінші рет халықаралық балалар фестивалін өткізейін деп жатырмыз. Мысалы туризмді дамыту арқылы туристерді өзіне тартатын Ипания, Түркия сияқты судың жағасында орналасқан көптеген мемлекеттерде жаз айларында халықаралық балалар фестивалін өткізіп жатады. Бұл өте қажет дүние. Неге десеңіздер, жазда балалар демалысқа шығады. Бір баламен бірге бес-алты адам келеді. Ол әке-шешесі, ұстазы, жанындағы достары болуы мүмкін. Сол себепті біз де Қазақстанда бірінші рет Астана мен Бурабайда халықаралық фестиваль өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Министр Бурабайды балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытуға мүмкіндік беретін тамаша орын екенін айтады.
«Биыл министрлік бірнеше шараны ұйымдастырып отыр. Біріншісі, Қазақ ұлттық Өнер университеті ректорының бастамасымен Қатаркөл ауданында балаларға арналған шығармашылық лагері ашылады. Астананың жиырма жылдығына орай әлемнің түкпір-түкпіріндегі таланттардың басын қосатын «Festival Burabay Summer» атты балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық фестивалін өткіземіз. Бурабай да балалар фестивалін өткізетін еліміздегі алғашқы орталық болуы тиіс», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Оның айтуынша бұл фестиваль әлемдік аудиторияға жол ашатын, Бурабайда дәстүрлі түрде өтетін айтулы оқиға болмақ.