«Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми тұсаукесері шілдеде өтеді
2018 жылы 5 шілдеде «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми тұсаукесер рәсімі өтеді. Бұл туралы «Астана» ХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмыс істейді.
«Биыл қаңтардың бірінен «Астана» халықаралық қаржы орталығы ресми түрде жұмысын бастаса, тұсаукесері 5 шілдеде өтеді. Елбасы АҚШ-қа сапары кезінде және Давостағы халықаралық экономикалық форум қатысушыларына арналған видеожолдауында 4-5 шілдеде өтетін «Astana finance days» конференциясы аясында «Астана» ХҚО-ның инагурация салтанатына халықаралық қаржы және инвестиция қауымдастығы мүшелерін шақырды», - деп мәлімдеді Қайрат Келімбетов.
Оның айтуынша, қазірдің өзінде 20 компания «Астана» ХҚО заң шығару институтына тіркелген.
«Бұл сан жыл соңына дейін 5-10 есе көбейеді деп жоспарлап отырмыз. Жыл аяғына қарай біздің институттар жұмыс істеп, сәйкес сертификаттаудан өткен соң толық жобалық күшке жетуді жоспарлап отырмыз», - деді ол.
«Астана» ХҚО-ның тұсаукесер рәсімі аясында «Astana finance days» атты үшкүндік конференция өтіп, осы күндері исламдық қаржыландыру, блокчейн технологиясы мен цифрлық технологияларды дамыту туралы ауқымды экономикалық форумдар өткізу жоспарланып отыр.
Назерке Абибулла
Пікір 2