» » АРУ ҚАЛА – АСТАНА

АРУ ҚАЛА – АСТАНА

«…Ақорда резиденциясындағы менің жұмыс кабинетімнен біздің жаңа елордамыздың жүрек толқытар панорамасы көрініс береді. Көптеген кездесулерден, кеңестерден және құжаттармен жұмыстан тұратын тығыз жұмыс кестемде бос минут пайда болған сәтте мен қайта-қайта терезеге қараймын.
Мен кең дала төсімен есіле ағып жатқан Есілдің бүлкілсіз суы бетіне қазақстандық күннің қалай сәуле шашып шағылысқанын көремін. Ол қала шегіндегі адам қолымен жасалған жаңа өзен арнасы суында шомылып жүреді.
Кей кездері мен түнгі Астана көшелерінде көлікпен немесе жаяу жүремін. Әр кез менің жүрегімді елорда үшін мақтаныш сезімі кернейді. Өзіме – иә, біз осыны жасадық деймін!»


                                                                                                                                                     Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

Осы жылы Тәуелсіз Қазақстанның теңдессіз жауһары, ел жүрегі – Астана қаласы 20 жылдығын атап өтеді. Алайда, жас қала, ару Астананың мерейтойын тойлау ел ішінде әлдеқашан басталып та кетті.
Ел астанасын ауыстыру Астананың экономикалық дамуына қуатты серпін берді. Қала экономикасының негізі – сауда, өнеркәсіп өндірісі, көлік, байланыс және құрылыс салалары. Әсем шаһардың өнеркәсіп өндірісі негізінен құрылыс заттарын, азық-түлік өнімдерін шығару мен машина жасау ісі төңірегіне шоғырландырылған. Астана Қазақстанда құрылыс металл бұйымдарын, пайдалануға дайын бетон және бетоннан жасалған құрылыс заттарын шығару жөнінен алдыңғы орынды иеленеді. Қаланың ірі кәсіпорындарының қатарында «Целиноград» вагон жөндеу зауыты, «Цесна-Астық» концерні, «Тұлпар-Тальго» ЖШС жолаушылар вагонын құрастыру зауыты, «Еврокоптер Казахстан инжиниринг» ЖШС тікұшақ құрастыру зауыттарын атап айтуға болады. Сонымен бірге, қалада кәсіпкерлік мәдениеті қарыштап дамып келе жатқандықтан Қазақстандағы ірі бизнес орталығы деуге әбден болады. Еліміздің бас қаласы кәсіпкерлікпен қатар, құрылыс ауқымы жөнінен де көш бастап тұр. Мұнымен қоса, шырайлы шаһар білім беру саласы жағынан да алдыңғы сапта. Айтар болсақ, Назарбаев университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы, Астана медициналық университеттері Қазақстанның білім дәрежесін биік ұстап, көпке үлгі, бағыт-бағдар болып отыр.
Тағы бір айта кететін жайт, Астана бүгінде халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. Елордада Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар тұрақты түрде өтіп келеді. Олардың қатарында 2011 жылы Астана VII Қысқы Азия ойындары болса, өткен жылы қала орталығында төрткүл дүниенің басын қосқан «Экспо-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі өтті. Айтулы көрмеге әлемнің 115 елінің озық үлгідегі тың бастамалары қойылып, болашақ энергиясының жаңа технологиялары көздері ұсынылды. Шет елден келген қонақтар, делегат мүшелері, туристер бүгінгі Астананың даму қарқынын көрді, әсемдігіне тамсанбай қоймады. Айта кетерлігі, Президент Н.Назарбаев «ЭКСПО-2017» нысандарын одан әрі пайдалану мақсатында халықаралық қаржылық хабқа айналдыруды көздеген болатын. Енді «Астана» халықаралық қаржы орталығына қысқаша тоқталып өтсек.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 5 институттық реформаны жүзеге асырудың «100 нақты қадамы» Ұлт жоспарында Қазақстанның Астанасы 2017 жылға қарай халықаралық қаржы орталығына айналуы тиіс деген тапсырмасын жүктеген болатын. Осы ретте Парламент «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» ҚР Заңын қабылдап, аталған орталық биылғы жылдың 9 қаңтарынан бастап өз жұмысын бастап кетті. Бұл орталық Орталық Азия өңірі, ТМД мен Еуразия кеңістігін қамтитын халықаралық қаржы орталығы болып саналады. Екіншіден, Қазақстан халықаралық қаржы орталығы жұмысында исламдық қаржыландыру мәселесіне де ерекше серпін беріп отыр. Айта кетейік, «Астана» халықаралық қаржы орталығында қатысушылардың қызметін реттеу жөніндегі комитет, орталық әкімшілігі, соты жұмыс жасайды.
Қаржы орталығының мамандарының сөзінше, «Астана» қаржы орталығының басқа орталықтарға қарағанда өзіндік артықшылықтары болады. Нақтыласақ, бұл орталықтың ену нүктелері басқа елдердегі орталықтардан арзан болуы тиіс. Ал, бағаның төмендігі тиісінше бәсекеге қабілетті болу үшін бірден-бір қадам болмақ.
Қорыта келе, қарап отырсақ соңғы жылдары Қазақстанның бас қаласы, Астанада саяси оқиғалар көптеп орын алып, жаңаша бастамалар жүзеге асырылуда. Таратып айтсақ, ел тәуелсіздігінің – 25 жылдығы, елордада өтіп жатқан саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін келелі кездесулер, Қазақ елін әлемдік аренада танытқан «Экспо-2017» көрмесі, сонымен бірге биылғы жылы Нью-Йорктегі БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде Президент Н.Назарбаевтың төрағалық етуі және ел жүрегі – Астананың 20 жылдық мерейтойы. Мұның бәрі бүкіл қазақстандық үшін үлкен жетістік, зор мақтаныш. Қазақстанның келбеті – Астана қаласының 20 жылдығы құтты болсын!

Дайындаған Нұржамила НАУАН.

27 қаңтар 2018 ж. 1 808 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 779

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031