» » АСТАНА – ДӘУІР ТАҢДАУЫ

АСТАНА – ДӘУІР ТАҢДАУЫ

Бойында қаны бар, намысы бар әрбір азамат: «Енді тәуелсіздікті қалай кемелдендіреміз, елдің көсегесін қайтсек көгертеміз?» деп ой-санасын қамшылауы керек. Басқаға жалтақтайтын күннен кеттік. Бар байлығымызды өзімізге бұйыратын еттік. Қоғамның саяси тұрақтылығы мен бірлігіне жеттік. Қысқасы, егемен ел болудың ең ауыр белесінен өттік.

Н.Назарбаев.

* * *

Тәуелсіздігіміздің ұлы тұғыры, Алаштың асқақ айбары – ару Астананың төрткүл дүниені тамсандырған тарихи құбылысқа айналғаны ақиқат. Бар болғаны 20 жыл ішінде Қазақ елінің Астанасы әлемнің әсем астаналарымен иық тіресіп, бой таластыра алатын деңгейге жетті. Бүгінгі Астана – Қазақстанның жаңа әлемдегі жарқын бейнесі. Астана – Батыс пен Шығысты жалғастыратын алтын көпір. Егемен елдің бас қаласы – ата-бабамыз бен кешегі Желтоқсан боздақтарының орындалған арманы.
Иә, әлем елдерінің назарының Астанаға ауғаны қашан. Тәуелсіздіктің ақ таңы атқалы мемлекетіміз саяси оқиғаларды бастан кешіріп, ірі бастамаларды қолға алып, сол жолда егемен ел ретінде өз тарихын қалыптастырып үлгерді. ХХ ғасырдың аяғында, өткір әлеуметтік және шаруашылық қиындықтар кезеңінде Республика Президенті батыл шешім қабылдады. Елбасы тәуекел еткен бұл қадамның саяси-экономикалық маңызы терең еді. Астананы қиырдағы Алматыдан жер кіндігіндегі Ақмолаға көшіру арқылы қазақ тәуелсіздігін нығайтудың жаңа мүмкіндіктері ашылды. Бұл идеяның астарындағы көрегендікті жылжып өткен жылдар айқындап жатты. Есіл жағалауынан орын тепкен Елордаға қарап, өңірлер бой түзеді. Мемлекетке еш қиындық туғызбастан, республика көлемінде алып құрылыстар басталып, тоқырай бастаған өндірістер қайта жанданды. Жаңа кәсіпорындар бой көтеріп, ел экономикасы артты. Ежелгі Есілдің жағасында көрікті, жас қала қанат жайды. Осымен қазақ елі әлемдік өркениетке үлес қоса алатын қабілетті ел екенін дәлелдеді.
Астананың келбетін жасау үлкен талап пен жаңашылдықты қажет етті. Президент архитектурасы жағынан өзгеше, келешек ұрпақтың көңілінен шығып, уақыт сүзгісінен өтетіндей осы заманғы технологияларды игеруді, озық шешімді талап етті. Алайда, мұндай күрделі де ауқымды міндет дүниежүзілік архитектуралық және құрылыс мәдениетін игергенде ғана заманауи қаланың бой көтеретіні белгілі еді. Сондықтан да, бұл жұмысты қолға алу үшін, Астананың бас жоспарын айқындауға әлемге танымал дарынды сәулетшілер жұмылдырылды. Осыншама идеяның, ауқымды бастамалардың нәтижесінде шырайлы шаһар, әсем қала – Астана сән-салтанатымен бой түзеді. Елорданың сәулеті, идеялары ХХІ ғасырдың алып алаңына айналғандай. Осы уақыт ішінде ауыз толтырып айтатын жетістіктер мен мақтанышпен баяндайтын тарих тағылымы да бүгінгінің мол мұрасына айналды. Егемен Қазақстанның жаңа Астанасында көркемдік маңызы бар ауқымды сәулеттік ғимараттар бой көтерді.


ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЛҒАШҚЫ АСТАНАСЫ

Қазақстан астанасы – Қазақстанның саяси-әкімшілік орталығы, ұлттық бірлік пен тәуелсіздіктің символы. Қазақ елінің өз саясатын жүргізетін, өз даму үрдісін айқындаған, бәсекеге қабілетті ел ретінде танылуы – тәуелсіздіктің жемісі. 1920 жылы 22 қыркүйекте Орынбор губернаторлығы мен Орынбор қаласы ҚазАКСР құрамына қосылды. 1920 жылы Қазақстан Ресейдің құрамындағы автономиялы республика болып құрылған соң, 1920-1925 жылдары Орынбор Қазақстан астанасы болды. 1925 жылы Орта Азиядағы ұлттық аумақтық межелеуден соң, Түркістан АКСР-нің құрамында болып келген, Сырдария және Жетісу облыстары және Қарақалпақ автономиялық облысы Қазақ автономиялық республикасы құрамына енді. Ел астанасын шалғайда орналасқан Орынбор қаласынан қазақтың қалың ортасына көшіру мәселесі қайта көтерілді. Астананы Ташкентке ауыстыру, оған рұқсат етілмеген жағдайда Шымкентке көшіру жөнінде қаулы қабылданып, алайда Мәскеудің араласуымен республика астанасы Ақмешітке ауыстырылады деп шешілген болатын. Содан соң, 1925 жылы 9 ақпанда мемлекет астанасын Орынбордан Ақмешітке ауыстыру туралы қаулы қабылданды. Сол жылы 15-19 сәуірде Ақмешітте өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық V съезі халқымыздың орысша «киргиз» деп аталуын «қазақ» деп, «Киргиз АКСР-і» атауын «Қазақ АКСР-і» деп өзгерту, ал республика астанасы Ақмешіт қаласының атауын Қызылорда қаласы деп өзгерту туралы қаулы қабылданды. 1925 жылы мемлекеттік басқару органдары Сыр бойына көшірілді. Орынбор шаһары мен губерниясы Ресей Федерациясы құрамына берілді. Жаңа астана құрылысына, Қызылорданың Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени орталығы ретінде орнықтыруға С.Қожанов, Т.Рысқұлов, Ж.Мыңбаев, Н.Нұрмақов сынды бірқатар қоғам қайраткерлері белсене қатысты. Осылайша, Қызылорда қаласы 1929 жылдың мамыр айына дейін «ҚазақАКСР-нің» астанасы болды.
Мұнан соң, Жоғарғы билік өкілдері Сыр өңірінің экономикалық және табиғи жағдайы қолайсыз деп тауып, ел астанасын Алматыға ауыстыру жөнінде қаулы қабылдады. Елорданың Сыр өңірінен Жетісуға ауысуына Түркістан-Сібір теміржолының іске қосылуы да тікелей әсер еткен. Ауа райы қолайлы, табиғи көркем жерде орналасқан Алматы қаласы аз уақыт ішінде елдің саяси, экономикалық, мәдени орталығына айналды. Астана болған жылдары Алматы миллионнан астам халқы бар, жан-жақты дамыған әсем де шырайлы шаһарға айналды. Алматы қаласы 1997 жылға дейін Қазақстанның астанасы болды.
Сонымен, 1991 жылы Қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, ел астанасын оңтүстік-шығыстан орталыққа көшіру мәселесі көтерілді. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жаңа астананы орналастыруға оңтайлы жерді, қаланы анықтау мақсатымен республиканың бүкіл аймағы мұқият зерттелді. Зерттеу нәтижесінде барлығы жағынан қолайлы деп танылған Ақмола қаласы болды. Зерттеуші арнайы топ бұл қаланың орналасқан жері сәулетшілік тұрғысынан кез келген жобаны жүзеге асыруға толығымен мүмкіндік береді деген. Мамандардың бағалауы бойынша Ақмолада тұрғын үйлер мен әкімшілік, іскерлік ғимараттарын салу бағасы да Алматымен салыстырғанда едәуір арзанға түседі деп топшыланған, әрине бұл шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
Қазақстанның жаңа Астанасын салу – ел Президенті Н.Ә.Назарбаевқа тиесілі идея. Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді ҚР Жоғарғы кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Мұнан соң, Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілген болатын. Жаңа Астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылы 10 маусымда өтті. Содан бері 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағын алып, 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі болды. Жалпы, Қазақстан астаналарының тарихы өте бай. Әрқайсысының ел игілігі үшін, дамып өркендеуі үшін қосқан үлесі зор. Сол жылдан бері Астана қаласы еліміздің бас қаласы болып қалыптасып, мемлекетте жаңа, жас қаланың іргетасы қаланды.

АСТАНАНЫҢ БҮГІНГІ КЕЛБЕТІ

Сарыарқаның төсінде, Есілдің жағасынан орын тепкен Астананың бүгінгі келбеті – әлем жұртшылығына аян. Тарихқа көз жүгіртсек, сонау Ақмола, Целиноград атауларын арқалаған жас қала, қазіргі таңда түрлі форумдар мен саяси жиындар өтетін маңызды орталыққа айналды. Экономикасы мен мәдениеті қарыштап дамудың даңғыл жолына түсті. Күн сайын келбеті артып келе жатқан шырайлы шаһарда бой көтерген зәулім сарайлар мен жаңа ғимараттар да аз емес. Қалаға ат басын бұрып, табан тіреген шетел азаматтары жас қаланың әсемдігіне тамсанып, көкпен таласқан «Бәйтерек» монументіне бас сұқпай кетпейді. Астана сәулеттік кешенінің басты өзегін құрайтын негізгі орындарының алғашқы сапында «Хан Шатыр», «Бәйтерек», «Ақорда», «Бейбітшілік және келісім сарайы» және «Қазақ Елі» монументі тұр. «Бейбітшілік пен келісім» сарайы, «Тәуелсіздік» сарайы еліміз үшін маңызды, саяси форумдар мен үлкен басқосулардың мекеніне айналды. Ел Президентінің резиденциясы – Ақорда әсем де, салтанатты келбетімен қаланың ажарына сән қосып тұр. Мемлекеттік маңыз беретін ең айшықты ғимарат, оның ішкі сәулеті де ұлттық өнер мен дәстүрге мол. Осы ғимараттардың өзі тәуелсіздіктің тұғыры, азаттықтың белгісі іспетті. Астана қаласының 20 жыл ішінде жеткен жетістіктері мен шыққан белестері аз емес. Қазақстанды әлемге танытқан Елорданың даму жағдайы да, архитектуралық құрылысы да ерекше. Астана қаласы арқылы әлем жұрты Қазақстанды таныды, оның қазіргі дамуы дәрежесін білетін жағдайға жетті. Тұғырлы тәуелсіздігімізге 26 жыл болды. Аз уақыт ішінде азаттықпен қатар, ел іргесінің беріктігін қалап, береке-бірлігі жарасқан көпұлтты мемлекет атандық. Өз патшасы, өз саясаты, ұланбайтақ жері мен кеңпейіл халқы бар – Қазақстан әлемдік аренада өзін танытты. Оған бірден-бір себеп болған «Экспо – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі. Айтулы көрмеге әлемнің түкпір-түкпірінен 115 мемлекет қатысып, әрқайсысы өзінше болашақ энергиясының қайнар көзін ұсынды. Дүниежүзіне есігін айқара ашқан Елордамыздың әсем келбетіне тамсанбаған адам жоқ. Төрткүл дүниеге Қазақстанның дербес мемлекет екендігін, бәсекеге қабілетті екендігін тағы да бір дәлелдеді. Елорданың көз сүйсіндірер әсем көркін сөзбен айтып тауысу мүмкін емес. Ол – тәуелсіз мемлекеттің Елордасы ғана емес, сондай-ақ қарыштап дамыған мемлекеттің, мәңгілік достықтың символы. Қазақ елінің заманауи бас қаласының жүйелі жетістіктері аз емес. Елорда – біздің арман-тілектеріміздің жүзеге асуының белгісі. Астана – жасампаз, жастар қаласы. Оның болашағы жарқын, келешегі кемел.
Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев аса үлкен жауапкершілікті мойнына алып, соңына дейін жеткізе білді. Тәуелсіздік алған жылдары жаңа, азат мемлекеттің негізін қалау, өз саясатын қалыптастыру секілді қиын да күрделі кезеңнен халықты алып шықты. Тұңғыш Президентіміздің ерен еңбегі мен жүйелі жұмысы ел жадында. Қайсар мінезі мен көрегенділігінің арқасында тарихи дүмпулерден мойымай, жаңа Астананың құрылысын қалады. Елорда тәуелсіздігіміздің бойтұмары, бүкіл қазақстандықтардың ортақ мақтанышы, бағыт-бағдарымызды айқындап беретін бағдаршамымыз, достық пен бейбітшіліктің мекені. Бүгінде бас қаламыз Астанаға – 20 жыл. Ауыз толтырып айтар жетістіктеріміз аз емес. Әлем елдері тамсанып қарайтын ару Астанамыз бұдан әрі өркендеп, тек жақсылыққа қадам бассын дейміз.

Дайындаған: Нұр АЛМАС.

04 қаңтар 2018 ж. 1 651 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 785

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031