» » ИТТІҢ ҚАПҚАНЫН КҮТУІМІЗ КЕРЕК ПЕ?..

ИТТІҢ ҚАПҚАНЫН КҮТУІМІЗ КЕРЕК ПЕ?..

Қазақ “итің жаман” десе өкпелейтін халық. Солай екен деп, жұрттың көңіліне қашанғы қарап жүреміз? Оқырмандарымызға белгілі, соңғы жылдары “Сыр медиа” ЖШС меншігіндегі басылымдарды тарату қызметін іске қосты. “Көш жүре түзеледі” демекші, бүгінгі таңда таратушыларымыз талапқа сай еңбек етіп жатыр. “Газетіміз келмейді” деген мазмұндағы арыз-шағымдардың азаюы сөзімізге дәлел бола алады. Әрине, бұл кемшілік жоқ деген сөз емес.
Сонымен, біз газет тасымалдаушы қызметкерлеріміздің уәжін назарларыңызға ұсынайық. Олардың айтуынша, ит асырамайтын үй кемде кем қазір. Қынжылтатыны, кейбір ит егелері қасқырдай көзі қанталап, жеп қоярдай шабаланатын “жетінші қазынасын” байлап қоюды білмейді. Түрінен адам шошырлық “төрт аяқты досқа” сенім бар ма, күтпеген жерден қауып алуы ғажап емес. Ал енді есігінің алдында қорқынышты “қарауылы” жүрген үйлерге қалай газет апарып бересің? Уақытылы қолына алмаса, жазылушы “газет келмей жатыр” деп шағым айтатыны бесенеден белгілі. Апарайын десең, жағдайдың кескіні анау. Амал жоқ, тасымалдаушыларымыз иттердің үйге кіріп, көшеден көрінбеуін күтіп, әуре-сарсаңға түседі.
Редакциямыздың кент бойынша тасымалдаушысы Шәрікүл Жүсіпованың сөзінше, жағдай Мысық би атындағы көшеде ушығып тұрған көрінеді. “Денсаулығыма байланысты газетті күннің ыстығы қайтқан соң таратамын. Ал, бұл уақытта Мысық би көшесіндегі иттер өріп жүреді. Әсіресе, №4/1, №30, №32/2, №28 үйлерге газет беру қиынның қиыны. Сондай-ақ, Панфилов №30 және Жеңістің 50 жылдығы көшесіндегі №9/2 үйдің егелері қанша ескерткеніммен пікірімізге құлақ асар емес”, – дейді тасымалдаушымыз.
Кенттегі өзге тасымалдаушыларымыз да “ит мәселесін” жиі айтады. Яғни, көшедегі желкесі күжірейгендердің кесірінен ары-бері өту мұңға айналып отыр. Сонда дейміз-ау, құдай сақтасын, күндердің күнінде өкінішті жағдай орын алса не болады? Әлде, сол кезде ғана еркіндікте жүрген алабайлар байлана ма?
Бұл сөзіміз кентте қаңғыбас ит-мысықтармен жұмыс жүргізілмей отыр дегенді білдірмейді (аудандық ветеринария бөлімінің мәліметінше, өткен 5 айда 627 қаңғыбас ит-мысық жойылған). Әңгіме жұрттың әлпештеп бағып отырған үй жануарларына қатысты болып отыр. Дұрыс, асырау керек, бірақ өзге жұртқа зиянын тигізбеген жөн емес пе?!
Қорытқанда, құрметті тұрғындар! Қауіптің алдын алу үшін, көшеде емін-еркін жүруіміз үшін иттеріңізді аула ішінде байлап ұстасаңыздар екен. Біз газет арқылы ұсыныс тастап отырмыз. Мүмкін, құзыретті орындар тарапынан да тұрғындар арасында насихат жұмыстарын жүргізу қажет шығар.
Айтқандай, жоғарыда қазекемнің “итің жаман” десе өкпелейтінін тілге тиек еттік қой. Десе де, атап көрсетілген мекен-жай тұрғындары уәжімізге түсіністікпен қарайды деген ойдамыз. Сондай-ақ, оқырмандарымыз үйлеріне пошта жәшігін орнатса деген өтінішіміз бар.
27 маусым 2018 ж. 850 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930