СЫР ЕЛІНДЕГІ ҚОС ҚУАНЫШ Биыл әлемді салтанатымен сүйсіндірген, асқақтығымен таңдандырған Астананың жиырма жылдығы. Астана – тәуелсіз Қазақстанның жаңа келбеті. Жалпақ әлемге «Үшінші мыңжылдықтар астанасы» ретінде танылған жас қала Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен аз ғана уақыт ішінде бой көтерді.Талас жоқ, Елордамыз – егемен елдің тәуелсіздік жолында атқарған ұлы істерінің мазмұнымен өрнектелген құнды шежіресі.Жаңа Астананың тарихы Елбасымен тығыз байланысты. Осы орайда көрнекті дипломат, мемлекет қайраткері, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Астана – Елбасының перзенті. Ол – Ұлт көшбасшысы, мемлекет құрушы әрі ғажайып қала – Астананың рухани әкесі, архитекторы. Оның есімі дәуірдің ең белгілі, ықпалды жаңартушыларының қатарында аталады. Ол жаңа Қазақстан мемлекетін орнату кезеңінде қазіргі заманның ең дарынды жасампаз реформаторы ретінде танылды» деген сөзін келтіріп өткен артық болмас.Астана – Президенттің жасампаз қолтумасы және қайталанбас жауһары. Тәуелсіздік туы көтерілген күрделі жылдар туралы Президент өзінің «Қазақстан жолы» еңбегінде: «Біз Астананы нөлден бастадық. Көшіру барысында барлық қиындықтарды бастан өткердік. Бұл бізге арман болатын. Енді керемет қала, Қазақстанның жүрегі және мақтанышы» деп жазған Мемлекет басшысы бас қаланың бұлай аталуының сыры туралы «Бұл қала, Қазақстанның жаңа астанасы менің мақтанышым еді, сондықтан оның атауын сан құбылтуға жол бере алмайтын едім. Онда Ақмоланы қалай атаған, дәл айтқанда, қалай қайта атаған жөн? Ол атау қазақстандықтардың, еліміздің барша ұлты мен ұлысының ғана емес, кірпияз шетелдіктердің де көңілінен шығуы керек... Бір жолы түнде, дәлірек айтсам, сағат түнгі екіде Астана деген атау ойыма сап етіп, көкейіме қона кеткені. Астана дегеніміз – Астана! Қазақша әдемі естіледі. Қомақты, ауыз толады, қысқа да нұсқа, әуезді. Орысша да, ағылшынша да солай естіледі. Бұл атауда батылдық, мығымдық және айқындық реңк бар» деген ойын жеткізген.Астана – сәулеті мен дәулеті жыл санап кемелденіп келе жатқан қала. Бүгінде ол халықаралық маңызды жиындардың, симпозиумдар мен форумдардың ордасына айналды. 2011 жылы Астана төрінде ЕҚЫҰ-ның бірегей саммиті өтті. Былтыр ЭКСПО-2017 көрмесі ашылып, үш ай бойы «Болашақтың энергиясы» тақырыбында халықаралық мамандандырылған көрме ел назарын өзіне аударды. Астана маңына «Жасыл белдеу» жобасы аясында үлкен орман бағы өсірілуде. Онда әлемнің әр елінен әкелінген ағаштар отырғызылып, Астана маңын жасыл желекке бөлеу жоспарланған. Астана – «Бәйтерек», Ақорда, «Хан шатыр», «Думан», Салтанат сарайы, ЭКСПО қалашығы секілді ондаған бірегей сәулетті кешендер арқылы өзіне елді баурайды. Одан бөлек, спорт сарайлары, театрлар, концерт залдары, бірегей ескерткіштер, әлемге танымал оқу орындары Астана даңқын ұзаққа жеткізіп отыр. Астана – ел экономикасын өрге сүйреп отырған локомотив. Болашақта ЭКСПО қалашығын әлемдік экономикалық орталыққа айналдыру жоспары бар. Еліміздің даму барысына көз жібергендер бұл қаланың ел дамуына қосқан үлесі зор екенін айтады. Өйткені, оңтүстіктегі сауда, қызмет көрсету, өндіріс ошағын ашу қызмет түрлері солтүстікке жылжыды. Инфрақұрылым, халықаралық қатынас жолдары, автожол мен темір жол салынып, елішілік барыс-келіс нығайды. Бұл үрдіс әлі де тоқтаған жоқ. Міне, осындай жетістіктерге жетіп отырған бас қаламыздың 20 жылдығын бүкіл ел болып тойлап жатырмыз.Торқалы тойға дайындық өткен жылы басталып, көптеген шаруа тындырылды. Мәселен, Үкімет қаулысымен бекітілген Астананың 20 жылдығы аясында өтетін 175 шараның қай-қайсысының да маңызы жоғары. Бұл басқосулар халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейлерде ұйымдастырылды. Иә, Астана тойы – халықтың тойы. Оны тек Елорда тұрғындары ғана емес, бүкіл республика халқы тойлауда. Солардың қатарында Сыр елі халқы да бар. Алайда, біздер үшін биылғы мерекенің бір ерекшелігі, Сыр елінің орталығы саналатын Қызылорда қаласының 200 жылдық тойы қатар келіп отырғандығы.Елбасы «Сыр – Алаштың анасы» атандырған өңірдің бас қаласы – Қызылорданың ел тарихында алар өзіндік орны бар. Қаланың алғашқы іргесі 1818 жылы қаланды. Қоқандықтар Түркістанды жаулап алғаннан кейінгі жылдары Шымқорған, Күмісқорған, Жөлек және Жаңақорғанды, осылардың басты орталығы – «Ақмешіт» бекінісін сала бастайды. Қоқандықтар «Ақмешітті» қорған-бекініс ретінде салады. Қаланың орталығында ақ кірпіштен өрілген мешіт болған. Қаланың атауы да осыған негізделіп аталғанОрынбор генерал-губернаторы В.Перовский 1853 жылы 28 шілдеде әскерімен Ақмешіт қаласына басып кірген. Қоқандықтарды қаладан қуып шығып, өздерінің бекініс орталығына айналдырады. Осы жылдан бастап қаланың аты Перовск аталады.1922-1925 жылдары қала қайтадан Ақмешіт атауын иеленді. Қазақ АКСР-і Орталық комитетінің 1925 жылғы 9 ақпандағы шешімімен республика астанасы Ақмешітке көшірілетін болды. Ақмешіт қаласы Орынборға қарағанда қазағы көп өңір ретінде ең басты тілге тиек етілді. Бұл қалада 90 проценттен астам қазақтар тұратын. Бүгінгі көзқарас тұрғысынан қарағанда республика басшылары Сұлтанбек Қожанов, Смағұл Сәдуақасов астананы көшіру мәселесінде ұлттық мүддені басты назарға алғаны анық. Қазақ АССР-і Кеңестерінің V съезі делегаттары және өкімет мүшелері бар пойыз Орынбордан республиканың жаңа астанасы Ақмешітке 1925 жылдың наурыз айының аяғында аттанды. Съезд делегаттарының ішінде мәдениет, өнер қайраткерлері Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Жұмат Шанин, Қажымұқан Мұңайтпасов, Сәкен Сейфуллин, үкімет мүшелерінен Мұхамеджан Тынышбаев, Сұлтанбек Қожанов, Абылай Серғазиев, Сүлеймен Есқараев болатын.1925 жылдың 15 сәуірінде Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қазақ АССР Кеңестерінің V съезі салтанатпен ашылды. Съездің басты қарарында «қырғыз» ұлтының «қазақтар» атауын қалпына келтіру» туралы қаулы қабылдады. Бұл қаулыға сәйкес бұрындары әдейі бұрмаланып келген «киргиз» атауы «қазақ» деген тарихи атауын қайта қалпына келтірді. Сонымен бірге съезд «Қырғыз Республикасын» «Қазақ Республикасы», ал, оның астанасы Ақмешітті Қызылорда деп атауға қаулы қабылдады.Алты Алаштың астанасы болған Қызылорда Қазақстан астанасы деп аталуымен жаңа тарихтың беті ашылды. Ежелден астана орталықтары болған өңірде ел үкіметі жасақталды. Жаңа астананың іргесі бекітілді. Қалада құрылыс нысандары салына бастады. Қала тұрғындарының саны артты. Қала толығымен электр жарығымен қамтамасыз етіле бастады. Астана мәртебесіне қол жеткізген соң, түрлі мекемелер мен өндіріс орындарының іргетасы қаланды. Біртіндеп кондитерлік фабрика, ет комбинаттары, сыра зауытымен бірге басқа да кәсіпорындардың қатары көбейді. Жаңа оқу орындары мен халыққа қызмет көрсету ошақтары, жаңа ғылыми-зерттеу институттары, ауруханалар бой көтерді.Бүгінде Қызылорда екі ғасырдың куәсіндей болып, сұлу Сырдың жағасында жарасым тауып көз алдымызда күн сайын көркейіп, кеңейіп келеді. Расында да, қазір құрылыс қарқынына көз ілесер емес. Шаһар келбетіне көрік қосқан зəулім ғимараттар алыстан мен мұндалайды. Санаулы ғана уақытта бой түзеген тұтас мөлтек аудандар тұрғындар жүрегінде жылылық ұялатады. Қызылорда қаласының даму жоспарына сəйкес, Сырдария өзенінің сол жағалауын дамыту мəселесіне бүгінгі талаптарға сəйкес заманауи үлгідегі жаңа қала құрылысы жүруде.Ал күні кеше Астанада Қызылорда облысының Елордаға тартуы – зымыран-ғарыш техникасы музейінің ашық экспозициясы ашылды.Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ, «Сыр бойы». Қоғам 09 шілде 2018 ж. 633 0