Отандық нейрохирургиядағы оң өзгерістер

«Қоршаған орта мен түнгі жұлдыздар әлемі қандай жұмбақ болса, адамның миы да одан кем емес табиғат жұмбағы» дейді британдық нейрохирург Генри Томас Марш. Нейрохирургтердің қызметі – осы тылсымға үңіліп, кінәратын емдеп, ми қатпарларын қатерден арылту.
Ұлттық нейрохирургия орталығында балалар нейрохирургиясы бойынша шеберлік сабағын өткізген академик, Ресей ғылымының еңбек сіңірген қайраткері Вильям Хачатрян «Бұрын «қазақтар» деп жай айта салатын үн, дауыс екпіні өзгерді, қазір «қазақтар» деген дыбысталудан құрмет естіледі. Үйренушілер қатарындағы қазақ нейрохирургтері бүгінде білікті əріптестерге айналды. Қазақ елі көркем қалаларымен, салынғаны бар, салынып жатқаны бар даңғыл жолдарымен, білікті де білімді, бірнеше тілде еркін сөйлейтін жас мамандарымен көрінуде», дейді. Расында, қазіргі кезде қазақстандық нейрохирургтер өз әлеуетін кеңінен танытуда. Алайда Генри Марш айтқандай, адам жүйкесінің тереңінде жатқан жұмбақ таусылар емес. Сондықтан отандық нейрохирургтер алдындағы міндет ауқымды.
Жуырда Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығының 10 жылдығы аясында 23 елдің білікті нейрохирургтерінің басын қосқан халықаралық конгресс өтті. Жиынға қатысушылар 10 жыл ішінде 37 мыңнан астам адам емделіп, 25 мыңнан аса ота жасалған және 66 нейрохирургиялық жаңа технологияны енгізген емхананы мерейтойымен құттықтады. Елімізде алғаш рет нейрохирургияның жаңа салалары микронейрохирургия, эндоваскулярлық, эндоскопиялық, функциялық нейрохирургия, кішіинвазивтік жұлын және тамыр нейрохирургиясы сияқты бағыттарды дамытқан орталықтың ауыз толтыра айтатын жетістіктері жетерлік. Соның бірі, нейрохирургиялық нозологиялар бойынша пациенттерді емдеу және нейрохирургиялық патология салдарынан мүгедектікке ұшырауды азайтуға қол жеткізілді. Бұл адам өмірінің сапасын жақсартып, ғұмырын ұзарту мақсатында тынбай ізденудің арқасында мүмкін болып отыр.
WFNS әлемдік нейрохирургиялық қауымдастықтар федерациясының президенті Франко Сервадей «Форум қазақстандық нейрохирургтерге көрші елдермен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатуда тиімді алаңға айналды. Қазақстанның табысы көрші елдердің жас нейрохирургтерін оқытуынан да көрінеді. Шынында орталықтың ғылыми бағдарламасы жоғары әлеуетке ие. Қазақ нейрохирургия орталығы медицина саласында кадрлық әлеует пен тәжірибе алмасуды түрлендіру арқылы нейрохирургия бағыттарының кез келген шыңына шыға алады», дейді. Халықаралық қауымдастық басшысы айтқандай, бүгінде отандық нейрохирургтердің еңбегі медициналық туризмнің өрістеуіне де жол ашуда. Ал ресейлік академик Вильям Хачатрян Қазақстандағы нейрохирургияны дамытуда басты назарда болатын дүние ретінде күрделі операцияларды облыстарда емес, орталықтың маманданған шеберлеріне жасату, ал өзге қалаларда жеңіл операцияларды өткізуге қол жеткізудің тиімділігін айтады. «Жалпы, нейрохирургияда оңай операция деген түсінік болмауы тиіс. Мидың күрделілігі соншалық, бірінен бірі айнымайтын операция жасап көрген емеспін. Әр адам ағзасының ерекшелігі бар. Мидың қатпарлылығына қоса оған келмейтін қан тамыры жоқ болғандықтан әр операция қиынға түседі. Дегенмен күрделі операцияларды орталықтандыру мәселесі аса маңызды. Сонда орталық дәрігерлерінің жұмыстары айқын бола түседі», деді.
Айтулы дәрігерлер айтқандай, қазақстандық нейрохирургия өте қарқынды даму үстінде. Тіпті кей салаларда жетекші рөлге ие. Мәселен, Украина нейрохирургтер қауымдастығының президенті, профессор Владимир Смоланка эндоскопия, миға жасалатын хирургиялық ем түрлері, оның ішінде онкологиялық ісіктер, омыртқа хирургиясында алға түскен орталықтың функциялық нейрохирургиядағы жетістіктері де назар аударарлық екенін жеткізді. «Нейрохирургиядағы проблемаларды сөз еткенде, ми қан тамырларының аурулары, инсультпен күрес түрлері, балалар нейрохирургиясын айналып өтуге болмайды. Бұл ретте қазақстандық мамандардың айтары бар. Бүгінде қоғамның жасаруынан қартаюы қарқындырақ, сонымен бірге жасы ұлғайған адамдардың арасындағы нейрохирургиялық дерттер саны да арта түсуде. Сондықтан жалпы медицинада, оның ішінде нейрохирур- гияда көптеген мәселелер туындап отыр. Эпилепсия ауруы да мамандардың назарын аударуды қажет етеді. Біз бұл аурудың 70 пайызын дәрімен емдейміз, ал 30 пайызының ұстамасының ұстауын дәрінің күшімен қадағалай алмаймыз. Қазір бұл санаттағы науқастардың кейбірін нейрохирургиялық операциямен емдеп, ұстаманы тоқтатуға болатыны белгілі болды», деді ол. Сондай-ақ бұрын неврологтардың пациенттері болып келген аурулардың ауқымды бөлігін қазір нейрохирургтер емдейтінін, бұл саланы дамытудың көптеген мәселелері барлығын айтады.
Бүгінде бұл орталық жаңа емдеу әдістерін қолдану мен ерте диагностикалаудан бастап, науқастарды оңалтумен аяқталатын нейрохирургиялық қызметтерді толығымен көрсететін жетекші клиникалардың біріне айналды. Қазақстандықтар шетелге бармай-ақ диагностикалау мен емдеудің озық әдістерін қолданатын клиникада емделеді. Сондықтан Израильдің Сорока университеті медициналық орталығының нейрохирургия бөлімшесінің жетекшісі Исраэль Меламед Ұлттық нейрохирургия орталығымен арадағы әріптестікке көңілі толатынын атап өтті. Ол өз сөзінде орталықтың осы бағытта әрі қарай дамуы- на, жаңа Астанамен бірге жарқын болашаққа қадам басуына тілектестігін білдірді.
Форум барысында Қазақстан, ТМД елдері және басқа да алыс-жақын шетелдердің нейрохирургия, неврология, нейроанестезиология және нейрореанимация саласының жетекші мамандарына алғаш рет Әлемдік нейрохирургиялық қауымдастықтар федерациясымен танылған Prof. Eka J. Wahjoepramono және Dr. Julius July есімді нейрохирургтарының 3D дәрісі өтіп, мидың терең бөлігін үш кеңістікте қараудың ерекше мүмкіндігі ұсынылды.
Ұлттық нейроxирургия орталығының басшысы Серік Ақшолақовтың айтуынша, саладағы ізденістер мен жаңалықтар жалғасын таба береді. Мәселен, жақын арада «Gamma Knifе», яғни «гамма-пышақ» көмегімен мидағы кішігірім ісіктерді операциясыз жоюдың жолы ашылмақ. Радиоxирургиялық әдіспен емдеу де соңғы теxнологиялардың бірі. Онымен кішігірім ісіктерді, сондай-ақ қан тамырының ақауларын сәулемен 20-40 минуттың ішінде емдеп шығуға болады екен. Бұл теxнологияны Орталық Азия бойынша бірінші қолға алуды жоспарлаған клиника қажетті маман-дәрігерлерді жастар қатарынан жасақтап, Ресейде, Венгрия мен Францияда дайындады. Қазір олар гамма-пышақтың орталыққа жеткізілуін ғана күтіп отыр. Бүгінде қазақстандықтар аталған жаңа теxнологиямен емделу үшін шетелге барады. Оған жұмсалатын қаражат көлемі де аз емес. Бұл жайында профессор С.Ақшолақов «Бір адамға шамамен 20-50 мың еуро қажет. Ал аппарат келгеннен кейін мұның бәрін елімізде жасаймыз. Барлық ем шаралары мемлекеттік квота бойынша жасалады. Бұл xалыққа мемлекет тарапынан нақты көмек болады», дейді. Анар Төлеуханқызы , «Егемен Қазақстан»
Анар Төлеуханқызы
egemen.kz