» » Сайрагүл Сауытбайға араша түсейік!

Сайрагүл Сауытбайға араша түсейік!


Алматы облысының Панфилов аудандық сотында (Жаркент қаласында) Қытай азаматы, қазақ қызы Сайрагүл Сауытбайға қатысты сот жүріп жатыр.
 
Жалпы, Сайрагүл Сауытбайдың басындағы қиын жағдайдан жұртшылық құлағдар. Ол жөнінде еліміздің ақпарат құралдарында биылғы мамыр айынан бері жиі айтылып келеді. Қоғам белсенділері, ұлтжанды азаматтар, жалпы әлеуметтік желі қолданушылары Сайрагүлді Қытайға қайтаруға түбегейлі қарсылық білдіруде, оны қорғап қалуға шақыруда.
 
Сайрагүл Сауытбайдың күйеуі Уәли Сіләм 2016-жылы Ұлағат, Үкілай есімді екі баласымен Қытайдан Қазақстанға, Астана қаласына қоныс аударған. Кейін Алматы облысына көшкен, қазір Еңбекшіқазақ ауданындағы Бәйдібек ауылында пәтер жалдап тұрады. Тұрақты жұмысы жоқ, әркімге жалданып күнкөріс жасап жүр. 2017-жылдан бері Қазақстан азаматы.
 
Ал Сайрагүлдің өзі Қытайда балабақша директоры қызметін атқарыпты. Айтуынша, мемлекеттік қызметте болғандықтан әрі паспортын сақшылар алып қойғандықтан Қазақстан азаматтығына өтініш түсіре алмаған. Кейін оны «Саяси үйрену орталығы» деп аталатын жабық мекемеге мемлекеттік идеологияны жүргізетін мұғалім етіп ауыстырыпты. Басқа құжаттарын алып қойып, тек Қытай азаматы екенін білдіретін төлқұжатын ғана өзінде қалдырыпты. Күйеуі жоқ, бойдақ қазақ ұлты әйелдерінің бірі ретінде белгілі бір күндерде қытайлықтың үйінде қонып тұруға міндеттеген. Сайрагүл таныс қытайлықтан үйімде қонып жүр деген қолхат алып, түнде жасырынып өз үйіне өтіп, жарық жақпай түнеп жүріпті. (Мұның бәрі Сайрагүлдің өз айтқандарынан белгілі болып отыр).
 
Аталған орталықтағы қызметкерлердің бәрінен мемлекеттік құпияны әшкере етпеу жөнінде қолхат алынады екен. Яғни қаласаң да, қаламасаң да сол жерде жұмыс істейсің әрі одан басқа жаққа кетпейсің, ешкімге ештеңе айтпайсың, құпияны ашсаң, жазаланасың. Ал мұндай мекемелерге мыңдаған қандастарымыздың қамалғаны туралы ақпарат көздерінде жарық көрген жарияланымдардан белгілі.
 
Еркіндігіне шектеу қойылған осындай жайлардан кейін Сайрагүл Қазақстанға кетуге бел буыпты. Оның үстіне қызметтес бір қытай қызынан өзінің де қамалуы мүмкін екені туралы естіпті. Содан есебін тауып, шекарадағы «Қорғас» сауда орталығына кіруге мүмкіндік беретін рұқсат қағазына қол жеткізген.
 
Сайрагүл Сауытбай биылғы сәуір айында «Қорғас» кеден бекеті арқылы Қазақстанға өткен. Кейін Қытай жағы оған іздеу жариялапты. Арада көп өтпей еліміздің Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің қызметкерлері Сайрагүлді үйінен алып кеткен. Осы оқиғаны оның күйеуі мен қайнысы ақпарат құралдары арқылы жұртқа жария еткен еді.
 


Көп ұзамай Сайрагүл Сауытбайды тергеу амалдарын жүргізу үшін екі айға қамауға алу жөнінде сот санкциясы да шықты. Оған Қылмыс­тық Кодекстің 392-бабының 1-тармағы бойынша (шек­араны заңсыз бұзып өту) айып тағылды.
 
Сайрагүл Қытай қысымына шыдай алмағандықтан осындай қадамға баруға мәжбүр болғанын айтып, өзіне тағылған айыпты мойындап отыр. «Қазақстанда қан­дай жаза қолданса да дайынмын, тек Қытайға қайтармасыншы», – деген тілегін де жеткізіпті. Өйткені Қытайға қайтарылған жағдайда оны ауыр жаза күтіп тұр, тіпті өлім жазасына кесіп жіберуі мүмкін көрінеді.
 
Ол күйеуімен, балаларымен қауышқаннан кейін өзінің телефонын, «Қорғасқа» кіруге мүмкіндік берген рұқсат қағазын өртеп жібергенін айтқан. Яғни ол өзін Қытай жағы телефон арқылы тауып алады деп қорыққан екен.
 
12-шілдеде болған сот отырысында оған шека­раны заңсыз бұзып өткені туралы ресми айып тағылды. Мұндай жағдайда ол Қытайға қайтарылуы тиіс екен. Сайрагүлдің өтініші бойынша келесі сот отырысы 23-шілдеге қалдырылыпты.
 
Сайрагүлдің сотына 2017-жылы Астанада өткен Дүние жүзі қазақтарының Құрылтайында Қытай қазақтарының басындағы ауыр халді ашық айтып, Елбасына жеткізген германиялық қазақ азаматы Өмірхан Алтын да арнайы келіп қатысты. Ол кісінің бұл мәселені Еуропа Парламентінің адам құқықтары жөніндегі Коми­тетінде көтергені де белгілі. Таяуда бұл құжаттар Еуропарламенттің төменгі палатасында тал­қыланған, сосын жоғарғы палатасына жіберілген. 
 
Ал таяуда Германиядағы адам құқын қорғайтын бір ұйым Қазақстан Президенті Н.Назарбаевқа С.Сауытбайға ара түсуді өтінген хат жолдады. Қысқасы, бүгінде Сайрагүлдің жағдайынан дүние жүзі хабардар, бұл жөнінде айтып, жазып жатқандар көп. Көзіқарақты азаматтар Халық­аралық Конвенция шарттары сақталса, Сайра­гүлге араша түсуге әбден болатынын айтады. Конвенция шарттары бойынша ерлі-зайыпты адамдар бір елде тұруға құқылы, сондай-ақ егер бір елден екінші елге өткен босқын өзінің өміріне қауіп төніп тұрғанын айтса, дәлелдесе, оған саяси баспана беруге болады екен. Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар ісі жөніндегі комиссиясы да С.Сауытбайдың мәселесінен құлағдар, оның тарапынан да бір әрекет болуы мүмкін. Ол шешім шығарса, Қазақстан оны қуаттаса, Сайрагүлді Қазақстанда қалдыруға мүмкіндік тумақ. Оның шекараны заңсыз бұзып өткеніне қатысты қандай да бір жазаны Қазақстанда өтеуіне болады.
 
Бұл жөнінде осы істің басы-қасында жүрген тағы бір азамат – Қазақстандағы «Атажұрт ерікті жастары» қоғамдық ұйымының мүшесі Серікжан Біләшұлы да айтты. «Сайрагүлдің Қазақстан азаматымен заңды некеде екенін растайтын неке куәлігі бар. Халықаралық адам құқықтары мен БҰҰ Конвенциясында егер саяси баспана сұраған адам өзінің тұрғылықты еліне қайтарылған жағдайда ауыр жаза күтіп тұрғанын айтса оған саяси баспана берілуі тиіс екені анық жазылған. Сондықтан Сайрагүл Са­уытбайға Қазақстаннан саяси баспана беру керек», – дейді ол.
 
Жалпы, Сайрагүл уақытша оқшаулау абақтысында отырған екі айда жанашыр азаматтар тарапынан оған араша түсуге қатыс­ты түрлі әрекеттер жасалды. Жұртшылық қолдан келгенінше болысып-ақ жатыр.
 
Енді көп ұзамай соттың түбегейлі шешімі де белгілі болмақ. Еліміз өзіне пана іздеп келген қазағын қорғай ма, әлде «басқа жол жоқ» деп Қытайдың қолына қайтарып берер ме екен? Неге бір амалын табуға болмайды? Сайрагүлге араша түсейік, аға­йын!
 
Т. Тұран,

Zamana.kz
 


25 шілде 2018 ж. 728 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930