» » ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗ ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

Мемлекеттің іргетасының беріктігі сол елде өмір сүріп жатқан әр отбасының бәтуалы берекесіне байланысты. Сондықтан бірнеше жылдан бері елімізде Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өтіп келеді.
Жуырда Алматы қаласында өткізілген «Мерей­лі отбасы» сайысы өз мәресіне жетті. Қаладағы 8 ауданнан қатысқан 131 отбасынан 16 жанұя ақтық сайысқа іріктеліп шықты.
1 маусым – Балаларды қорғау күні мерекесіне орай қала әкімдігінде өткен шараға бес жүзге жуық адам қатысты. Бірнеше айға созылған жарыстың қорытындысымен Алматы қаласының тұрғыны, «Жалағаш ауданының Құрметті азаматы», Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ғасырға жуық үзілмей келе жатқан оқытушылар династиясының жалғастырушысы, ардагер ұс­таз, жерлесіміз Сәбит Иманғалиевтың отбасы жүл­дегер атанып, бағалы сыйлықпен және арнайы дипломмен марапатталды. Жиында жеңімпаз отбасын құттықтаған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев Иманғалиевтер отбасына алдағы республикалық байқауға жолдама беріп, сәттілік тіледі.
Расында, бүгінде Иманғалиевтер әулеті – берекелі бірлігі, жоғары саналы мәдениеті және отбасы мүшелерінің ұлттық тәрбие негізінде қалыптасқан қағидаларымен өзгелерге үлгі-өнеге. Сәбит Иманғалиев пен Зубайра Қыстаубаева ұзақ жылдар білім беру саласында абыройлы қызмет етіп, ұрпаққа ұлағат таратқан аяулы ұстаздар. Саналы ғұмырларын ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнаған олар отбасында бес бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде Бауыржан, Гүлназ, Сәтжан – ғылым кандидаты, Гүлназ – доцент, Сәтжан – профессор, «Болашақ» бағдарламасының түлегі.
Сәбит Иманғалиев әр жылдары еліміздің астанасы болған Қызылорда, Алматы, Астана қалалары көшелерінің тарихы жайындағы кітаптардың авторы және автордың үш тілде жарық көрген еңбектері Германия мен Түркменстандағы Халықаралық кітап көрмесіне қойылған. Қызылорда облысы әкімдігінің және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Құрмет грамотасымен марапатталған.
Ал, Бауыржан Иманғалиевтің мемлекет және қоғам қайраткері, жазықсыз жаланың құрбаны болған Алаш арысы Темірбек Жүргенов туралы көлемді еңбегі де ұлт руханиятына қосылған қомақты үлес деп бағаланды. Зүбайра Қыстаубаева «Қазақстан білім беру ісінің үздігі» төс белгісінің иегері, 9-11 сыныптарға арналған «Қазақ тілі» оқулығының авторы.
Адал махаббаттың нұры, сыйластықтың сәулесіне шомылған шаңырақта, өнегемен өркен жайған әулетте қазақы дәстүр мен ана тілінің уызына жарып немерелер мен шөберелер көк құрақтай желкілдеп өсіп келеді. Олардың арасында да өнер, білім, спорт салаларының майталмандары бар.

Қ.АХЕТОВ.
05 маусым 2018 ж. 1 493 0