Қара үзгендер миллионер болады

Індетіп іздегенге бәрі айқын. 97 мың 538 адам толыққанды жұмыспен қамтылмаған, былай айтқанда жұмыссыз десеңіз болады. «Е, осыншама жұмыссыз адам бар екен. Екі қолына күрек таба алмаса өз обалы өзіне» деуге болар ма еді? Кейбір әкімдер «амалым жоқ» дер ме еді? Қызылорда облысының әкімі олай ойламайды екен.
Шағын және орта бизнесті өрістетуге 32 млрд теңгенің есебін шығарды. Қалтаны ұрмайтын, ай, жыл сайынғы инфляциямен-ақ айырмасын жеп қоятын жеңіл несие, үздік жобаларға қайтарымсыз грант. Әр аудан, ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар берілген. Ауыл әкімдерінің жұмысына септесу үшін қасына басқарма, жетекші мекемелерден арнаулы өкіл бөлді. Содан соң аудан, қала аралаған облыс басшысы жұмыс сапарының соңында кәсіпкерлікті қолдауға байланысты қорытынды жиын өткізді. Алда берекесі ақтарылған қоңыр күз келе жатыр. Кәсіпкерлікті дамыту мәселесінің қорытынды шешімі шығады. Осыған байланысты облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов жақсы жаңалығымен бөлісті.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыстың әр ауданы және Қызылорда қаласы бойынша үздік кәсіпкерлерді, облыс бойынша бір үздік ауыл әкімін және бір жауапты бекітілген тұлғаны, сондай-ақ палатаның аудандағы бір филиалын 1 млн теңгеден қаржылай сыйақымен марапаттау туралы шешім қабылдапты. Оған кімдердің лайықты болатындығы жыл соңында анықталады.
Бақтияр ТАЙЖАН,
egemen.kz
egemen.kz