Шетелдік талапкерлер Ұлттық университетте білім алғысы келеді
Көптеген шетелдік азаматтар үшін Қазақстандағы білім нарығы тартымдылығымен ерекшеленеді. Осы орайда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жоғары оқу орындарының рейтингі бойынша отандық білім берудің көшбасында тұр деуге негіз бар. Аталған университетте ағылшын тілінде білім берумен қатар 70-тен астам қосдипломды бағдарламалар жүзеге асып келеді.
Бүгінде алыс және жақын шетелдерден 150-ден астам талапкер Ұлттық университетке түсу үшін онлайн жүйе арқылы тіркеліп, құжаттарын тапсырды. Қазіргі кезде олардың өтініштері қабылданып, ендігі кезекте оқу орнына талаптарға сәйкес қашықтықтан қабылдана алады.
Бразилия, АҚШ, Франция, Германия, Индонезия, Оңтүстік Корея, Түркия, Үндістан және тағы басқа мемлекеттердің азаматтары осы жүйе арқылы өтініштерін білдіріп отыр.
Университеттің Оқу ісі жөніндегі проректоры Асқар Хикметов биылғы жылы шетелдік студенттердің үлкен легі қабылданатынын жеткізді. Жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін білім беру бағдарламалары, сондай-ақ ағылшын тілінде оқу мүмкіндігі, заманауи кітапхана, студенттерге қызмет көрсету орталығы, спорт кешені және жайлы жатақханалар орналасқан бірегей университет кешені талапкерлердің қызығушылығын туғызуда. Ұлттық университетте олар сапалы білім алумен қатар ғылыми және шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік алады.
Жаңа оқу жылында 600 шетелдік студент қабылданады деп жоспарланған. Жалпы медицина, ақпараттық жүйелер, халықаралық қатынастар, менеджмент, биотехнология, қазақ және орыс тілдерін оқу сияқты мамандықтар жоғары сұранысқа ие болып отыр. Эльвира Серікқызы, «Егемен Қазақстан»
egemen.kz
egemen.kz