Қазақстанның ең үздік емханалары анықталды
Денсаулық сақтау министрлігі 2017 жылдың қорытындысы бойынша медициналық ұйымдардың рейтингін жариялады. Қазақстанның ең үздік емханалары ішкі және сыртқы аудит нәтижелері, сондай-ақ науқастардың пікірлері негізінде анықталды, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі.
Жыл сайын жасалатын бұл рейтинг денсаулық сақтау саласындағы қазақстандық ұйымдардың қызметінің ашықтығын және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ, рейтингтің балдық жүйесі екі бағытта жүргізілді. Емханаларға клиникалық қызмет және менеджмент деңгейі бойынша 1-ден 5-ке дейін жұлдыздар берілді.
Менеджмент көрсеткіштері бойынша сараланған 17 ғылыми-зерттеу институттарының, ұлттық орталықтардың 3-уі, медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін 168 медициналық ұйымның 5-уі ең жоғары 5 жұлдыз алды.
Ал, ересектерге және балаларға арналған қалалық және облыстық стационарлар мен перзентханалар және перинаталды орталықтар арасында бірде-бір ұйым ең жоғарғы рейтинг алған жоқ.
Сонымен қатар, клиникалық көрсеткіштер бойынша жүргізілген бағалау нәтижелері бойынша 97 қалалық және 9 облыстық ересектер стационары, 3 – облыстық балалар стационары, 2 – ҒЗИ/ҰО ең жоғары көрсеткішкерге қол жеткізді.
Қалалық маңызы бар 25 перзентханалар мен перинаталды орталықтардың ішінде клиникалық көрсеткіштер бойынша 6 ұйымға 5 жұлдыз берілді.
Олар «Жамбыл облысы әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасының Қалалық перинаталдық орталығы» ШЖҚ МКК, Маңғыстау облысы
Денсаулық сақтау басқармасының «Жаңаөзен қалалық перзентханасы» ШЖҚ МКК, Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының
«Қалалық перинаталдық орталығы» ШЖҚ МКК, «Аймақтық акушерлік-гинекологиялық орталық» ЖШС, Қостанай облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Арқалық перзентханасы» КМК, ҚР ДСМ «Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығы» ШЖҚ РМК.
Сондай-ақ, клиникалық қызметі бойынша 17 облыстық перинаталды орталықтың алтауы 5 жұлдыз алды. Олардың санатына Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасы жанындағы «Перинаталдық орталық» ШЖҚ МКК, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық перинаталдық орталығы» ШЖҚ МКК, Ақтөбе облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық перинаталдық орталығы» ШЖҚ МКК, Қостанай облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Қостанай перинаталдық орталығы» КМК, Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Атырау облыстық перинаталдық орталығы» ШЖҚ КМК, Қызылорда облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық перинаталдық орталығы» МКҚК кірді.
Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі бұған дейін еліміздегі ең үздік перзентханалардың тізімін жариялаған еді.
Stan.kz
Пікір 2