Отарда Армия халықаралық ойындары басталды
Жамбыл облысындағы 40-шы «Отар» әскери базасында Қазақстанның Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақовтың қатысуымен «Армия халықаралық ойындары - 2018» байқауының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды.
«Армия ойындары барысында әлемнің түрлі елінен келген әскерилер оқу полигондарында өздерінің дайындықтарын көрсетеді. Армия халықаралық ойындары – бұл тек нысананы атудағы дәлділік, түрлі қаруды қолдану шеберлігі мен үлгілі спорттық дайындық және төзімділік қана емес, сонымен қатар тәжірибе алмасу (…) Баршаңызға таза және ымырасыз күресті тілеймін, ал қазылар алқасы әділ бағасын берсін», - деді С. Жасұзақов.
Шараға Қырғызстанның Қарулы күштері бас штабының бастығы генерал-майор Райымберді Дүйшенбиев, ҚР бас әскери прокуроры Дастан Сартаев, ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылы қазақстанның аумағында өтетін Армия халықаралық ойындары аясында «Сұңқарды аңға салу», «Артиллерия отының шеберлері» пилотсыз ұшу аппараттарының жарыстары және «Сенімді тәсіл» әскери байланысшылар байқауы өтеді.
Барлығы ойындарға 12 елден келген 18 команда қатысады: Әзербайжан, Беларусия, Венесуэла, Зимбабва, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан мен Сирия.
Baq.kz