Түркістан облысында заңгер полиция қызметкеріне тастаған қоқысын өзіне көтертті (видео)
Қазақстандық заңгер және құқық қорғаушы Құрманғазы Мүсір жол бойына ішкен сусынының бөтелкесін лақтыра салған полиция қызметкеріне тастаған қоқысын көтеруді талап етті. Сол сәтте құқық қорғаушы мен полицей арасында дау туындады. Оқиғаны видеоға түсіріп тұрған заңгер ақыры дегеніне жетіп, полиция қызметкеріне тастаған қоқысын өзіне жинатты.
Заңгер оқиғаның видеосын өзінің Facebook парақшасында жариялады, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі.
«Көтересіз бе, жоқ па? Қазір ғана полиция қызметкері сусынның бөтелкесін көшеге лақтырып жіберді. Оның көлігі де осында тұр. Мен оған тастаған қоқысын өзі алуын ескерттім, бірақ ол менің сөзімді елемеді. Тағы да қайталап айтамын, қоқысты көтеріңіз. Егер оны мен жасаған болсам, сіз ойланбастан маған айыппұл салар едіңіз»,-дейді заңгер видеода.
Ал, көшеге қоқыс тастаған полицей болса «мені видеоға түсіруге» құқығың бар ма деп, заңгердің өзіне шүйліге кетті.
«Егер менің құқығым жоқ болса, онда маған айыппұл салыңыз. Бірақ, алдымен тастаған бөтелкені көтеріңіз»,-деп жауап берді заңгер.
Алайда, полицей өзін видеоға түсіріп тұрса да, әлі де «қоқысты мен тастадым ба?» деп оны көтеретін түрі жоқ секілді.
Дегенмен, заңгер қоқысты соның тастағанын дәлелдей алатыны туралы айта қалып еді, полиция қызметкері еш үндеместен лақтырған бөтелкені өзі көтерді.
«Мен оны дәлелдей аламын, сіздің ауланы ластауға қандай құқығыңыз бар? Мұны істеуге ұялмайсыз ба? Сіз тәртіпті қадағалап, бұзақыларға ескерту жасаудың орнына өзіңіз қоқыс тастап жүрсіз»,-дейді заңгер.
[media=https://www.facebook.com/kurmangazy.mussir/videos/2070389363035124/?t=0]
Stan.kz