Көкшетаулық Хатико қайтыс болған иесін аурухана алдында 2 аптадан бері күтіп жүр (фото)
Ақмола облысы Степногор қаласында үй жануары осыдан екі апта бұрын көз жұмған иесін аурухананың алдында күтіп жүр. Иттің адалдығына тәнті болған тұрғындар мен аурухана қызметкерлері оны жапон елінің әйгілі Хатикосына теңеп жатыр деп хабарлайды Жас Алаш басылымына сілтеме жасаған NUR.KZ.
Белгілі болғандай Степногор ауруханасына осыдан екі апта бұрын халі нашар ер адам жедел жәрдеммен жеткізіліпті. Азамат бірнеше күннен кейін жансақтау бөлімінде көз жұмыпты. Ал иесін әкеткен жедел жәрдем көлігіне ілесіп, ауруханаға дейін келген төртаяқты содан бері осы жерде.
"Ит ешкімге үрмейді, тиіспейді. Кіріп шыққан адамдардың түріне мұқият қарап қояды. Адамдардан бес метр алшақ жүреді", – дейді Степногор орталық қалалық ауруханасының дәрігері Тимур Әлібаев.
Аурухана қызметкерлері иесінің ішке кіргенін көрген үй жануары оның шығатынын күтіп жүр, дейді, Ал оны аурухана маңынан алып кетудің бір ғана амалы бар екен.
"Жақсы көретін адамды ит сезіп тұрады. Сондай бір адам барып, қарғыбауын тағып, тамақ беріп ана жерден алып кетсе, ол үйренеді", – дейді "Тазы-төбет-бөрібасар" федерациясының төрағасы Оралбек Қайсанов.
Әзірге, итті алып кетуге ешкім ниет білдірмеген.
https://kaz.nur.kz
Пікір 2