Ара шақса, пиязды пайдаланыңыз
Редакциямызға шымкенттік Жәмила Серғазиева есімді апа хабарласты. «Жұртқа пайдасы тиетін нәрсе болғандықтан бұл туралы айтуды ұйғардым. Газеттеріңіз көпшіліктің арасына таралады ғой. Адамдардың мен айтқан тәсілді де біле жүргені жақсы», – деген апа бізге ара шаққанда қолданылатын бір халықтық әдіс жөнінде айтып берді.
«Жаңа әзірде бір баланы ара шағып алып, анасы не істерін білмей асып-сасып жүргенін көрдім. Сосын оған мұндай кезде қолданылатын тәсіл жөнінде айттым. Ол қуанып қалды.
Ара шағып алғанда тез арада пиязды екіге бөліп жіберіп, жарақаттанған жерге басу керек. Пияздың ащысы ара уының уытын басады, оның шаққан жері ісінбейтін болады. Мұны мен өз басым талай мәрте қолданып көргенмін. Немеремнің таңдайын ара шағып алғанда қолданғанмын. Жақсы әсер береді.
Мұндай әдісті жабайы ара болсын, бал арасы болсын шаққанда тез арада қолдану керек. Дененің қай жерін шақса, сол маңайға басасыз. Жаздың кезінде әсіресе жеміс-жидек теріп жүргендерге араның қауіп тудыратыны бар. Сондай-ақ жеміс-жидектен тосап қайнатып жатқанда да ол жерге ара үйір болады. Тіпті суытылған тосапқа түсіп кетіп, адам байқамай тірі араны жұтып қоятын кездері де болады. Әсіресе осы жағы аса қауіпті. Өйткені ол тілді, өңешті, тамақты шағып алуы мүмкін. Араның шағуынан өңеші ісініп, тынысы тарылып қайтыс болған оқиғалар туралы да талай естігенбіз. Сондықтан ара жүрген жерден абай болу керек.
Ара тілді, тамақты шағып алған кезде де тез арада пияз шайнаған дұрыс. Пияздың ащысы удың уытын алады, тамақ ісімейді. Осындай қарапайым ғана тәсілді жұрттың біліп жүргені жөн», – дейді ол кісі.
Міне, Жәмила апа бізге осындай тәсіл жөнінде айтып берді. Әрине, көпшіліктің қамын ойлаған ол кісіге рахмет дейміз. Расында да жұрттың мұндай тәсілді біле жүргенінің пайдасы болмаса, зияны жоқ шығар.
Н. ӘБДІ.
zamana.kz