Шымкенттен 1 мыңға жуық мемлекеттік қызметкер Түркістанға көшті
Шымкентте отырған мемлекеттік қызметкерлер 11 автобусқа жайғасып, салтанатты жағдайда көшті.
Бүгін 1 мыңға жуық мемлекеттік қызметкер жаңа облыс орталығы – Түркістанға көшті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңір басшысы Жансейіт Түймебаев екі ғасыр бойы Қазақ хандығының астанасы болған, маңызды шешімдер қабылданған Түркістанға қызмет етуге бара жатқан азаматтар халқымыздың тарихындағы ұлы мұраттардың бірін орындап жатыр деуге толық негіз бар екенін айтты.
“Әрбір мемлекеттің, әрбір облыстың, әрбір қаланың тарихында жауапты кезеңдер болады. Биыл 19 маусымда Елбасы Жарлығымен бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып құрылып, оның орталығы деп Түркістан қаласы бекітілді. Бұл тарихи шешімге 2 ай жетер-жетпес уақыттың өзінде біз тынбай жұмыс істеп, Елбасы Жарлығын орындауға бар күшімізді салдық. Түркістанда облыс әкімдігіне қарасты 24 басқарма мен облыстық мәслихат, қоғамдық кеңес пен департамент қызметкерлері отыратын кеңселер даярланды. Бүгін біз үлкен көшті бастайын деп отырмыз. Кезінде Елбасы Астанаға көшер кезде “Алматыға сыймай емес, Алматыны қимай кетіп барамыз” деген екен. Біз де Шымкентке сыймай емес, оны қимай кетіп барамыз. Түркістан – бар қазақтың рухани астанасы. Сондықтан оны дамытуға, өркендетуге күш салуымыз қажет. Шежірелі қаланың туристік әлеуеті көтеріліп, жаңа жұмыс орындары ашылады. Міне, енді Түркістан облысы мен Түркістан қаласының жаңа дәуірі басталды “, – деді әкім.
Шымкенттен көшіп шығу салтанатты шарасында белгілі жазушы, “Алаш” халықаралық сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт пен мемлекет және қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметовтер құттықтау сөз сөйлеп, әкімдік қызметкерлеріне қызметте табыс тіледі. Аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев бастаған көштің құрамында облыс әкімінің орынбасарлары және аппарат басшысы, облыстық мәслихат хатшысы мен аппараты, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы және аппараты, “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары және қызметкерлері, облыстың зиялы қауым өкілдері, облыс ардагерлері, құзырлы орган басшылары, әкім аппараты қызметкерлері, 28 аумақтық департаменттің басшылары мен қызметкерлері, 24 облыстық басқарма басшылары мен қызметкерлері, республикалық және жергілікті БАҚ өкілдері, жалпы саны, 1 мыңға жуық адам бар.
11 автобусқа жайғасқан көшті Түркістан әкімдігінің ұжымы күтіп алды.
Еске салайық, биыл, 19 маусымда Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан облысы ретінде қайта құру және оның орталығын Шымкенттен Түркістанға көшіру туралы тарихи жарлыққа қол қойды. Президенттің бұл шешімі Түркістанның қайта түлеп, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосатын жаңа орталыққа айналуына жол ашты.
baribar.kz
Пікір 2