Сәбилі болған ата-аналар SMS құттықтау алып, проактивті әдіспен куәлікке қол жеткізеді
Енді www.egov.kz сайтына тіркелген ата-аналарға дүниеге сәби келуімен құттықтаған SMS хабарлама келеді. Бөбегіңіз перзентханадан шықпай тұрып автоматты түрде тіркеліп, тіпті куәлігі де дайын болады.
Жыл басынан бері еліміз бойынша алты мыңға жуық ана осындай SMS құттықтау алған. Ал алғашқылардың бірі болып проактивті әдіспен куәлік иеленгендер арасында атыраулық Бағыт Әли Тілекқабылұлы мен Мақсым Омар Нұрбекұлы да бар. Облыстық перинаталды орталықта дүниеге Омар есімді ұл әкелген Жайдар Ибатоллақызы «Қағазбастылықты көбейтпей, жедел, автоматты түрде ресімделетін куәліктің алғашқы иегерлерінің қатарында болғанымызға қуаныштымыз», дейді. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының проактивті әдісі аясында бастау алған қанатқақты жобаның артықшылығы көп. Облыстық халыққа қызмет көрсету орталығы департаментінің директоры Тұрлан Нұржанов бұрын жаңа туған баланы тіркеу, куәлігін алу, жәрдемақы тағайындау, балабақша кезегіне тұру сынды шаралар халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүзеге асқанын айтады. Енді ата-ана ХҚО-ға баланың куәлігін алып кету үшін ғана барады немесе үйге жеткізу қызметін пайдалана алады. Барлық қажетті қызметтерді SMS хабарлама арқылы алуға болады. Бұл үшін кез келген халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, телефон нөмірлерін порталдағы жеке кабинеттерінде бекітуі керек.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ, Суретті түсірген Ерлан Алтыбаев
Egemen.kz
Egemen.kz