Азиада чемпионына пәтер сыйлады
Индонезияда өткен ХVІІІ жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрама командасының сапында Қарағанды облысынан 34 спортшы өнер көрсеткен болатын. Олардың ішінде 11 саңлақ жүлдегер атанып, елге олжалы оралды.
Азиада додасында аты озған атлеттердің ішінде күміс медальді командалық сында иеленген дзюдошылар Ислам Бозбаев, Жансай Смағұлов және Санжар Жаборов бар. Сондай-ақ қыздар күресінен Эльмира Сыздықова, грек-рим күресінен Ерұлан Ысқақов, джи-джитсудан Нұржан Сейдуәли, самбодан Бейімбет Қанжанов, мәнерлеп жүзуден апалы-сіңлілі Екатерина және Александра Немичтер, жеңіл атлетикадан Римма Кашафутдинова қола жүлдеге қол жеткізген.
Ал Қарағанды облысына жалғыз алтын медальді жезқазғандық самбошы Бағлан Ибрагим сыйлаған болатын. Бұрнағы күні Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Азия ойындарында Қарағанды облысының намысын лайықты қорғаған бір топ спортшы мен олардың жаттықтырушыларын қабылдап, оларға сый-сияпат көрсетті.
– Барша қарағандылықтар мен жанкүйерлер атынан сіздерге алғыс айтқым келеді. Азия ойындарындағы жеңіс – біздің ортақ жеңісіміз, – деді өңір басшысы. Облыс әкімі Азиаданың алтын жүлдегеріне 1,5 миллион теңге, 2-ші және 3-орын алған атлеттерге, сәйкесінше 1 миллион теңге және 750 мың теңгенің сертификаттарын табыс етті. Ең басты сыйлыққа Азиада чемпионы Бағлан Ибрагим ие болды. Өңір басшысы оның қолына жаңа пәтердің кілтін ұстатты.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»