БҰҚАР ЖЫРАУДЫҢ КӨРІПКЕЛДІК ҚАСИЕТІ

Әрбір адам баласының маңдайына жазыла бермейтін мұндай ерекше қабілет Жаратушы иеміздің құдіретімен әйгілі Мөңке би, Желмаясына мініп Жерұйықты іздеген Асан қайғы, Абылай ханға ақылшы болған Бұқар жырауға қонған екен.
Мөңке бидің «Ақыр заман боларда» деп басталатын толғауында Ежірей деген ұлдың, ақыл айтсаң ауырып қалатын Бедірей деген қыздың болатыны айтылады. Сондай-ақ, келіннің Кекірей болатынын, қиналғанда көмек берер жақыныңнан шапағат кететінін болжаған. Тіпті, «Әйелің базаршы болады, еркегің қазаншы болады» деп алмағайып заманды дөп басады.
Желмаясына мініп Жерұйықты іздеген Асан қайғы әз-Жәнібекке:
«Тіл алсаң, іздеп қоныс көр,
Желмая мініп жер шалам.
Тапқан жерге ел көшір...
Әй, Жәнібек, ойлансаң,
Қилы, қилы заман болмай ма?
Суда жүзген ақ шортан,
Қарағай басын шалмай ма?» деп айтқан екен. Үш жүздің басын құраған Абылай хан Бұқар жыраудан осы бір толғаудың мәнін ашып беруді сұрапты. Сонда ел ішінде ақылгөйлілігімен, біліктілігімен танылған көмекей әулие атанған Бұқар бабамыз:
«Хан Абылай, Абылай...
Қарағай судан қашықтап
Шөлге біткен бір дарақ.
Шортан – шөлге шыдамсыз,
Балықтан шыққан бір қарақ,
Ойлама шортан ұшпас», – деп жырлай жөнеліпті. Әрі қарай батыстан бір дұшпанның келетінін айтып, солардың жасайтын әрекетін жырға тиек етеді.
«Бауыздамай ішер қаныңды,
Өлтірмей алар жаныңды.
Қағазға жазар малыңды,
Есепке салар барыңды» деген шумақта 1932-1933 жылдардағы аштықтың алдында болған оқиға айтылады. Не деген дәлдік десеңші. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп талай қазақты қан қақсатқан заман ғой, мынау.
Бұқар бабамыздың көріпкелділігін мына бір оқиғамен де дәлелдеуге болады. Бірде Абылай хан қасына Бұқар жырауды шақыртып:
– Түс жору – түлкі аулаумен тең. Кейде ізіне дәл түсесің, кейде шет кетесің, сонда да жорып көрейін, – деген Бұқар бабамыз Абылай ханның түсін былайша жорыпты.
– Қырыққа келмей табытта жатсаң – өмірің ұзақ болады екен. Басыңа жалау тігіліп, оған үш бірдей топ таласып жатса, үш жүзге хан болады екенсің. Табытта жатып, екі бүйіріңдегі арыстан мен айдаһардан қалай қашып құтылам деп қорықсаң, көрші тұрған екі мемлекетке жалтақтаумен өтесің. Ал, аяқ жағыңда тұрған үрім-бұтағыңның ішінен бірі құран оқып, бірі қанжар қайраса, Уәлидің ұрпағынан шыққан бір тұқымың атын қағазда, ал Қасымнан туған бір балаң атағын майданда қалдырады екен, – деп жауап беріпті.
Халық әулие санап жүрген жырау осылайша түсін жорыған соң хан:
– Бір ұрпағым атын қағазда, екінші ұрпағым атағын майданда қалдырады екен. Сонда мен өзім қайда қаламын? – деп таңырқапты. Сонда Бұқар жырау:
– Басыңа үш жалау босқа тігілді ме? Ісіңді ел ұнатса үш жүздің жүрегінде қаласың, – деп жауап беріпті.
Шынында да, қазір қарап отырсақ, Бұқар жырау Абылай ханның түсін дәл жорыған екен. Абылай үш жүзге бірдей хан болып, бар қазақтың басын біріктірді. Уәлиден тараған ұрпағы Шоқан тарихта ғалым болып қалды. Ал, Қасымның Кенесарысы қазақ халқының болашағы үшін күресіп өтті. Таң қалмасқа амалың жоқ. Болашақта не боларын қалай дөп басқан. Еріксіз таңдай қағасың. Бұдан артық дәлелдің де, айғақтың да қажеті жоқ.
А.АҚЫЛБЕК.