КІТАПХАНАДАҒЫ БІР КҮН
Жақсы кітап – жан азығы. Кітапхана – ғасырдан ғасырға адамзат тарихын, өмір өткелдерінен туған өзгерістер мен жаңалықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын киелі орын. Сол себепті бір күнімізді кітапханаға арнап, кітапханашылық қызмет атқардық.
Рухани ордаға кіргеннен қазақ ақын-жазушыларының еңбектері, рухани жаңғыру мен Астана қаласының 20 жылдығына арналған бұрыш көзге түсті. Көрмеге қойылған әр еңбектің авторына, мазмұнына көз жүгірттім. Несін жасырайын, қолыма кітап алып, иісін сезбегелі де көп болыпты-ау. Алыстан аптығып келіп, анасының омырауына басын қойып мауқын басқан баладай жаным жайланып сала берді. Бір сәт орнаған үнсіздікті «Сәлеметсіз бе?» деген дауыс үзіп жіберді. Сөйтсем, менің манадан бері қалшиып тұрғанымды байқаған кітапхана қызметкері екен. Жөн сұрасып болған соң, ғимараттың барлық бөлімдерін таныстырып шықты. Әдебиеттерді жабдықтау бөлімі, оқу залы, анықтама бөлімі, әдістемелік-библиографиялық бөлімдері оқырмандарға қызмет көрсетеді. Сонымен, рухани ортадағы жұмыс күнім басталып кетті.
Анықтама бөліміне орналасып, күні бойы келім-кетім адамның керегін тауып беріп, әйтеуір қолдан келген қызметімді сапалы түрде көрсетуге тырыстым. Бір байқағаным, тұрақты оқырманнан бөлек, бір күнде 10-12 адам жаңадан тіркеледі екен. Бұл – қуантарлық жағдай болды мен үшін. Таң азанмен зейнеткерлер, орта буын өкілдері және мекеме қызметкерлері кітапханаға бас сұқса, түс ауа сабақтан босаған студенттер мен оқушылар ағылды. Келген оқырманның басым көпшілігі жергілікті ақын-жазушыларды, Елбасының еңбектерін көп сұрайды. Кітап қоры мол, оқырман сұранысын дер кезінде тауып беруге шамамыз жетті. Қолым қалт еткенде, мекеме басшысы Ұлмекен Меңдібаеваны әңгімеге тартып та үлгердім.
– Қазіргі таңда өңірімізде барлығы 18 кітапхана жұмыс жасайды. Оның біреуі аудандық, біреуі балалар кітапханасы, қалғандары ауылдық кітапханалар. Кітап қоры – 73333. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы басым бағыттардың бірі – «Цифрлы Қазақстан» жобасына сәйкес ақпараттық жүйелерді қалыптастыру, жетілдіру, азаматтардың тиісті мәліметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында біршама жұмыстар атқарылды. РАБИС бағдарламасында әдебиеттер электронды каталогта сақталады. Бұл бағдарламамен 7 кітапхана жұмыс жасайды. Электрондық каталогқа жүйе бойынша 104068 дана кітап пен 6790 мақала енгізілді. Қазіргі заманғы кітапханалардағы ақпараттар пайдаланушылардың барлығына дерлік қолжетімді болуы керек. Осыны негізге алған ауданға қарасты 14 кітапхана интернет желісіне қосылған. Яғни, оқырман кез келген жерде отырып интернет желісінің көмегімен керек ақпаратқа қол жеткізе алады, – дейді Ұлмекен Әбілтайқызы.
...Иә, «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» десек, талайдың көзін ашқан білім мен ғылымның қайнар бұлағы қашан да сұраусыз емес екен. Рухани дүниеңді байытатын, дүниетанымыңды кеңейтетін құдірет иесін іздеп келіп оқитындар аз емес. Жастар да, орта буын да, қала берді зейнеткерлер де кітапханашыларды бір мезет тыным таптырмады. Әйтеуір, бір күннің ішінде 200-ге жуық кітап оқырман қолына өтті. Жаңа мамандығыма тез төселіп, меңгеріп әкеткеніме өзім де дән риза болдым. Бір ұққаным, кітап құндылығын қоғам мен адамнан бөліп қарауға болмайтындығы. Абай хәкімнің: «Адам баласы үшін кітап – тілсіз тәрбиеші. Кітап адам баласына бала кезінен бастап, өмірінің соңына дейін сырлас досы бола алады» деген орамды ойы, ұтымды сөзі еріксіз еске орала берді. Расында, өскелең ұрпақты білімнің тынық та мөлдір бұлағынан сусындатып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өсуіне негіз болатын құдірет, күш екені даусыз.
Мұндағы қызметкерлер, аудандағы кітапханалар жұмысына бағыт-бағдар беріп, әдістемелік көмек көрсету мақсатында іс-сапарлар ұйымдастырады. Отандық және дүниежүзі кітапханаларындағы озық тәжірибелерді үйрену, жүзеге асыру шараларын жүйелі түрде жүргізіп отырады, кітапханалар қызметін жарнамалайды, қоғамдық ұйымдармен және мекемелермен өзара іскерлік байланыс орнату жұмыстарына да белсене қатысады. Ал, әдебиеттерді жабдықтау бөлімі ай сайын кітапханаға түскен жаңа кітаптардың тізімін мекемелерге таратып, жаңа мерзімді басылымдарды таныстырады. Республикада, облыс пен ауданда аталып өтілетін, еске алынатын күндерге және жазушылардың мерейтойларына тақырыптық картотекалар жасақтайды. Баспасөз материалдарын және өлкетану мақалаларын электронды түрде арнайы жүйеге орналастырады. Аудан кітапханаларына ақпараттық және анықтамалық библиографиялық қызметті ұйымдастыруда жүйелі түрде әдістемелік кеңес те береді. Бұл – мекемедегі бір бөлімнің ғана жұмысы.
Оқу залындағы жұмыс көзі мүлде басқа. Түрлі тақырыптарда кітап көрмелері ұйымдастырылып, көпшілік шаралар өткізіледі. Рухани құндылықтарды жас ұрпаққа кеңінен насихаттап, оқырманмен белгілі тұлғалар арасын жақындастыру мақсатында биылғы жылы «Цифрлы Қазақстан – кітапхана дамуына жаңа серпін» және «Өркениетке бастаған туған өлке» жобалары да жүзеге асқан. Аудандық кітапхана оқырманға «Жүрек жылуын» да аямайды. Осындай тақырыппен жыл сайын кітапхана ұжымы қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік бейімделуі мен олардың тұлғалық дамуына атсалысып, шығармашылық қабілеттерін шыңдап, оқу мәдениетін арттыру арқылы түрлі шараларға белсене қатысуына септігін тигізіп келеді. Берекелі ұжымның жаңалығы да жоқ емес. Биылғы жылдың игі бастамасы – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Руханият» әдебиет бірлестігінің өз жұмысын бастауы болып отыр. Мұндағы мақсат көркемсөзді сүйетін оқушыларды, ақынжанды жастарды топтастырып, көркемдік-жетекшілік жасау және жас ақындарға бағыт-бағдар беру екенін айтқан мекеме басшысы ұлы тұлғалардың өмір жолын насихаттайтын үйірмелер мен дөңгелек үстелдер де тұрақты түрде ұйымдастырылатынын сөз етті. Осындағы бірліктен бастау алған берекелі жұмыстарды көріп, мен де білек сыбана кірістім. Оқу залына жиылған студенттер, жоғары сынып оқушыларымен бірге Елбасы еңбегінің әр тарауын жіті талдап, пікір алмастық. Студенттер мен ойлағаннан әлдеқайда белсенді болып шықты. Бағдарламалық мақаланы түгел оқығандарын, көңілдеріне түйгендерін жарыса айтысты. Олар үшін ең қуанышты жайт, виртуалды анықтама қызметін көрсететін кітапхананың Веб-сайтының ашылғаны. Бұл жерде кітапхана тарихы, «Өлкетану», Елбасының Қазақстан халқына жолдаған дәстүрлі Жолдаулары, кітапханада өткізілген мәдени іс-шаралар мәліметі, жаңа кітаптар тізімі орналасқан дейді жеткіншектер. Шынында, сандық технологиялар жастарға тиімді. Олар кез келген жерде отырып-ақ қалта телефондары арқылы керек ақпаратты ала алады. Виртуалды әлемнің пайдалы жағы осы болса керек.
Кітапханада өткен бір күнімде мен Зейнеп Ахметова апамыз айтқандай, «сөз түсінетін жақсы тыңдаушы» екенімді көрсеттім. Аудандық балалар кітапханасы туралы да біраз мағлұматқа қанық болдым. Жас оқырмандарға әлеуметтік мәдени ортаның құндылығын насихаттайтын, бала бойына елжандылық пен патриоттық сезімді дарытатын ұлттық дәстүрлер мен рухани мұра қалыптасқан киелі ортаның алар орны ерекше. Балалар кітапханасы қазақ балалар әдебиетін әлемдік балалар көркем әдебиетінің дәстүрімен тығыз байланыстыру арқылы жасөспірімнің сана-сезімін дамытуда көп ықпалын тигізбек. Өз Отанына, туған жеріне пайда келтіретін, елінің гүлденуі мен өркендеуіне үлес қосатын білімді, парасатты, жан-жақты дамыған, тілі мен дінін, салт-дәстүрлерін қадірлейтін, бойында патриоттық сезімі бар тұлғаларды қалыптастыруда өңірдегі балалар кітапханасының рөлі зор десек артық айтқандық болмас.
Аудандық кітапханада бас-аяғы 29 қызметкер бар. Ұжым қызметкерлері халыққа қалтқысыз қызмет көрсетумен қатар, Елбасының Жолдауларында көрсетілген міндеттерді, стратегиялық бағыттарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Аудандық кітапхана бірден-бір ірі ақпараттық және мәдени орталық, ол ақпаратқа шапшаң және еркін қолжеткізуді камтамасыз етеді, ұлттық-мәдени мұраларды сақтауға көмектеседі.
Жалпы, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінен өзіңізге қажетті ақпараттың барлығын алуға болады. Оқырманның сұранысына сай анықтама бөлімінің, оқу залының қызметкерлері қолдан келген көмегін аямайды. Кітапханадағы баға жетпес кітап қоры көптеген еңбектердің бастау бұлағына айналып, тәуелсіз мемлекетіміздің рухани кемелдікке жетуіне салмақты үлес қосуда.
Н.АЛМАСҚЫЗЫ.