» » » РУХАНИЯТ ШЫРАҚШЫСЫ

РУХАНИЯТ ШЫРАҚШЫСЫ

Егемен еліміздің азаматтары қазіргі заманға сай білімді, мәдениетті, өнерлі болуы қажет. Ол үшін терең білім, ғылым жаңалықтарын, өткен тарихымызды, өнерімізді білу үшін кітапты көп оқу керек. Кітап – адам өмірінде маңызды рөл атқарады. Ол елді, жерді сүюге, талапты, кішіпейіл болуға, мейірімділікке, төзімділікке баулиды.
ХХІ ғасыр – руханият, мәдениет, ақпарат, білім, ғылымның ғасыры. Бәсекеге қабілеттіліктің басты көрсеткіші – білім, ал білімнің кәусар бұлағы – кітап екені бәрімізге белгілі. «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан тыйылар едік», – дейді Ғабит Мүсірепов. Кітапқа деген сүйіспеншілік тудыру әрбір кітапханашының міндеті. Кітапхана – дүниеде еш нәрсе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі.
Кент орталығындағы аудандық кітапхана кітап арқылы халықтың көңіл көкжиегін кеңейтіп, рухани дүниесін молайтуға қызмет етіп тағылымы мол тәрбие ошағына айналып келеді. Кітапхана ғимараты ескі болғанмен, бөлмелері жарық, кітап оқуға өте ыңғайлы. Қызметкерлердің де көпшілігі жас мамандар. Оның үстіне жайдары жүзбен жылы сөздерімен қарсы алатын қыз-келіншектердің ыстық ілтипаты, қалтқысыз қызметі кітапқа деген құштарлығыңды арттырып жібереді. Осы кітапхананың қызметкері Ұлтуған Боранбаеваның жұмысына оқырман дән риза. Өйткені, Ұлтуған – кітапхана саласында тәжірибесі мол өз ісінің білікті маманы.
1960 жылы дүниеге келген Ұ.Боранбаева орта мектепті бітірген соң Шымкенттегі Жетісай мәдени ағарту училищесіне оқуға түсіп, кітапхана ісі мамандығын алып шықты. Міне, ойлап отырса, 1980 жылдан бері аудандық кітапханада үздіксіз қызмет етіп келеді. Ол кезде аудандық мәдени-үгіт бригада мүшелері малшылар мен егінші-механизаторларға қызмет көрсететін. Сол бригада құрамында Ұлтуған да сонау Қарақұм мен Қызылқұм қойнауындағы шопандарды аралап, жағдайларымен танысты. Жаңа кітаптарды таратып, соңғы жаңалықтарды айтып қызмет көрсетті. «Екінші тың» ерлерінің риясыз алғысына бөленді. Сондай-ақ, күзгі егін жинау науқаны кезінде дала қостарында дихан-механизаторлармен кездесіп, жаңа кітаптарды насихаттарын жүргізіп, құм ішінен де оқырмандар жинады. «Кітап – білім бұлағы». Халықтың рухани дүниесін байытумен бірге ол өнер байқауларында әншілік өнерімен де көзге түсті. Көптеген спектаклдерде түрлі кейіпкерлердің образын сомдап, әртістік шеберлігімен қошеметке бөленді. Қазіргі кезде Ұлтуған орталық кітапхананың оқу залында кітапханашы болып жұмыс істейді. Оқырмандардың сұранысына орай кітаппен, баспасөз материалдарымен қамтамасыз етеді. Тұрғындарға кітапты насихаттап, сүйіспеншілігін арттыру мақсатында оқу залында түрлі тақырыпта кітап көрмесін ұйымдастырып, тәрбиелік маңызы зор іс-шараларды өткізіп жүр. Сонымен бірге зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі оқырмандардың үйлеріне газет-журналдар мен кітаптарды жеткізіп беріп қызмет көрсетеді. Елге еткен еңбек ескерусіз қалмайды. Бірнеше рет облыстық мәдениет басқармасы мен кәсіподақ комитетінің және аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды.
– Ұлтуған – ұжымда үлкен беделге ие. Өйткені ол қырық жылға жуық уақыттан бері осы салада қызмет етіп келеді. Қарапайымдылығымен, қалтқысыз қызметімен көпшіліктің құрметіне бөленген жан, – дейді аудандық кітапхананың директоры Ұ.Меңлібаева.
Сүйікті кітапханашы – өсіп-өнген берекелі отбасының ұйытқысы, дүниеге 4 баланы әкеліп, тәрбиелеп өсірген адал жар, аяулы ана. Жолдасы – Мұрат автокөлік жүргізушісі. Балаларының барлығы үйленіп, өмірден өз орындарын тапты. Мәселен, Ләззаты – есепші, Нұрланы – заңгер, Мөлдірі – дәрігер, Назеркесі – мұғалім болып қызмет етеді.
Серік БЕРТАЕВ.

07 наурыз 2018 ж. 1 522 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 783

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031