» » » САЯСИ ҚҰЖАТ ЕЛДІ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

САЯСИ ҚҰЖАТ ЕЛДІ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Уақыт адам еншісіне бағынбақ емес. Міне, тағы бір жыл тарих қойнауына еніп, жаңа жыл төрімізден орын алды. Өткен жылға өкпе жоқ. Өйткені, ел келешігін кемел етер келелі істер, жарқын бастамалар қолға алынды. Еліміз көркейді, әлемдік деңгейде өз биігін бағындыра алатын дербес мемлекет екенін тағы бір дәлелдеді. Ұлт санасының қайта жаңғырып, таптаурын болған қағидалардан арылу жолында Елбасы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ауқымды істер атқарылды. Халықтың үні саналатын тіл мен әдеби қордың тазарып, артық таңба мен дыбыстардан арылу үшін кириллицадан латын әліпбиіне көшу, жаңа әліпби арқылы әлемнің ақпараттық кеңістігіне еркін бойлау, ғылыми техниканың тілін қиындықсыз меңгеру мақсатында Мемлекет басшысы осындай саяси шешім қабылдады.
Елбасы 2012 жылдың желтоқсан айында жариялаған «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдеген еді. Бұл – барлық салаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз. Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін әзірлеп, жаңа әліпбидің бірнеше нұсқасы ұсынылды. Ол алдымен БАҚ арқылы жарық көрді. Жалпы, латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Білім саласында біржақты жүйелер қалыптасып, үлкен жетістіктерге қол жеткізуге жол ашылады. Сондықтан, уақыт ұттырмай осы бағытта атқарылатын жұмыстарға барынша жауапкершілікпен қарап, жұмыла жұмыс жасауымыз керек.
Елбасы мақаласында аса назар аударылған мәселе ол – бәсекеге қабілетті мемлекет. Әрине, Мемлекетті білім саласында биікке көтеріп, болашағын айқындайтын бүгінгі жастар. Ал, бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру үшін алдымен білім саласының дамуы маңызды. Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жете алады. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір Қазақстан азаматы ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Бүгінде компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар – әркімнің алға басуына қажетті алғышарттардың санатында. Осы орайда Елбасы «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы деп біледі. Бұл көзқарасты біз де құптаймыз.
Ел Президенті бағдарламалық мақалада қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды талап ететінін атап өтіп, мықтап қолға алу қажет деген бірнеше жобаны ұсынды. Оның ішінде білім саласы бойынша атқарылатын жұмыстарды әлі оңтайландырудың бірнеше әдісі де бар. Елбасы саяси құжат арқылы жеткізген барлық міндеттер өз деңгейінде жүзеге асса, тек білім саласы ғана емес, тұтас мемлекеттің дамуына жол ашылады.
Ел Президентінің бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан бері біздің ауданда да жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Әр жерде, білім беру мекемелерінде, жастар ұйымдарында мақаланың мәні мен маңызын түсіндіру бағытында келелі жиындар өткізілді. Жаңғырудың алғашқы баспалдағы саналатын латын әліпбиіне көшу бастамасы да аудан халқын бейжай қалдырған емес. Білім саласының мамандары ұсынылған әліпби нұсқасының тиімді жақтарының көп екендігін айтып, қолдау білдірді. Сонымен бірге, жаңғырудың негізі салт-дәстүрлерді халық жадында қайта жаңғыртып, бүгінгі ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында да айтулы шаралар ұйымдастырылып келеді. Атап айтар болсақ, «Туған жерге тағзым» жалпы республикалық акциясы, «Жастар – туған жерге» атты аудандық жастар форумы, сонымен бірге ауданда алғаш рет ұйымдастырылып отырған «Жалағаш аруы – 2017» сұлулар байқауы. Айта кету керек, арулар байқауының рухани жаңғыру аясында, ұлттық құндылықтарды насихаттау, қазақи салт-дәстүрлерді жас буынның бойына сіңіру жолында тигізер әсері мол. Алдағы уақытта аудан орталығында жарқын істер жарасымды жалғасын табарына сенеміз.

Нұр НАУАН.


09 қаңтар 2018 ж. 1 390 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930