Президенттің жұмыс кестесі: 2017 жылдың негізгі қорытындылары
Өткен жылы Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың шетелдерге және өңірлерге сапарларын, қатысқан түрлі отырыстар мен кеңестерді, халықаралық және республикалық форумдарды, конференциялар мен съездерді, шетелдік мемлекет және қоғам қайраткерлерімен кездесулерді, жұртшылық пен еңбек ұжымдары өкілдерімен жүздесулерді, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандарды аралап көруді қоса алғанда, жалпы, 700-ден астам протоколдық іс-шаралар болды. Елбасы 11 кеңес өткізді.
Атап айтқанда, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының мәселелері бойынша – 2, Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия қызметі мәселелері бойынша – 1, мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жобасын іске асыру жөнінде – 1, құқық қорғау жүйесін реформалау мәселелері бойынша – 1; Ұлттық банк қызметінің қорытындылары бойынша – 1; Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы және ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне әзірлік мәселелері бойынша – 2; Астана қаласының айналасындағы «жасыл белдеуді» дамыту мәселелері бойынша – 1; Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері бойынша – 1; өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру мәселелері бойынша кеңес өтті.
Сондай-ақ Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген 1 отырысы, Мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының 2 отырысы, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген 1 отырысы және «Назарбаев Университеті», «Назарбаев зияткерлік мектептері» мен «Назарбаев Қоры» дербес білім беру ұйымдары Жоғары құрылтайшылық кеңесінің 1 отырысы өткізілді. Президент жанындағы консультативтік-кеңесші органдар мәселесіне орай Қауіпсіздік Кеңесінің 3 отырысы және Шетел инвесторлары кеңесінің 1 отырысы болды. Жыл ішінде Президент Парламенттің 3 отырысына қатысты, сондай-ақ Сенат пен Мәжілістің төрағаларымен бірнеше кездесу өткізіп, депутаттық корпуспен тығыз жұмыс істеді.
Мемлекет басшысы еліміздің өңірлеріне 13 жұмыс сапарын жасады: соның ішінде Алматы қаласына екі рет, Ақмола облысына екі рет барды, сондай-ақ Қарағанды, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда және Қостанай облыстарында болды. Сонымен қатар Президент Астана қаласының да тыныс-тіршілігімен танысып, нысандар мен кешендерді жиі аралап көрді. Екіжақты қарым-қатынастар аясында шетелдерге жасалған 8 сапарды, 11 мемлекетаралық саммит пен 3 халықаралық форумды қоса алғанда, Мемлекет басшысының қатысуымен 150-ден астам халықаралық сипаттағы кездесулер мен іс-шаралар өтті.
Н.Ә.Назарбаев 1 баспасөз конференциясын, 9 брифинг өткізіп, отандық және шетелдік БАҚ-қа 6 сұхбат берді және 2 бейнеүндеу жасады. Сәуір айында Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы Қазақстанның басты басылымдарында жарияланды, сондай-ақ желтоқсанда «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабы жарық көрді. Жыл ішінде Президент 88 заңға, 210 жарлыққа, 66 өкімге, 19 кеңес хаттамаларына қол қойып, 1072 қызметтік құжат пен азаматтардың 291 өтінішін, 3,5 мың талдамалық және ақпараттық-анықтамалық материалдарды қарады. Жалпы алғанда, бұл 5 мыңнан астам құжатты қамтыды. Мемлекет басшысы осы кезең ішінде 54 күн, соның ішінде 21 күн шетелдерде, 33 күн Қазақстанның өңірлерінде іссапарда болды. * * * Мемлекет басшысының бастамасымен мемлекеттік билік тармақтарының арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлуге бағытталған конституциялық реформа елдің ішкі саяси өміріндегі басты оқиға болды. Президенттің 11 қаңтардағы өкіміне сәйкес Президент Әкімшілігінің Басшысы Ә.Р.Жақсыбеков жетекшілік ететін Жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына Парламенттің, Үкіметтің, Жоғарғы Соттың және өзге де мемлекеттік органдардың, сондай-ақ заңгерлер қауымы мен ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтың өкілдері енді. Жұмыс тобы конституциялық реформа жобасын бүкілхалықтық талқылау барысында ұсыныстарды жинақтау және оларды талдау жөнінде ауқымды жұмыс жүргізді.
Жалпы, азаматтардан Конституцияның 63 бабына қатысты 6 мыңнан астам ұсыныс түсті. 10 наурызда Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы тиісті заң күшіне еніп, мемлекеттің саяси-құқықтық дамуының жаңа қадамы жасалды. Атап айтқанда, Үкіметті жасақтау мәселелеріне қатысты Парламенттің рөлі артты, Үкіметтің ұлттық экономиканы басқарудағы дербестігі айтарлықтай ұлғайды, құқық қорғау және сот органдарының қызметі жетілдірілді, конституциялық бақылау жүйесі күшейтілді, сондай-ақ мемлекет тәуелсіздігінің, біртұтастығының, аумақтық тұтастығының мызғымастығына қатысты конституциялық кепілдіктер бекемделді. Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы конституциялық реформаның қисынды жалғасына айналды. Оның негізгі ережелері 12 сәуірде мерзімдік басылым беттерінде жарық көрген Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрініс тапты. Мұнда көтерілген бірегейлік, дәстүр, тіл, ұлттық тарих сияқты мәселелерді қамтыған кең ауқымды және мүдделі жалпыұлттық диалог осы бағдарламаның қоғамға дер кезінде ұсынылғанын әрі қажет екенін көрсетті. Оны іске асыру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Н.Ә.Назарбаев осы бағыттағы алғашқы нақты қадамдардың бірі ретінде латын қарпіндегі қазақ әліпбиін әзірлеуге бастамашы болды. Президент бұл реформаның өзге тілдердің дамуына залалын тигізбеуге және азаматтар құқықтарының бұзылуына жол бермеуге тиіс екеніне тоқтала келіп: «Латын қарпіне көшу туралы идея біз тәуелсіздік алған кезде туындаған болатын... Бұл – өте күрделі процесс. Оның мақсаты тілімізді одан әрі дамыту және әлемдік ақпараттық кеңістікке шығару үшін жағдай жасау болып табылады...», деп атап көрсетті. Жетекші қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми орта мен жұртшылық өкілдерінің қатысуымен өткен талқылау қорытындысы бойынша латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиінің жобасы Президенттің 27 қазандағы Жарлығына сәйкес бекітілді.
Сондай-ақ Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, оған бұл үдерісті 2025 жылға дейін ұйымдастыру міндеті жүктелді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Қазақстандағы 100 жаңа есім», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобаларын іске асыру басталды. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы қоғамда үлкен қызығушылық туғызды. 1,5 млн қазақстандық қатысқан онлайн-дауыс берудің нәтижесінде еліміздің барлық өңірлерінен тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен әртүрлі жастағы, түрлі ұлт өкілдері мен түрлі кәсіп иелерінің ішінен 102 жеңімпаз іріктеліп алынды. Н.Ә.Назарбаев 1 желтоқсанда жеңімпаздармен өткізген кездесуінде: «Адамдар сіздердің өнегелеріңізден шабыт алуы үшін әрқайсыңыз фильмге, кітапқа арқау болуға лайықтысыздар. Сіздер – бірегей тұлғасыздар. Тәуелсіздігіміз сіздерге таланттарыңызды шыңдап, болашаққа жол салуға мүмкіндік берді. Сіздер өскелең ұрпаққа үлгі боласыздар», деді. Сәуір айында Президенттің төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» атты ХХV сессиясы аясында қоғамымызды рухани-идеологиялық тұрғыдан жаңғырту тақырыбы одан әрі дами түсті. Мемлекеттің идеология саласындағы жаңа бағытына жан-жақты тоқталған Елбасы Ассамблеяның осы жұмысқа белсенді атсалысатынына сенім білдірді.
Бұл мәселелер 39 алыс және жақын шетелден келген 750 делегат пен қонақтың қатысуымен маусымда өткен Дүниежүзі қазақтары V құрылтайының күн тәртібіне де енген болатын. Жыл басында Алматы қаласында өткен 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада елдің қоғамдық өміріндегі есте қаларлық жарқын оқиғаға айналды. Н.Ә.Назарбаев алауды тұтату рәсімінде Универсиада тәуелсіздіктің бүкіл тарихындағы аса ірі спорт сайысы екенін және оның өткізілуі Қазақстанның ең ауқымды халықаралық іс-шараларды атқара алатынын тағы да дәлелдегенін атап өтті. 11 алтын медальды қоса алғанда, барлығы 36 медальмен жалпыкомандалық есепте екінші орынды иеленген ұлттық құрамамыз да өзінің лайықты үлесін қосты. Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің өткізілуі жылдың жалпыұлттық мәні бар басты оқиғасы болды. ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында алғаш рет ұйымдастырылып, «Болашақтың энергиясы» тақырыбына арналған көрмеге 150-ге жуық ел, халықаралық ұйымдар мен трансұлттық корпорациялар қатысты. Олар өздерінің «жасыл» энергетика саласындағы жаңа әзірлемелері мен технологияларын ұсынды. Көрме жұмыс істеген 3 ай ішінде оған 4 млн-ға жуық адам келді, соның 600 мыңнан астамы – әлемнің 187 елінен келген шетелдік туристер. Президент 10 қыркүйекте көрменің салтанатты жабылу рәсіміндегі қорытынды сөзінде ЭКСПО көрмесі өткізілуінің экономикалық, саяси және ғылыми-техникалық тұрғыдан оң әсері болғанын әрі жаһандық кеңістікте біздің елімізді және «Қазақстан» ұлттық брендін танытатын жаңа бір биік белеске айналғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы әлемде геосаяси шиеленістің күшейе түскенін ескере отырып, ұлттық қауіпсіздікті нығайту жөнінде дәйекті саясат жүргізді. Бұл ретте, Елбасының төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің 3 отырысы өткізіліп, терроризмге, киберқатерлерге, ақпараттық технологияларды заңсыз пайдалануға қарсы іс-қимыл, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларда әрекет ету мәселелері күн тәртібіне қойылды. Сондай-ақ Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдерімен кездесуі діни экстремизмнің алдын алу, жат діни ағымдарға қарсы іс-қимыл, халықтың діни сауатын арттыру мәселелеріне арналды.
Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, ішкі істер органдарының 25 жылдығына арналған салтанатты жиындарға қатысып, 1 шілдеден бастап әскери қызметшілердің лауазымдық жалақыларын 25%-ға арттыру жөнінде тапсырма берді. 7 мамырда Жоғарғы Бас қолбасшы Отан қорғаушы күні мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 25 жылдығына арналған әскери шеруге қатысты. Н.Ә.Назарбаев әскери қызметшілерді құттықтай отырып, бұл тәуелсіз еліміздің бүкіл тарихындағы ең ауқымды шеру екенін атап өтті. «Шеруге 5 мыңнан астам адам және 400 әскери техника қатысуда. Бұл айбынды армиямыздың даңқы асқақ және мақтан тұтуға тұрарлық екенін көрсетеді. Осы жылдарда мемлекет әскерилерге жан-жақты қолдау білдіріп келеді.
Алғашқы әскери құрылымдардан бастап қауіпсіздіктің тиімді жүйесін құруға дейінгі үлкен жолдан өттік. Мемлекет қалыптасуының күрделі кезеңінде Қазақстан армиясы өзінің алдына қойылған міндеттерді абыроймен атқара білді», деді Президент. Жыл соңында Н.Ә.Назарбаев Қорғаныс министрлігінің басшылығымен кездесті. Онда Мемлекет басшысы елдің қорғаныс қабілетін нығайту және әскерлердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға байланысты 2017 жылғы қызмет қорытындылары туралы министрліктің есебін тыңдап: «Біз биыл әскери құрылымның бағыты мен оны әрі қарай дамытудың стратегиясын, әскери доктринаны, Қарулы Күштерді дамытудың тұжырымдамасын бекіттік. Осы құжаттарды іске асыру нәтижесінде 2020 жылға қарай Қарулы Күштеріміздің жауынгерлік қуаты 1,5 есе өсуге тиіс. Арнаулы операциялар күшінің мүмкіндіктері 3 есе артатын болады», деп түйіндеді. Сыбайлас жемқорлықпен күрес және оның қоғамдағы көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру мәселесі де жыл бойы Мемлекет басшысының назарында болды. Осы кезеңде 3,5 мыңға жуық қылмыстық іс қозғалып, соның 1 мыңнан астамы сотқа жолданды. Келтірілген 15 млрд теңге залалдың 11 млрд теңгесі мемлекетке қайтарылды. 7 млрд-тан астам теңге көлеміндегі мүлікке тыйым салынды. Тәуелсіздік күні қарсаңында Мемлекет басшысы елорданы Астана қаласына көшірудің 20 жылдығын атап өтуге арналған мерейтой жылының басталғанын жариялады. Соның аясында 2018 жылдың аяғына дейін Қазақстанның барлық аумағында ұйымдастырушылық, ақпараттық-имидждік, мәдени-бұқаралық, спорттық, абаттандыру іс-шараларының тұтас бір кешенін өткізу көзделген. Атап айтқанда, тақырыпқа қатысты дөңгелек үстелдер, ғылыми конференциялар, көрмелер, фестивальдар, қазақстандық және әлемдік өнер жұлдыздары қатысатын концерттер, спорт жарыстары, Қазақстанның шетелдердегі мекемелерінде салтанатты қабылдаулар және елді мекендерді абаттандыру жөніндегі жұмыстарға байланысты көптеген шаралар өткізу жоспарлануда.
Н.Ә.Назарбаев 22 желтоқсанда отандық жетекші БАҚ өкілдерімен өткен кездесуде жылдың басты оқиғаларын қорытындылады. Өткен жылы қазақстандықтарды толғандырған көкейкесті мәселелер де Президенттің назарынан тыс қалмады. Мемлекет басшысы соларға жауап бере отырып, латын қарпіне көшудің орынды екенін, күздегі жанар-жағармай тапшылығының себептерін, азаматтардың зейнетақы қорының сақталуына кепілдік берілетінін, Қазақстан-Қырғызстан қарым-қатынастарының ахуалын, Универсиада мен ЭКСПО-ны өткізуге кеткен шығындардың ақталғанын және бұл нысандардың келешекте пайдалануға берілетінін, елордаға газ жүргізу мүмкіндіктерін және т.б. мәселелер жөнінде айтты. * * * Президент мемлекеттің саяси және экономикалық дамуын жетілдіру мақсатымен жаһандық экономиканың қарқынды трансформациясы аясында ұлттық экономиканы жаңғырту бағдарламасын ұсынды.
Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында: «Әлемде кезекті, Төртінші өнеркәсіптік революция басталды. Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер, әрі ұлтқа берілген мүмкіндік. Бүгін мен Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойып отырмын. Елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажет», деп мәлімдеді. Үшінші жаңғырудың негізгі бес басымдығы белгіленді. Олар: ұлттық экономиканы технологиялық жаңғырту; іскерлік ортаны жақсарту; макроэкономикалық тұрақтылық; адам капиталының сапасын арттыру; институционалдық өзгерістер, ұлттық қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлықпен күрес. Президент осыларды жүзеге асыру мақсатымен Үкіметке 2025 жылға дейін «Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы» стратегиялық даму жоспарын әзірлеуді тапсырып, бірқатар жұмыс кеңестерін өткізді.
Мемлекет басшысының төрағалығымен ақпан айында Үшінші жаңғыру аясындағы Жолдаудың негізгі мақсаттары мен міндеттеріне арналған Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Елбасы экономикамыздың одан әрі дамуы үшін әлеуетіміз бар екенін айтып, ІЖӨ-нің 5% деңгейіндегі тұрақты өсімін қамтамасыз етудің қажеттігін атап өтті. Президент Үкімет пен әкімдер тарапынан шешілуге тиіс басты мәселелердің қатарында бизнес саласындағы заңнаманы ізгілендіруді; мемлекеттік кәсіпорындардың үлесін төмендетуді, мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамытуды; мемлекеттік сатып алу саласында импортты алмастыруға және отандық өндірістің дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жағдайлар жасауды; ел экономикасында аграрлық сектордың әлеуетін ұтымды пайдалануды; денсаулық сақтау саласында көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды; 12 жылдық білім беруге, үш тілде оқытуға және ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесіне көшуді; мемлекеттік бюджетті тиімді пайдалануды атап өтті.
Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен ақпанда өткен кеңесте экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыру мәселелері талқыланды. Цифрлы технологияларды қолдана отырып, жаңа индустрияны дамыту және базалық салаларды технологиялық тұрғыдан қайта жабдықтау кешенін әзірлеу жөніндегі шаралар мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып белгіленді. Мемлекет басшысы 22 ақпанда Алматы қаласында өткен Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты сессияда елдің ғылыми әлеуетін Үшінші жаңғырудың міндеттерін шешу үшін кеңінен пайдалану қажеттігін айтты.
Қыркүйектегі Цифрландыру мәселелері бойынша республикалық кеңестің барысында Президентке «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы ұсынылған болатын. Елбасының ескертпелері ескерілген соң бағдарлама желтоқсанда қабылданды. ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі дамудың жоғары стандарттарын ұсына отырып, ұлттық экономиканы озық ғылыми әзірлемелер мен технологиялардың базасында жаңғыртуға тың серпін берді. Бұдан басқа, көрмені өткізу кезінде шетелдік инвесторлармен мұнай химиясы, фармацевтика, энергетика салаларында бірқатар ірі келісімшарттар жасалды. Көрме экономиканың көптеген секторына мультипликативтік тұрғыдан оң әсер еткенін айта кеткен жөн. Көрме нысандарын салу және оның кейінгі жұмыстарды атқару барысында елдің барлық өңірлеріндегі шағын және орта бизнестің 1,5 мыңнан астам кәсіпорындары 640 млрд теңгеден астам қаржы көлеміндегі тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге тапсырыстар алды. Көрме кешенін салуға еліміздің 196 компаниясының 200 мыңға жуық жұмысшысы тартылды. Тек қана көрме жұмысын қамтамасыз ету үшін 21 мыңнан астам адам қызмет етті. Туристік сектор жанданды.
Туроператорлардың қызметіне сұраныс екі есе артты. Астанадағы қонақүйлердің саны 30%-ға артып, оларға қонақтардың орналасу көрсеткіші 60%-ға дейін өсті.
Нәтижесінде жергілікті бюджетке қонақүй-мейрамхана бизнесі субъектілерінен түсетін қаржы 2,5 есе артты. Темір жол, автомобиль және әуе көліктерімен жолаушылар тасымалдау ісі жанданды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен көрме жұмысы аяқталған соң оның аумағында «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру жұмыстары басталды. АХҚО өңірлік қаржы хабына айналуға тиіс. Оның қызметінің негізгі бағыттары – ұлттық бағалы қағаздар нарығын қалыптастыру, оны халықаралық қор нарықтарымен интеграциялау, инвестиция тартудың биржалық тетіктерін дамыту, заңды және жеке тұлғалардың активтерін басқару, кең ауқымды қаржы құралдарын ұсыну. Осы мақсатпен АХҚО алаңында қор биржасы ұйымдастырылды. Ол 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап сауда-саттық ісіне кірісті. І тоқсанда мемлекеттік бағалы қағаздар мен ұлттық компаниялардың акцияларын (IPO) шығару және оларды биржада орналастыру жоспарлануда.
АХҚО биржасы «Самұрық-Қазына» қорының компанияларына жекешелендіруді жүргізетін және «Бәсекеге қабілетті көшбасшылар – Ұлттық чемпиондар» бағдарламасына қатысушылардың бағалы қағаздарын орналастыратын негізгі орын болады деп жоспарланып отыр. АХҚО ағылшын құқығының қағидаттарына және жетекші қаржы орталықтарының стандарттарына негізделген ерекше құқықтық режімде жұмыс істейтін болады. Президент 7 желтоқсанда олардың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ететін Тәуелсіз қаржылық сот пен Халықаралық арбитраждық орталық судьяларынан ант қабылдады. Қазіргі кезде Қытайдың Даму банкі, Шанхай қор биржасы, Жібек жолы қоры, Сауд Арабиясының, Біріккен Араб Әмірліктері мен Таяу Шығыстың бірқатар елдерінің ислам банктері және басқалар осы Орталық аумағында өз өкілдіктерін ашу туралы келіссөздер жүргізуде. Бүкіл посткеңестік кеңістіктегі осындай жалғыз құрылым саналатын «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметі Н.Ә.Назарбаевтың 2015 жылы қабылдаған саяси шешімнің арқасында жүзеге асып отыр. Осыған сәйкес еліміздің Конституциясына қажетті өзгерістер енгізілді, Конституциялық заң қабылданды, ағылшын құқығының қағидаттарымен АХҚО сотының тәуелсіз болуына жағдай жасалды, сондай-ақ ағылшын тілі Орталық қызметінің жұмыс тілі болып белгіленді. X Астана экономикалық форумы мен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің ХХХ отырысы еліміздің инновациялық-технологиялық тұрғыдан әрі қарай дамуының мәселелеріне арналды. Мемлекет басшысы Қазақстан өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін, әсіресе еліміздің бірқатар өнеркәсіп кәсіпорындарында болған еңбек даулары жағдайына орай ұдайы бақылауда ұстады. Осы және басқа да мәселелер Президенттің өңірлерге жасаған жұмыс сапарлары барысында облыс активтерімен, еңбек ұжымдарымен, жұртшылық өкілдерімен өткізген кездесулерінде басты назарда болды.
Сондай-ақ Н.Ә.Назарбаев өңірлерді дамыту және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру мәселелерін Парламент, Үкімет, Президент Әкімшілігі басшыларының, облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің, орталық мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен Ақмола облысының Бурабай кентінде тамыз айында өткен республикалық кеңесте қарады. Президент экономика дамуының маңызды мәселелерін талқылау мақсатымен Премьер-Министрді, Үкімет мүшелерін, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдерін жыл ішінде бірнеше мәрте қабылдады. Ұлттық банктің, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, ұлттық компаниялардың есептерін тыңдады.
* * *
Қазақстан 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өз міндеттеріне кірісіп, оның жұмысына бірден белсене араласа бастады. Республикамыздың осы қызметтегі негізгі басымдықтары Қазақстан Президентінің 11 қаңтардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне арнаған Саяси үндеуінде тұжырымдалған болатын. Онда әлемнің ядролық қарудан азат болуына қол жеткізу; жаһандық соғыс қатерін жою және жергілікті қақтығыстарды реттеу; өңірлік қауіпсіздікті және ынтымақтастықты нығайту барысында Орталық Азияның мүдделерін ілгерілету; терроризмге қарсы іс-қимыл; Африкадағы бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелері; қауіпсіздік пен тұрақты даму арасындағы ажырамас байланысты қамтамасыз ету; Қауіпсіздік Кеңесі мен БҰҰ-ның барлық жүйесін ХХІ ғасырдың қауіп-қатерлері мен сын-тегеуріндеріне бейімдеу сияқты мәселелер қамтылды. Қазақстан Сирия қақтығысын реттеуші басты диалог алаңы ретінде танылған соң, бірінші кезекте бітімгершілік қызметке баса назар аударды. Сирия Үкіметі мен қарулы оппозицияның өкілдері ресми деңгейде алғаш рет кездесіп, өткізген сирияаралық келіссөздер Қазақстанның шиеленісті мәселелерді шешу барысында беделді медиатор ретіндегі абыройын арттыра түсті. Сондай-ақ Қазақстан жаһандық антиядролық қозғалыс лидерлерінің бірі ретінде КХДР-дың саясатына қатысты принципті көзқарас ұстанып, оның ядролық қаруды сынақтан өткізуін қатаң айыптады.
Бұл ретте біздің еліміз Үлбі металлургия зауытының базасында Төмен байытылған уран банкін 29 тамызда салтанатты түрде ашып, ядролық қаруды таратпау идеясына берік екендігін іс жүзінде көрсетті. Қазақстан мен МАГАТЭ арасындағы тиісті келісімге 2015 жылы қол қойылғаны белгілі. Бұл мемлекетіміздің ядролық қаруды таратпау режімін нығайтуға және ядролық отынды қауіпсіз жеткізудің бірегей тетіктерін құруға қосқан үлесі болды. Сондай-ақ Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін одан әрі нығайта түсуге алыс және жақын шет мемлекеттермен табысты екіжақты байланыстар да ықпал етті. Қазақстанның ТМД елдерімен қарым-қатынасы тату көршілік және сенім аясында дамыды. Н.Ә.Назарбаев Ресеймен дәстүрлі достық және өзара тиімді байланыстарды негізге ала отырып, жыл ішінде екіжақты және көпжақты форматтағы түрлі халықаралық іс-шаралар аясында Президент В.В.Путинмен 8 рет кездесті.
Өткен келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастық мәселесімен қатар, сирияаралық диалогты ұйымдастыру мәселелеріне де ерекше мән берілді. Қазақстан Президентінің қараша айындағы Беларусь Республикасына ресми сапары сауда, өзара инвестициялар, ақпараттық технологиялар алмасу, ғылыми-техникалық және мәдени ықпалдастық саласындағы бірқатар мемлекетаралық және үкіметаралық келісімдерге қол қоюмен аяқталғанын да атап өту қажет. Орталық Азия мемлекеттерімен қарым-қатынас ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көтерілді. 2017 жылы Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан арасындағы үш елдің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесінің ауданы туралы үшжақты шартты, сондай-ақ Қазақстан-Түрікменстан және Қазақстан-Қырғызстан шекараларын демаркациялау туралы екіжақты келісімдерді қоса алғанда, мемлекетаралық деңгейде бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.
Жыл ішінде Өзбекстанмен ынтымақтастықты жандандыру мақсатында Н.Ә.Назарбаевтың Ш.М.Мирзиёевпен 5 кездесуі өтті. Қазақстан көшбасшысының осы елге қыркүйек айындағы мемлекеттік сапары табысты болды, соның барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, транзиттік-көліктік, әскери-өнеркәсіптік және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық туралы екіжақты 9 келісімге қол қойылды. Сондай-ақ су-энергетика саласының проблемаларына және Аралды құтқару халықаралық қорының қызметіне баса назар аударылды. Түрікменстанмен өзара ықпалдастық та қарқынды дамыды.
Президент Г.М.Бердімұхамедовтің Қазақстанға сәуір айындағы мемлекеттік сапарының және Н.Ә.Назарбаевтың Түрікменстанға қыркүйектегі жұмыс сапарының қорытындысы бойынша бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, өзара тауар айналымын арттыру, «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» темір жолының транзиттік-көліктік әлеуетін пайдалануды кеңейту туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді. 2017 жылы Қырғызстанмен арадағы қарым-қатынас біршама шиеленіскеніне қарамастан, Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы жағдайды қоса алғанда, барлық проблемалық мәселелер Қазақстан басшысының салиқалы ұстанымының арқасында, оның Қырғыз Республикасының жаңа Президенті С.Ш.Жээнбековпен 30 қарашада Минск қаласында ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясының аясында және оның 25 желтоқсанда Қазақстанға жасаған ресми сапары барысындағы кездесулер қорытындылары бойынша ретке келтірілді. Каспий маңы мемлекеттерімен ынтымақтастық саласында да айтарлықтай серпіліс жасалды. Желтоқсанның басында Мәскеу қаласында өткен Каспий маңы мемлекеттерінің Сыртқы істер министрлері VII кеңесінің қорытындысы бойынша Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның бесжақты жобасы келісілді. Оған 2018 жылы Астана қаласында өткізу көзделген Каспий маңы мемлекеттері V саммитінің барысында мемлекет басшылары деңгейінде қол қойылады деп жоспарланып отыр. Бұл негіз салушы құжат Каспий өңірінде тұрақтылық пен қауіпсіздіктің берік іргетасын қалауға және оның экономикалық әлеуетін толық деңгейде пайдалануға жағдай жасайды.
Сондай-ақ Қытай, Қазақстан, Каспий теңізі акваториясы, Әзербайжан, Грузия, Түркия және Еуропалық Одақ арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік маршрутының бөлігі болып табылатын «Баку-Тбилиси-Карс» темір жол қатынасының қазан айының соңында іске қосылуына байланысты Қазақстан мен бүкіл Каспий маңы өңіріне жаңа мүмкіндіктер ашылады. Бұл Н.Ә.Назарбаевтың сәуір айының басында Әзербайжанға барған ресми сапары барысында Әзербайжан Президенті И.Г.Әлиевпен жүргізген келіссөздерінің күн тәртібіне енген негізгі мәселелердің бірі болды. Қазақстанның Азия бағытындағы қарым-қатынастары да серпінді дамыды. Қытай Халық Республикасымен өзара қарым-қатынас қазақстандық сыртқы саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып қала берді.
Қытаймен орнатылған дипломатиялық қарым-қатынастың мерейтойлы 25 жылдығындағы екіжақты ынтымақтастықтың басымдықтары көбіне екі мемлекеттің стратегиялық бағдарламалары – Қазақстанның «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» атты бастамасының тоғысу міндеті арқылы айқындалды. Мамыр айында Бейжің қаласында өткен «Бір белдеу, бір жол» атты халықаралық ынтымақтастық форумында Қазақстан Президенті осыған байланысты туындайтын перспективалар туралы айта келіп: «Бір белдеу, бір жол» жаңа геоэкономикалық парадигманы қалыптастыруға мүмкіндік береді, оны табысты іске асыру халқының жалпы саны 4,4 млрд адамды құрайтын елдерге пайда әкеледі.
Осындай жағдайда Орталық Азия әлемнің ірі нарықтарының арасындағы негізгі көпір бола отырып, тағы да стратегиялық маңызға ие болады», деп мәлімдеді. Түркия Президенті Р.Ердоғанның қыркүйек айында Қазақстанға жасаған ресми сапары осы елмен ынтымақтастыққа қосымша серпін берді, соның қорытындылары бойынша сауда-экономикалық, инвестициялық, құрылыс, транзиттік-көліктік саладағы байланыстарды тереңдетуге бағытталған бірқатар келісімдерге қол қойылды. Н.Ә.Назарбаев 2017 жылы Біріккен Араб Әмірліктеріне үш рет барды. Аталған сапарлар барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейте түсуге, сондай-ақ ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің және «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметтеріне қатысты мәселелер бойынша өзара іс-қимыл жөніндегі маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Осы орайда, Қазақстан Президенті қаңтарда Әбу-Даби қаласында өткен «Болашақтың энергиясы» атты Х Дүниежүзілік саммиттің жұмысына қатысып, Дубай қаласындағы Халықаралық қаржы орталығын аралап көрді. Қараша айында Қазақстан көшбасшысы елімізге ресми сапармен келген Иордания Королі ІІ Абдалламен кездесті. Сирия, Ирак және Катардағы дағдарыс ахуалын тұрақтандыруға бағытталған бірлескен бітімгершілік күш-жігерді жұмылдыруға қатысты проблемалар мен перспективалар талқылаудың негізгі тақырыбы болды. Қазақстанның еуроатлантикалық бағыттағы байланыстары жоғары деңгейде сақталды. Америка Құрама Штаттарымен стратегиялық серіктестікті нығайту үшін Н.Ә.Назарбаевтың Эр-Рияд қаласындағы «АҚШ – Ислам әлемі» саммиті аясында Президент Д.Трамппен және Мемлекеттік хатшы Р.Тиллерсонмен жүргізген келіссөздерінің маңызы зор болды. Қыркүйек айында Америка жағының бастамасы бойынша Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Д.Трамппен телефон арқылы сөйлесуі барысында нәтижелі диалог жалғасын тапты. Соның қорытындысы бойынша Америка көшбасшысы Қазақстан көшбасшысын АҚШ-қа ресми сапармен келуге шақырды.
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін тамашалау үшін Қазақстанға келген Германия Президенті Ф.-В.Штайнмайермен, Польша Президенті А.Дудамен, Финляндия Президенті С.Ниинистёмен, Чехия Президенті М.Земанмен, Швейцария Президенті Д.Лойтхардпен, Сербия Президенті А.Вучичпен, Испания Королі VI Фелипемен, Монако Князі ІІ Альбермен өткен Мемлекет басшысының кездесулері Еуропалық Одақ мемлекеттерімен байланыстарды қарыштап дамыту жолында маңызды рөл атқарды. Еуропалық әріптестермен келіссөздер барысында саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту жөнінде уағдаластықтарға қол жеткізілді. Жалпы алғанда, Н.Ә.Назарбаев 2017 жылы екіжақты қатынастар бойынша шетелдерге 8 сапар жасады, оның ішінде 1 мемлекеттік, 3 ресми және 4 жұмыс сапары болды.
Атап айтқанда, Президент мемлекеттік сапармен Өзбекстанға (16 қыркүйек), ресми сапарлармен – Біріккен Араб Әмірліктеріне (15 қаңтар), Әзербайжанға (3 сәуір), Беларусь Республикасына (29 қараша) және жұмыс сапарларымен – Біріккен Араб Әмірліктеріне (27-28 наурыз, 24 қазан), Түрікменстанға (17 қыркүйек), Ресейге (27 желтоқсан) барды. Мемлекет басшысының мемлекетаралық бірлестіктер мен халықаралық форумдар аясындағы байланыстары Қазақстанның сыртқы саясат аренасындағы беделін арттыруға қомақты үлес қосты. Жыл ішінде Қазақстан Президенті еуразиялық интеграция бағыты бойынша ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің екі отырысына, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің екі отырысына және ҰҚШҰ-ның екі саммитіне қатысты. Қазақстанның астанасында маусым айында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысы өзінің маңыздылығы тұрғысынан тарихи мәнге ие болды, онда Үндістан мен Пәкістан ШЫҰ-ға жаңа мүше ел ретінде қабылданды. Н.Ә.Назарбаев қыркүйек айында Астанада өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі І саммитінде ғылыми-технологиялық артта қалушылықты еңсеру үшін мұсылман мемлекеттерінің күш-жігерін біріктіруге шақырды. Бұл Елбасының пікірінше, қазіргі кезеңде ислам уммасы үшін негізгі қауіп-қатерлердің бірі болып саналады.
Жалпы, 2017 жылы Қазақстан Президенті көпжақты ынтымақтастық аясында 11 мемлекетаралық саммитке: Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына (Бішкек қ., 14 сәуір), ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне (Бішкек қ., 14 сәуір), «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастық форумына (Бейжің қ., 15 мамыр), «АҚШ – Ислам әлемі» саммитіне (Эр-Рияд қ., 21 мамыр), ШЫҰ Мемлекет басшылары кеңесінің отырысына (Астана қ., 9 маусым), ИЫҰ-ның ғылым және технологиялар жөніндегі І саммитіне (Астана қ., 10 қыркүйек), ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің отырысына (Сочи қ., 11 қазан), Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына (Сочи қ., 11 қазан), Қазақстан және Ресей өңіраралық ынтымақтастығының XІV форумына (Челябі қ., 9 қараша), ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына (Минск қ., 30 қараша), ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне (Мәскеу қ., 26 желтоқсан), сондай-ақ 3 халықаралық форумға: «Болашақтың энергиясы» атты Х Дүниежүзілік саммитке (Әбу-Даби қ., 16 қаңтар), Х Астана экономикалық форумына (Астана қ., 16 маусым) және Астана клубының ІІІ отырысына (Астана қ., 13 қараша) қатысты. Бұдан бөлек, Н.Ә.Назарбаев жыл ішінде БҰҰ Бас хатшысы А.Гутерришпен, ИЫҰ Бас хатшысы Юсеф бен Ахмад әл-Осейминмен, ҰҚШҰ Бас хатшысы Ю.Г.Хачатуровпен; Иран Президенті Х.Руханимен, Пәкістан Президенті М.Хусейнмен, Венесуэла Президенті Н.Мадуромен, Грузия Президенті Г.Т.Маргвелашвилимен, Ауғанстан Президенті М.Ғанимен, Йемен Президенті А.Салехпен, Гвинея Президенті А.Кондемен, Мавритания Президенті Мұхаммед ульд Әбдел-Әзизбен, Джибути Президенті И.О.Геллемен; Бахрейн Королі Хамад бен Иса әл-Халифамен; Катар әмірі шейх Тамим бен Хамад әл-Танимен, Кувейт әмірі Сабах әл-Ахмад әл-Джабер ас-Сабахпен; Ресей Үкіметінің Төрағасы Д.А.Медведевпен; ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен; Үндістан Премьер-министрі Н.Модимен, Испания Премьер-министрі М.Рахоймен, Пәкістан Премьер-министрі Н.Шарифпен, Гвинея-Бисау Премьер-министрі У.Эмбаламен және басқа да тұлғалармен елімізде, сондай-ақ түрлі халықаралық басқосуларда кездесті. Сонымен қатар Н.Ә.Назарбаев Ауғанстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Сербия, АҚШ, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Украина президенттерімен, Пәкістан Премьер-министрімен телефон арқылы сөйлесті. Президентке 18 шет мемлекеттің – Ауғанстанның, Бельгияның, Грузияның, Индонезияның, Канаданың, Малайзияның, Марокконың, Моңғолияның, Біріккен Араб Әмірліктерінің, Польшаның, Румынияның, Сауд Арабиясының, Сербияның, Финляндияның, Францияның, Эстонияның, Оңтүстік Африка Республикасының және Оңтүстік Кореяның елшілері Сенім грамоталарын тапсырды.
Махмұт ҚАСЫМБЕКОВ,
Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы
Egemen.kz
Egemen.kz