2017 жылғы Қазақстан Президентінің шет елдерге жасаған сапарлары Қазақ «түп атамыз ықылымдағы ер түріктен бастау алады» дейді. Сол ер түріктің көсемі Білге қағанның «Түркі халқы үшін түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым, қара терімді төктім, қызыл қанымды жүгірттім» дейтіні бар. Бұл осыдан 14 ғасыр бұрынғы сөз. Бірақ құнын жойған жоқ. Тәуелсіз Қазақстанның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та азат елдің «Жалаңаш халқын тонды, аз халқын көп қылу» үшін жар құлағы жастыққа тимей, «арыстанның аузына, түрікпеннің түбіне» сапар шегіп жүр. Baq.kz ақпарат агенттігі мемлекет басшысының 2017 жылы шет елдерге жасаған сапарларын санап көрді.Елбасы өткен 2016 жылдың соңын да сапармен аяқтады. Нақтырақ айтсақ 26 желтоқсанда Ресейде өткен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысты.ҚаңтарЕлбасы 15-16 қаңтарда БАӘ-не сапар жасады. Онда Нұрсұлтан Назарбаев пен Абу-Дабидің тақ мұрагері, БАӘ Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екі елдің ынтымақтастығы мәселелерін қарастырды. Осы жолы екі жақ 8 түрлі құжатқа қол қойды.НаурызБұл жолы да Елбасы сапары БАӘ-не бағытталды. 27-28 наурыз күні Дубайда Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Вице-Президенті, Премьер-Министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі, шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактуммен кездесті. Кездесу кезінде сауда-экономика, қаржы және инвестиция салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды. Елбасы осы сапарды Вице-президентті Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмені тамашалауға шақырды.Сәуір3 сәуір күні Елбасы Әзербайжанға сапар жасады. Гайдар Әлиевтің ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталған сапар, ел президенті Илхам Әлиевпен кездесуге ұласты. Кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың даму ахуалы мен перспективалары, сондай-ақ күн тәртібіндегі халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер талқыланды."Бұл кездесу елдеріміздің өзара іс-қимылын одан әрі тығыз дамытуға мүмкіндік туғызатын жаңа форматтағы қарым-қатынасымызға тың серпін беруге тиіс" – деді Мемлекет басшысы.Елбасы 14 сәуірде Бішкекте өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстарына қатысты.Кеңейтілген құраммен өткен отырыста ЕАЭО елдерінің 2017-2018 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағдары бекітілді. Құжатта макроэкономикалық ахуалды жақсарту, корпоративтік секторды инвестиция көлемін арттыруға ынталандыру, шикізаттық емес экспортты ілгерілету бағытындағы елеулі шаралар көзделген.Мамыр13-14 мамыр күндері Елбасы «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастық форумына қатысу үшін Қытай халық республикасына барды. Осы сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті В.Путинмен, Түрік Республикасының Президенті Р.Ердоғанмен, Беларусь Президенті А.Лукашенкомен, Өзбекстан Президенті Ш.Мирзиеевпен, БҰҰ Бас хатшысы А.Гутерришпен және бірнеше елдің премьер-министрлерімен кездесті.20-21 мамыр күндері Елбасы БАӘ-не биылғы жылдағы үшінші сапарын жасады. Бұл жолы Нұрсұлтан Назарбаев «АҚШ – Ислам әлемі» саммитіне қатысу үшін Эр-Рияд қаласына барды.Сапар барысында мемлекет басшысы АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонмен кездесті. Кездесу кезінде Қазақстан Президенті мен АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен оның кейбір аспектілерін дамыту перспективаларын талқылады.Қыркүйек16 қыркүйек Мемлекет басшысы Өзбекстанға ресми сапармен барды. Өзбек елін 25 жыл табан аудармай басқарған Ислам Кәримовтың басына гүл шоқтарын қойған Нұрсұлтан Назарбаев көрші елдің бүгінгі президенті Шавхат Мирзаеевпен келіссөздер жасады. Келіссөз барысында сауда-экономикалық, инвестиция, ауыл шаруашылығы, көлік-транзит, әскери-өнеркәсіп және мәдени-гуманитарлық салаларындағы екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.Өзбекстан басшысы өз кезегінде Қазақстанның «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін және Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитін жоғары деңгейде өткізуі Нұрсұлтан Назарбаевтың биік беделінің арқасында жүзеге асырылғанын айтты.17 қыркүйек Елбасы сапары Түркіменстанда жалғасты. Ашхабаттағы кездесу барысында Түрікменстан Президенті жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық ғимаратта өтетін V Азия ойындарының ашылу рәсіміне қатысуға шақыруын қабыл алып, қонақжай түрікмен жеріне келгені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірді.Қазан11 қазан күні Қазақстан Президенті ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шағын құрамда өтетін отырысына қатысу үшін Сочиға барды.10-ға жуық мемлекеттің басшылары қатысқан алқалы жиында Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттер арасында тиімді сауда айналымын жетілдіру үшін бірқатар ұсыныстар жасады."ТМД аумағында қызмет көрсетудің еркін саудасы бизнесмендеріміз үшін зор мүмкіндіктер туғызып, елдеріміздің сауда-экономикалық кооперациясын жаңа деңгейге шығарады. Үкіметтер басшыларының кеңесі мен Атқару комитетіне Қызмет көрсетудің еркін саудасы туралы келісімнің жобасы бойынша жұмысты жандандырып, оны жуық арада қабылдау жөнінде тапсырма беруді ұсынамын" – деді Мемлекет басшысы.Осы отырыстың келесі күні, яғни 12 қазанда Елбасы Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті.«Биыл елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толып отыр. Осы жылы өзара сауда-саттық көлемі үш есе өсті» - деген Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Ресейдің ең сенімді серігі екенін айтты.Кездесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін және оны одан әрі дамыту перспективасын талқылады.24 қазанда Елбасы тағы да БАӘ-не сапармен барды. Жоғарыда жазғанымыздай жыл басын осы елге сапармен бастаған Нұрсұлтан Назарбаев Абу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездескен болатын. Қазан сапарында да мемлекет басшысы тақ мұрагерімен жолықты.Кездесуде Мемлекет басшысы Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы қарым-қатынас өзара сенімге негізделгенін атап өтіп, оны әрі қарай табысты дамытудың маңыздылығына назар аударды."Біз көп нәрсені сіздерден үйреніп келеміз. Сіздің реформаларыңыз уақыт талабына сай жүргізілуде. Қазақстан Сіздің көреген саясатыңыздың арқасында тұрақты дамып келеді" – деді шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян.ҚарашаНұрсұлтан Назарбаевтың ең көп сапар жасайтын елдерінің қатарында Ресей федерациясы да бар. 9 қараша күні Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресейдің ХІV өңіраралық ынтымақтастығы форумына қатысу үшін Челябинск қаласына барды.Осы айдың соңында Елбасы Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен кездесті. 29-30 қараша күндері өткен кездесуде бірқатар құжаттарға қол қойылды.Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Қазақстан мен Беларусь арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастығының даму қарқынына оң баға берді."Қазақстанда Беларусь Республикасының 260 кәсіпорны, бірлескен ірі 6 автомобиль құрастыру зауыты жұмыс істейді. Еліміздегі дүкендер сөрелерінде Беларусьтің ауыл шаруашылығы өнімдері сатылуда" – деді Мемлекет басшысы.ЖелтоқсанТура бір жыл өткенде 26 желтоқсан күні Нұрсұлтан Назарбаев Ресейге ресми сапармен барған болатын. Онда Елбасы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысқан болатын. Ал бұл жолғы сапарда мемлекет басшысы ТМД елдері басшыларының бейресми саммитіне қатысты. Жиында Ресейдің 2017 жылы ТМД-ны басқаруы қорытындыланды."Бізде келіссөз арқылы шеше алмаған мәселе жоқ. Бәрімізге егемендік пен өзара құрмет қағидаттарын негізге алып, әрі қарай жұмыс істеу қажет" – деді Қазақстан Президенті.Осы жиын кезінде Нұрсұлтан Назарбаев Ресей федерациясының басшысы Владимир Путинмен жолықты.Кездесу барысында мемлекеттер басшылары энергетика, ғарышты игеру және цифрлық экономика саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады."Біз барлық мәселелер бойынша, соның ішінде Каспий теңізі, «Байқоңыр» ғарыш айлағы жөнінде келіссөз жүргіздік. Ғарышты игеру саласында экологиялық тұрғыдан таза жанармаймен жұмыс істейтін зымыран тасушылардың жаңа түрін жасау жоспарланып отыр" – деді Нұрсұлтан Назарбаев.Ел жүгін арқалау, ел сенімін ақтау кімге болсын оңай емес. Ал ол адам бір елдің, бір мемлекеттің жауапкершілігін мойнына алған жан болса, тіпті қиын болары сөзсіз. Ендеше ел үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген Елбасыға әрқашан сапарыңыз сәтті болсын дейміз.Фотолар Ақорда сайтынан алындыЕржан Жаубай Жаңалықтар 03 қаңтар 2018 ж. 1 357 0